Home » Айтарым бар » Алматы қаласында басылған алғашқы қазақ газеттері

Алматы қаласында басылған алғашқы қазақ газеттері

Бүгінгі Алматы қаласының тарихы тереңде. XX ғасырдың басында Алматы қаласы — Верный (1921 жылға дейін) атанып, Жетісу облысының орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ол кезде Жетісу облысы аумағына: қазіргі Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысының біраз жерлері және туысқан Қырғызстан республикасының территориясы қарайтын. Қазақ баспасөзінің пайда болуы және қалыптасуы уақыт жағынан алғанда Ресей империясының қазақ жерлерін отарлауды аяқтау кезеңіне сәйкес келеді. Баспасөз – халықтың қоғамдық — әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени — әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге әсер ететін бірден – бір құрал. Патшаның жергілікті әкімшілік органдары отар аймақты билеу үшін ұлт тілінде газеттер шығарып, сол арқылы өкіметтің бұйрық-жарлықтарын жергілікті ұлттың өз тілінде таратуды көздеді.

Ескі үкімет тұсында Жетісуда жалғыз-ақ бір газет шығарарлықтай орысша бір аз ғана харыф бар еді. Мұсылманша азғантай харф болса да ол да ескі болсытарға берілген бұйрықтың жарты жағын ғана басуға жараушы еді.

1909 жылы Алматыда орысша «Жетісу» атты бір газет шықпақ болып, оның бір жағын мұсылманша қылуға ойланып мұсылмандардан ол мәжіліске Барлыбек Сырттанов, Сабыржан Шәкіржан, Ахмет Карм Зейноллиндерді шақырып ығын-шығынын көтеріп мұсылманша әріп алдыртпақшы болғанда үкімет рұқсат бермеген. Жандарал Палиауым мұсылман оқығандарының көңілін ауламақшы болып орысша үкімет газетінің (Семир. ведомость) бір бетін (туз. отдел) мұсылманша басуға рұқсат қылған. Бұлай болғанмен бір жақтан әріп жетімсіз, екінші жағынан мұсылман сөзіне жандаралдың өзі цензура қылып тұрғандықтан ол бетке ешкім жазбайтын болды, сөйтіп ол ұзақ болмай (туз. отдел) де жабылған еді .

Алаш баспаханасы. 1917 жылғы бостандық, еріксіз келгендей баспасөзде ойланды. Облыстық Алаш комитеті бір баспахана сатып алып, мұнда Татар құрылтайы мен бірігіп бір газета, бір журнал шығару ниетінде болып Қазандағы «Милләт» баспасынан 40 – пұт әріп жаздырылған еді. Бұл әріптің 10 шақты пұты 1918 жылы келсе де, қалғаны төңкеріс мезгілінде жолда Жетісуға келмей жоғалды. Сөйтіп Алаш баспаханасы жарыққа шыға алмады.

Мұсылман баспаханасы бөлімшесі. 1918 жылдың жазында Алматыдағы бүтін баспаханаларды бірге жыиып Алаш баспасының жұрнағына одан-бұдан құралған мұсылман әріптерін қосып бір газет шығарарлықтай Мұсылман баспасы ауыстырады. Мұның түрлі жетімсіздігінен Облыстық баспахананың бір бөлімшесі ғана болды.

Кеңес өкіметі Верный қаласында 1918 жылдың 3 наурызында орнады. Ол көп кешікпей бүкіл Жетісу облысына да билік жүргізе бастады. Верный большевиктері де қазақ жерінде орнаған Кеңес өкіметін нығайту үшін күресте баспасөздің қажеттігін жақсы түсінді.

Жетісу облыстық ревкомының және ұлт істері жөніндегі облыстық комитетінің органы «Жетісу ісші халық мұхбірі» (дұрысы «Жетісу еңбекші халқының хабаршысы» қазақ, өзбек, ұйғыр, татар, қырғыз тілдерінде аралас басылым ретінде 1918 жылы 21 маусымда Алматыда шыға бастады. Бұл осы өңірдегі тұңғыш қазақ газетінің (қазіргі – «Жетісу») редакторы болып Сабыржан Ғаббасов енгізілді. Бұрын «Айқап» журналында тілші болып, журналистік тәжірибе жинақтаған ол газет шығару ісіне көп көмек көрсетті.

1918 жылы 17 маусымда Жетісу облысы соғыс жағдайында деп жарияланды. Себебі, Семей жағынан ақ гварияшылар шабуыл жасап келе жатты. Сөйтіп, Солтүстік Жетісу майданы құрылды. Міне, осындай соғыс қаупі төніп тұрған жағдайда «Мұхбір» газеті алғашқы нөмірлерінен-ақ майдан тақырыбына үлкен мән берді .

Енді газеттің жайына қайтып келетін болсақ, онда С. Шәкіржановтің айтуынша, бастапқы кезеңде газеттің тілі татар тіліне ұқсастау еді. Өйткені, редколлегияда қазақ болмаған. Кейін әріп теруші мен редколлегияның екі мүшесі қазақ болды. Ақыры газет таза қазақ тілінде шыға бастады.

