Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізу үшін, қаншама қиын сәттерді, жауыздықты, зұлымдық пен арпалысты басынан кешірді. Тәуелсіздік таңын көре алмай, бостандық пен еркіндік үшін жанын берген талай қазақ жастары мен қарттары жандарын берді. Біз сол асылдардың арқасында азат елдің ұландары болып көкке туымызды көтеріп, еркін өмір сүрудеміз. Осынау ғажайып бейбіт өмірді ұрпақтарына білектің күшімен найзаның ұшымен жанталасып, өз өмірлерін құрбан еткен ата-бабаларымыздың ерліктерін қаншама мәрте қайталап айтсақ та жарасады. Сонымен қатар, олардың қаһармандықтарын келешек ұрпаққа насихаттауымыз қажет. Кең далада шалқайып өмір сүріп жатқандары, еркін, тәуелсіз ғұмыр кешіп жүргендері кімдердің арқасында екенін біліп өскен азаматтар мен азаматшалар елін әрдайым құрметтейді , қорғайды . Әрине, тарихтың түбі- тереңде. Тарихтан бастамасақ, тәуелсіздік таңы қалай атқанын түсіну оңай емес. Қазақ хандығының XV- XVII ғасырлардағы аса көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бірі Тәуке хан. Ол-ру-тайпалар жерінің аумағын нақты белгілеп, жер пайдаланудың тәртібін енгізді. Тәуке хан тарихқа «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасаған билеуші ретінде кеңінен танылды. Оның кезінде құрамына қазақ даласының данышпандары атанған аса беделді Төлеби, Қазыбек би, Әйтеке билер енген билер кеңесі құрылды. Олардың жеке тұлғалары мен аттарының өзі бүкіл халықтың және хандықтың бірлігі мен біртұтас топтасқандығын білдірді. Тәуке ханның кезінде қазақтардың үш жүзінің ең таңдаулы да беделді деген өкілдері жыл сайын бас қосып, аса маңызды мәселелерді талқылап, парасатты шешім қабылдап отырды. Атақты ханның ордасы орналасқан қала қасиетті Түркістан болды. Тарихшы ғалымдар Тәуке хан билік құрған уақытты Қазақ хандығының «алтын ғасыр» кезеңі деп бекер атамаған. Атақты орыс тарихшысы А.И.Левшин осы билеуші туралы былай жазды: «Ол оларды, тайпаларды, өліспей беріспейтін алауыздықтан арылтты,олардың арасындағы бірнеше жылға созылған қанды қырғын сойқанды тоқтатты, ол өзгелердің бәрінде де асқан ақыл-парасатымен,қара қылды қақ жарған әділеттілігімен өзіне бағындыра білді». Қазақтар жоңғарлармен ұзақ уақыт бойы кескілескен қанды шайқастар жүргізіп келді. Алайда соның ішіндегі ең ауыры «Ақтабан шұбырынды, Алакөл сұлама» атанған, ұлттық қайғы мен қасіретке толы апатты жылдар болды.
Бұл кезең (1723-1727 жылдар) қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алакөл сұлама» деген атпен аталады. Оны қазақ халқына тигізген зардабы-қайғы – қасіреті, аштығы мен қайыршылық халге душар етуі өте ауыр болды. Мыңдаған адам қырылды немесе тұтқын ретінде айдалып кетті. Жүздеген, мыңдаған ауыл қатты күйзеліске ұшырады. Мал-мүлік талан-таражға түсті, сауда байланысы үзілді,бір кезде гүлденіп тұрған қалалар жау қолында қалып, аяусыз қиратылды.
Қазақ халқы өте күрделі қиын – қыстау уақытта тек өз күштеріне ғана үміт артып, біріге бастады. Бүкіл халықтың күш-жігерін жұмылдыру қазақтардың жоңғарларға қарсы күресте екі ірі шайқаста — Бұланты және Аңырақай шайқастарында шешуші жеңістеріне қол жеткізуіне мүмкіндік берді.
XVIII ғасырдағы аса көрнекті қазақ билеушілірінің бірі, айбынды Абылай хан болды. Ол өте күрделі қиын жағдайдың өзінде Қазақ хандығының тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтай білді. Ш.Уәлихановтың сөзімен айтқанда Абылай «қазақ даласына ұлы істер тындыру үшін жіберілген құдіретті билеуші болды».
