Home » Жаңалықтар » Тәуелсіздік туы білімді ұрпақ қолында

Тәуелсіздік туы білімді ұрпақ қолында

Ұлан-байтақ жерде орналасқан іргелі еліміздің тәуелсіздік алғанына 27 жыл толып отыр. Осы жылдар арасында Қазақстан өз еркіндігін сезініп, сан қырлы өзгерістерді бастан өткізіп, тынбай қарқынды дамып келеді. Егемендік алып, ес жиғалы бері жеткен жетістік пен жеңісте есеп жоқ. Бағындырар биігіміз бен алар асуымыз да әлі көп. Көк аспанның астында көк тудың күнделікті желбірегенін көріп жүрген бізде арман жоқ шығар,сірә?!  Өткенін бағамдап, бүгінін түрлі бастамалармен жаңартып, болашағын болжап отырған халық үшін ел ертеңі- жас ұрпақтың тәуелсіздік бағасын біліп өскені маңызды. Сондықтан да, бұл тұрғыда уақыт тәрбие мен білімнің іргетасы қаланатын мектепке үлкен жүк артады. Алматы қаласы Жетісу ауданы №177 жалпы білім беретін мектепте Тәуелсіздік күніне байланысты өткізілген іс-шаралар сол жауапкершіліктің өтемі деп білемін.

Тәуелсіздік күніне орай мектепте іс-шаралар түрлі бағытта ұйымдастырылды. Мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерінің ұйымдастыруымен «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты эссе байқауы, «Қазақстан — ортақ үйіміз» тақырыбында сурет байқауы, «Отанымыздың жүрегі-тәуелсіздік тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Технология пәні мұғалімдері Нұрқұлан Асанұлы мен Аяулы Тынышбайқызы «Тәуелсіздік-тәңірден келген тәтті сый» атты көрме ұйымдастырды. Оқушылар көрмеге белсене қатысып, өнерлерін шыңдап, тағылым алды.

13-желтоқсан күні 10-сынып оқушылары мен сынып жетекшілері Г.А. Қалсеитова, Н.З. Игілікованың ұйымдастыруымен «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты мерекелік концерт жоғары деңгейде өтті. Оқушылар ән салып, би билеп, көрініс қою арқылы өздерінің Отанының нағыз патриоттары екендіктерін көрсетті. Туған жерге, тәуелсіздікке деген шексіз құрметі мен сүйіспеншіліктерін жырмен дәріптеп, өлеңмен өрнектеді.
Сонымен қатар, Тәуелсіздік күніне арнайы жоспарланған спорттық іс-шаралар да жоғары деңгейде өтті. 15-желтоқсан күні Алматы қаласы Жетісу ауданы аппаратымен Жетісу ауданы әкімінің кубогына еркін күрестен ашық турнир №177 жалпы білім беретін мектепте ұйымдастырылды. Бұл іс-шараның өз деңгейінде өтуіне мектеп әкімшілігі және дене шынықтыру пән мұғалімдері ат салысты. Бұл спорттық іс-шараға Алматы қаласы және Алматы облысынан 12 команда қатысып, турнир нәтижесінде жалпыкомандалық қорытынды бойынша 1-орынды «Көкжиек» командасы Жетісу ауданы, 2-орынды «Жасқанат» командасы Түркісіб ауданы және жүлделі 3-орынға Алатау ауданы «Ақкент» командасы ие болды.

Тәуелсіздік — халықтың үні, ұлттың тілі мен ділі. Бүгінгі тәуелсіздік күні — халықтың тойы, қалың Қазақ елінің, алты алаштың туған күні, мерейтойы. Болашақпен бағытталып, келешекпен кемелденетін қазіргі жастар қауымы байрақты төмен түсірмесі анық. Ата-бабаның асқақ арманының жолында ұлағатты ұрпақ өсіп келе жатыр. Тәңірден келген тәтті сыйдың еңсесін биік ұстау өз қолымызда. Ендеше, көк туды желбіретіп, елімізді әлемге таныту келер ұрпақтың негізгі міндеті екендігін ұмытпайық.

Мошкалова Перизат Надирбекқызы
Алматы қаласы Жетісу ауданы
№177 жалпы білім беретін мектептің ағылшын тілі пән мұғалімі

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.