Бұл газет Жетісудағы қазақ халқына сонымен бірге ұйғыр, дүнген, татар, өзбек еңбекшілеріне, Кеңес өкіметінің мәні мен маңызын насихаттап, оларды жаңа өмір құру жолындағы күреске шақырды. Сөйтіп, Жетісудағы тұңғыш қазақ газеті «Мұхбірдің» 41-нөмірі шығып, тоқтатылды. Себебі, Жетісу облыстық ұлт істері бөлімі 1918 жылы 3 желтоқсанда «Мұхбірдің» орнына дербес қазақ газеті шығарылып: «оның аты «Көмек» деп аталсын, газет аптасына екі рет шығатын болсын, ал газеттің алғашқы нөмірі 1500 дана болып басылып, халыққа тегін таралсын» деген қаулы қабылданды.

«Көмек» газетінің алғашқы нөмірі «Мұхбірдің» жалғасы ретінде 1919 жылғы 1 қаңтардан бастап шықты. Бұрынғы газетке қарағанда «Көмектің» идеялық мазмұны мен материалдарының сапасы анағұрлым жоғары болды. Газет жергілікті Кеңес, шаруашылық органдарының қаулыларымен бұйрықтарын бұрынғыдай талғаусыз және түгел жариялай бермей, іріктеп, ықшамдап басатын болды.

1920 жылдан бастап Көмектің орнына облыстық Мұсылман бюросының тілі болып «Ұшқын» шықты. Ұшқын жұмасына екі рет, үш рет шығарылып әр номері 2 мыңнан кем басылмаушы еді. Тілі ноғайша, қазақша, ұйғырша аралас еді.

25 саны шыққанда бас жазушысы С.Шәкіржан, ауырып жолдас Қалдыбай Абдуллин қармағына көшті. Бұл уақытта «Ұшқынның» тілі қазақшаға айналып еді. Мұнан кейін қалдыбай кетіп, қайтадан ноғай тілінде шығып тұрып, 1921 жылға қарсы олда жабылды.

1921 жылдың наурыз айында Исмайыл Таировтың жетекшілігімен 1920 жылдың қараша айынан бастап 17 — нөмірі жарық көрген «Бұқара» газеті партияның жаңа экономикалық саясатқа көшуіне байланысты тоқтатылды да, енді оның орнына осы жылдың сәуір айының екінші жұлдызынан бастап Қалдыбай Абдуллин редакторлық еткен «Кедей еркі» газеті дүниеге келді. Бұл туралы алғашқылардың бірі болып Семейде шығатын «Қазақ тілі» газеті өзінің 1921 жылғы 26-шы шілде күнгі нөмірінде: «Алматы қаласында шығатын Жетісу губревкомның һәм губерниялық ортақшыл партиясының «Кедей еркі» деген газетінің 8-9 сандары басқармамызға келді. Газет жұмасына бір рет шығады, сөзі қазақша, ұнамды, орташа көлемді… «Кедей еркі» жолдасымыздың өркенді, жемісті болуын тілейміз»,- деп құттықтау жолдады .

«Кедей еркінің» 1921 жылғы қарашаға дейін 23, 1922 жылғы 15 мамырға дейін 2 нөмірі жарық көрді.

Жетісудағы қазақ газетінің орнына 1922 жылы 18 тамызда С. Оспан ұлының қарамағында «Тілші» газеті шыға бастады. Тілші Облыстық партия әрі төңкеріс комитетінің тілі болып анық таза қазақ тілінде болды.

Бүгінде Алматы қаласындағы Құжаттану және мұрағат ісі жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығы сирек кездесетін кітаптар мен материялдар қорында сақтаулы «Тілші» газетінің № 60, 1923 жылғы 18 сентябрь жарық көрген Сабиржан Шакиржан ұлының «Жетісуда мұсылманша баспасөз тарихы» атты мақаласында: «Тілші Жетісудағы қазақ газетінің ең маңыздысы болып, түрлі жас қалам күштері қатынасады; қазір де шығарушы жазушылар құрамасы тілші 2-нші жасқа аяқ басты. Өмір ұзақ болуын тілеймін!» — деп, Жетісудаға қазақ басылымдарының маңыздысы «Тілші» газеті деген пікір айтады.

Содан бұл басылым 1929 жылдың соңына дейін, яғни Алматы жаңа астанаға айналғанға дейін үзбей жарық көрді. Бұл негізінен ауыл, шаруа газеті еді. Сондықтан мұнда көбіне ауыл өміріне арналған проблемалық материалдар жарияланды.

Өкінішке қарай коммунистік партия өз қолына алған баспасөз органдарын бір ғана мақсатқа – жеке таптық насихатқа ғана пайдаланды.

 

Абай Мырзағали,
№ 148 мектеп-гимназиясының
тарих және қоғамдық пәндер мұғалімі,
Алматы қаласы,
Жетісу ауданы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.