1773 жылы Ресей жерінде Патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған соғыс болды. Азаттық көтеріліске, үкіметтің қысымына шыдамаған би-старшында мен батырлар да қосылды, ол көтерілістің басшысы Сырым Датұлы болды. Бұл көтерілістің мақсаты — Орал қазақ әскерлерінің қазақ жерлерін басып алуын тоқтату болды. Сонымен қатар Жоламан Тіленшіұлы да осы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі болған. Жоламан батыр Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс шыққан тұста Кіші жүз қазақтарын Кенесарыға қосылып өз тәуелсіздігі мен еркіндігі жолында күреске шығуға шақырды. Осында айта кетер болсам, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт- азаттық көтерілістің маңызы зор болған,ол Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының тарихында өшпес із қалдырды, кейінгілердің азаттық,тәуелсіздік жолындағы күресіне үлгі-өнеге әрі тарих ретінде із қалдырды.
Осы көтерілістер ұлтымыздың тәуелсіз ел болу жолында өз септігі мен әсерін молынан тигізді. Қазіргі таңда азат ұрпақ ата-бабаларымыздың сол заманда жасаған ерліктерін ешқашан ұмытпақ емес. Жалпы Жоламан Тіленшіұлы қолбасшылық еткен көтеріліс еліміздің біртұтас ел болып қалыптасуы мен азат ел атануына ат салысты.
XIX ғасырдың басында Кіші жүздің біраз жері Ресей империясына қосылды.Патша үкіметінің бұл отаршылдық үстемдігіне қарсы көтеріліске Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы батырлары басшылық етті. Бұл батырлардың көтерілістері жеңіліске ұшырағанымен, көтерілістің тарихи маңызы зор болды. Себебі, келер ұрпақтың әлеуметтік,теңдік,тәуелсіздік пен бостандық үшін күресіне зор сабақ болды. Сонымен қатар, 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалыс болды. Бұл ұлт-азаттық қозғаыс қазақ халқының бостандық, тәуелсіздік үшін бірнеше ғасырға созылған күресі тарихында ерекше орын алады. Бұл қозғалыстың мақсаты да өзімізге белгілі – қолдан келсе қазақ халқына ұлттық және саяси азаттық әперу еді.Осы мақсат арқылы ол қазақ халқының азаттық пен тәуелсіздік жолындағы ұзаққа созылған күресінің жалғасы және қорытындысы екеніні тағы да көрсеткен болатын.
Исатай Тайманұлы бастаған көтерілісшілер 1837 жылғы қазанның аяғында Хан ордасына он шақырымдай жақын келді. Жәңір хан да, оның төңірегіндегілер де қоршауда қалды. Көтерілісшілердің жалпы саны 2000мың адамнан асатын еді. Көтерісшілер Жәңгір ханнан Балқы және Қарауылқожа билерді өз төңірегінен қуып жіберуді, билікті ру старшындарының қолына беруді талап етті.
Қазақ жері — Сақ, Ғұн заманынан бері алтыннан сарай салған, хандары әлемді ауызына қаратқан, жиырма мемлекет дәурен сүрген Ұлы Дала. Басымыздан бақ тайған, қан жылаған зар заманымыз — моңғол, жоңғар шапқыншылығынан бергі бес ғасыр,Ресейге бодан болған үш ғасыр.Әсіресе соңғы үш ғасырда, империя құрамындағы 70жылда қазақ жаппай репрессияға ұшырады, қырылды, тарихы табанға түсті,ар-ожданы тапталды. Қазақтың: «Елім-ай» деп қасірет шеккені, Қазтуған жыраудың: «Қайран да менің Еділім» деп қабырғасы сөгілгені, Бұхар жыраудың күңіренгені, Махамбеттің: «Еділді келіп алғаны-жағаға қолын салғаны» деп кек қайрағаны, Мұрат ақынның «Әдіра қалғыр үш қиян» деп күйзелетіні осы тұс еді.
Тарихымыздың алтын тұғыры болған, байтақ тарихымызды кеудесінде сақтай алған қасиетті жер- Ұлытау.
Өткенге көз жіберсеңіз, бодандықта болған 3 ғасырда тарихымыз тәркіленді, ал Кеңес заманында ол саясат құралына айналды. Бұл- адам жадын адастыру, ұрпақты, сәбиді ансының емшегінен айыру. Еліміз тәуелсіздік алып, жаңа тынысты заман басталған ана бір жылдары Өзбекәлі Жәнібеков екеуміз анасын аңсаған перзенттей, атасын аңсаған ұрпақтай күй кешіп, Ұлытауға келіп, аунап-қунап кетуіміздің сыры осында деп білемін. Ұлытаудың түбінде тұрған Хан ордасы, Домбауыл, Алашахан, Жошықан сияқты тарихи жәдігерлер – өткеніміздің белгілері, таңбалары.
