Home » Жаңалықтар » Тәуелсіздік — тәтті ұғым таңдайдағы

Тәуелсіздік — тәтті ұғым таңдайдағы

Тәуелсіздік мерекесі дегенде жүрегі селт етпейтін қазақ, сірә, жоқ шығар. Жер-жерде тойланып,ақ түйенің қарыны жарылып жатқаны баршамызға аян. Айтулы мереке аудан орталығындағы «Айшуақ» бөбекжай балабақшасының бүлдіршіндерін де бей-жай қалдырмады. Желтоқсан айынының 13-жұлдызынан бастап аталмыш тәрбие ошағындағы тәрбиеленуші бүлдіршіндер осынау қазақ үшін баға жетпес байлыққа саналатын   тәуелсіздіктің мәнін терең ұғынғандарын білдірді. Сонау тәуелсіздік жолдарын 86-ның ызғарлы күндерінен бастап ой салатын толғаулармен өрнектеген балғындар желтоқсан батырларының азаттық үшін күрескен сәттерін көрініс арқылы көпшілік назарына ұсынып, біраз жанның жүрек түкпіріндегі қылын қозғап, көздеріне жас ұялатты. Мерекелік шараны желтоқсан құрбандарын еске алумен бастаған бүлдіршіндер қазақтың бұдан арғы тәуелсіздік жылдарындағы жүріп өткен жолдарын баяндап,ән мен биден шашу шашты.

Осынау айтулы мерекемен барша қазақты құттықтай отырып, Ұлы Бостандықтың бұл қазаққа оңай келмегенін көңіліне түйген балғындардың жан тебіренісін өлең жолдарымен өрнектеген жырымды ұсынып отырмын.

Желтоқсанның ызғары әлі көңілде,

Өшпек емес көңілден де өмірден.

Қанға бояп ұлы тарих парағын,

Сұм саясат дақ салды пәк көңілге.

Бостандықтың таңы атты деп шашып арай,

Ән салып, би билеуге көңіл соқпай,

Қайғы мен мұң, шер басад жүрегімді.

Өрімдей қызды ойласам Сәбирадай.

Құттықтауға, шаттануға асықпадым,

Егемендік таңын тағы жасытпадым.

Уландырған көңілді қыршын батыр,

Ербол, Ләззат, Қайраттай асылдарым.

Алматының алаңын көп араладым,

Іздеріңді жүріп өткен таба алмадым.

Азап шеккен күндеріңді елестетіп,

Жанайқайың естілгендей алаңдадым.

Келмедіңдер еліме сәлем етем деп,

Жұмақтың төрін жүрсіңдер ме мекендеп,

Алшаң да алшаң алаңның жерін басамын,

Табандарыңның ізі қалды ма екен деп.

Бостандықтың жарық таңы тағы атты,

Сендерді іздеп, таба алмай жаным тағатты.

Өзің сыйлаған тәуелсіздіктің рауанын,

Сезінбей кеткен, сендерсің асыл бекзатым!

Басымды идім, тағзым еттім мың рет,

Нала мен шерге толды ғой мына көкірек.

Сен басқан мұзды, қаһарлы суық сол бір жер,

Гүлстан болды, жұпары жетсін сендерге.

Бостандығым зат емес сыйға келген,

Құны өлшеусіз алтын, гаухар – пұлға бермен.

Хақ тағалам, бір өзің жар бола гөр!

Қазағымның бағы аманат өзің берген!

Рахат Нысанбайқызы,
«Айшуақ» бөбекжай балабақшасының саз маманы,
ОҚО Созақ ауданы Шолаққорған ауылы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.