Қазақ халқы – Ұлы Даланың байырғы тұрғындары. Қазақ халқының құрамына кірген тайпалар бағзы заманнан осы Даланы мекендеген. Арғы тарихты айтпағанда, түрк қағанаты заманы кезінде суреттелетін оқиғаның бәрі, айтылатын тарихтың барлығы осы өңірлерге қатысты. «Ертіс өзенін кешіп өттік» деп айтылады таста қалған жазуларда.
«Барған жерің – Балқан тау, ол да біздің барған тау», «Ұлың Ұрымға, қызың Қырымға» деген сөздерде мәнісін зерттеп, мағынасын ұққан адамға көп сыр жатыр.
Ұлы Далада хандық құрған, мемлекет орнатқан және «Мәңгі ел» мемлекетін орнатамыз деп күрескен –біздің бабаларымыз. Тасқа қашалып жазылған, ешкім өшіре алмаған алтын сөздербіздің қолымызда бар. Оны кешегі саясат дауылы да , Кеңес заманының солдаттары атқан оқ та өшіре алған жоқ. Өйткені ол – «Мәңгі ел» арманы, «Мәңгі ел» мұраты болатын. Рас, кеше тіліміз байланды, тіземіз дірілдеді. Барымызды түгендей алмадық. Бүгін басқаша. Біз Тәуелсіздік дегеннің қадір-құнын осы тұрғыдан бағалауымыз керек. Жоғалтып ала жаздаған бабамның тарихы енді еркін өскен ұрпақтың қолына тиді. Тарих – тоқсан тараулы, мың қатпарлы. Түрік қағанатын құрған тайпалар – рулар кейін қазақ халқы құрамына кірді. Олар — он оқ халқы еді. Олар басмыл , чигилдер, 9 оғыз еді, түркештер мен арғындар, 9 оғызының керейлерімен 8 оғызының наймандары еді. Осы алтауы «алты Алаш» деп аталды. Елтеріс қағанның баласы Күлтегіннің ағасы Білге қаған өлгенде «біздің бірлігіміздің белгісі болсын» деп алты Алаш тасқа қашап таңбасын салған.Түрк қағанаты Орхон жерінде, яғни моңғол жерінде болған. «Моңғол» сөзі «мың қол» сөзі емес, «мәңгі ел» деген сөз бе деп қалатынымды жасырмаймын. Неге? Шыңғыс хан билікке келгенде оның мөрін ұстаған – керей руынан шыққан ақылды кісі. Ол моңғол мемлекеті құрылымын, әскери әдісін жасап берген адам. Қазақтың сонау 1723жылы жоңғар ойранынан жоқ боп кете жаздап, одан бертін бодандықтың құл-қамытында 1932-нің қолдан құрылған қызыл майдан қырғынына 2,5миллион адамын беріп,енді еңсесін көтерем дегенде 1937-нің ұшырады.Алпамысты айтқаны айдалып, Абайды ауызға алғаны атылды. Басқа жұртты қайдам, дәл қазаққа келгенде қара мылтығын қылтитып қаныпезер қара ниет қараңғы бұрыштан аңдуын бір қоймады. Мұндайда халқымыз қашанда, әйтеуір өлмеген құлдың көктемін көппен көріп, ұлы тойлардан да шет қалмады.
Қазақ халқының басына дәурен ХХІ ғасырда қайта оралды. Бесігі түзелген ел белін жазып, аман қалған ел тіршілігін тірілтіп, көш керуенін қайта сәндеді. Оты сөнбеген көп қазақтың бәрі де қол жеткізетіндерінен үміттерін үзген жоқ! Түсімізге кірмеген тарихи бақытқа ие болдық, сан мың ұрпақ жете алмаған тәуелсіздікке 1991 жылы 16 — желтоқсанда жеттік. 1991жылы 16 желтоқсан — қазақ халқы үшін тарихтағы ұлы күн. Бұл күн Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялады. Бұл мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты, әрі құнды мереке. Еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесі халқымыздың сан ғасырлар бойғы азаттық жолындағы күресінің, сол жолдағы көрген азаптары мен қиындықтарының жемісі, 25 жылда жеткен жетістіктеріміздің айшықты көрінетін мейрамы. Сондықтан да бұл күні Тәуелсіздік жолындағы арпалыста аянбай күрескен азапкерлер мен қаһармандар ойға оралатыны сөзсіз. Азаттық қазақ халқының ежелгі арманы еді, ат үстінде өткен кезеңдер көп болды. Азаттық үшін күресте айрықша қылыш сермеді, талай қиыншылықты бастан кешірді. Бірақ, ешқашан да мойымады, күресе білді, азаттық таңы туатынына кәміл сенді. Иә, қазақ халқының басынан небір қилы заман өтті. Тарихта аты шулы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген қаралы атқа ие болған 1723 жылғы Жоңғар шапқыншылығы қазақ жерін ойсыратып кетті. Қазақ халқы оңтүстікке қарай босты. Бірақ, бұдан да басқа жауыздық нәубетінің екі ғасырдан соң қайта келерін білген жоқ. 1925-1933 жылдарда Г.Голощекин Қазақстанда әлі революция болмаған деп «Кіші октябрь» саясатын жүргізді, елді аштық пен қуғын-сүргін жайлады, Қазақстанда тұратын 2 миллион қазақ аштықтан қырылды. 1937 жылғы асыра сілтеудің кесірінен қазақ әдебиетінде жайқалып келе жатқан жас теректердің тамырын қиды. Олар: Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек, Бейімбет, Ілияс,Сәкен. Өздері өлсе де аты өлмеген ағалар рухына кейінгі ұрпақ әрқашан бас иеміз. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында 500-ге тарта қазақ қаһармандарына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Олар Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, т.б. 1986 жылы Атыраудан Алтайға, Сарыарқадан Алатауға дейінгі байтақ жерімізге Желтоқсанның дауылы үдей түсіп, дүрбелең жайлады. Қазақтың көптеген азаматтарының мойнына қыл шылбыр салынды. Әділдік үшін бой көтерген жас боздақтардың маңдайы тасқа соғылды. Желтоқсан оқиғасына қатысып, жауапқа тартылғандар қатарында Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сабира Мұхаметжанова, Ербол Сыпатаев бар.
Тәуелсіздік! Осы бір қасиетті сөзді естігенде қалайша тебіренбейсің! Бодандықтың бұғауынан, қыспағынан құтылған қазақ халқы еркіндік, азаттық ауасымен тыныстауда. Қанымызда бар ұлттық қасиеттеріміз қалпына келуде. Тәуелсіздік, ең алдымен, қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ арманы мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін тәуелсіздік күші – ең қадірлі күш. 1991жыл — дүниежүзілік тарихтағы ерекше жылдардың бірі. Заман ауысқанда, қоғам ауысқанда алдымыздан тарихи мүмкіндікті қалт жібермегенімізге,ақырын жүріп, анық басқанымызға, арандап қалмай арманымызға жеткенімізге шүкіршілік!
Желтоқсан — ұлт тарихындағы ұлы оқиға. Қарлы қыстың қаһарлы күндерінде басқа түскен сол сынақ өз билігің өз қолыңда болмауының салдары. Тәуелсіздігіміздің қадіріне жетуіміз керек, бақыт бағасын білгеннің ғана басында тұрады. Бас-аяғы 15 жылда заман, қоғам өзгерді,адам өзгерді, ой-сана өзгерді; мемлекеттігіміз қалыптасты, экономикамыз нығайды, демократия орнықты, бізді әлем таныды.
Алты Алаш деген сөзді түркімен де, өзбек те, қырғыз да айтпайды.Керісінше, Ә.Бөкейханов, А. Байтұрсынов сияқты асыл ағаларымыздың аузынан түспеген сөз – осы сөз.Осы сөз еліміздің тұңғыш Президентінің де аузынан түскен емес. Тек бірлік, ымыра, бәтуа рухыңды асқақтатады. Асқақ рух мемлекетті құдіреттендіре түседі. Мәңгі ел солай жасамақ. Өз жолдауларында ел болашағын бажайлаған Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның әлемдік даму күшінен алатын орынын да межелеп отыр. Бұл-«Мәңгі ел» мұраты.
Тәңірі қазақ халқының маңдайына осынау тарихи сүргіннен аман шығып, азаттықтың ақ таңын көруге жазған екен. Мұны тағдырдың сыйы десе де болады, ата-бабаның нақақ төгілген қаны мен көз жасының өтеуі десе де болады. «Мың өліп, мың тірілген» халқымызға армандаған азаттық таңы талықсытып барып жетті. Бұл жолда жоғарыда айтып кеткенімдей талай қан төгіліп, боздақтар қыршынынан қиылды. Ендігі біздің мәселе: түп тамырымызды қозғайық, тегімізді түкпірлейік, ұрпақтар сабақтастығын үзбейік, 21 ғасырдың түрк дүниесі болатынына кәміл сенейік!
Тұрмахан Гүлнәр Әділханқызы
Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогикалық Университеті
қазақ тілі мен әдебиетінің магистранты