Мақсаты: Желтоқсан көтерілісінің сипатын насихаттай отырып, Желтоқсан құрбандарын мәңгі есте сақтау, жас ұрпақтың бойына еліне, жеріне, ұлтына деген патриоттық сезімін қалыптастыру.
Тәрбиеші: Құрметті, «Айназ» балабақша ұжымы.
Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!
— Бүгін біздің сан мыңдаған жылдар бойы армандаған, сол жылда дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасымен келген тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалатын «Тәуелсіздік күні» мерекесіне арналған «Аққайың» тобының «Тәуелсіздік – ел тілегі» атты ертеңгілігімізге қош келдіңіздер!
Атыңнан айналайын, егемен ел,
Тәуелсіз күнің бүгін, кенеле бер,
Мейрамың құтты болсын, тәуелсіздік!
Ғасырдың тойы болшы келе берер, -дей отырып, «Аққайың» тобының бүлдіршіндерін қошеметпен қарсы алайық.
Біз аспаны ашық, сәулелі, кең байтақ елде тұрамыз.
Ол ел – Қазақстан.
- Қазақстан Республикасының рәміздеріне не жатады?
- Ту, Елтаңба, Әнұран.
- Тудың түсі қандай? Туда ненің бейнесі бар?
- Тудың түсі көк, шетінде ою-өрнек, ортасында күн және қыран құс.
Жанжігер: Аспан түстес көгілдір,
Тік бұрышты матаның.
Ортасында төгіп нұр,
Күн жаяды шапағын.
-Елтаңбамызда ненің бейнесі бар?
Нұршат: Елтаңба алтын және көгілдір түсті әлемнің тұтастығын, ошақтың амандығын білдіреді. Тұлпар – биік арманның, қайраттың нышаны. Жұлдыз – жұлдызымыз жарық болсын дегенді білдіреді.
Астында оның қалқыған —
Қыран құстың бейнесі.
Азат елде шалқыған,
Көңілі деп білерсің.
Әнұранның сөзін, музыкасын жазған кімдер?
Ырыс: Музыкасын жазған – Шәмші Қалдаяқов.
Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов
Нұрсұлтан Назарбаев
Әнұран.
Тәрбиеші: Тәуелсіздікке байланысты қыздарымыздың би шашуына кезек берейік: Гүлім, Аянат, Айзере.
Тәуелсіздікке байланысты балаларымыздың ән шумақтарына кезек берейік.
Кәусар: Тәуелсіздік таңын сүйем,
Таңмен бірге келді ме өлең.
Көк туына басымды ием,
Көгімізде желбіреген.
Ақжібек: Аласармас аспанымда,
Күнмен гүлдеп ел өседі.
Қазақстан аспанында,
Бостандықтың желі еседі.
Данияр: Әнді алысқа жеткіземіз,
Көкке елдің туы ілінді.
Жылда той қып өткіземіз,
Тәуелсіздік ұлы күнді.
Адиля: Маған қымбат ұлы елімнің,
Шешек атқан әр гүлі.
Аялайды бәрімізді,
Азаттықтың таң нұры.
Біз – тәуелсіз елдің түлегі болғанымызға шексіз қуанамыз. Отан әр жұмыр басты пенденің киелі мекені, жер басып жүрген әр тіршілік иесінің шексіз байлығы. Тәй-тәй басқан нәресте де, еңкейген қария да оның бір мүшесі. Біздің балаларымыз «Отан» туралы өлең айтып береді.
Ән: «Отан»
Енді балаларымыздың тәуелсіздік мейрамына арнап жаттаған тақпақтарын тыңдайық.
Мөлдір: Тәуелсіздік – ұлы күнім,
Тұрсын жайнап төбемде.
Сен жасай бер мәңгі бақи,
Қуанышқа бөлен де.
Нұрбек: Тәуелсіздік ел болу,
Ынтымақпен өрге озу.
Еркін және өзге елмен,
Терезесі тең болу.
Жанымай: Қыста келген бақыт бұл,
Қыспай берген жақұт нұр.
Тәуелсіздік – ынтымақ,
Тәуелсіздік – еркіндік.
Айзере: Желтоқсанның желі, аязы, ызғары,
Қанды мұзда талай қазақ сыздады.
Ұлт қамы үшін шыққан сол күн алаңға,
Азап шекті қайсар қазақ қыздары.
Талай қазақ қыздарында тондыра,
Талай қазақ гүлдерінде солдыра.
Ел билеуге алып келді Колбинді
Қазақ ұлы Қонаевтің орнына.
Егемендік – бұл елімнің елдігі,
Егемендік – барлық ұлттың теңдігі.
Егемендік – елін, жерін қорғаған
Ербол менен Қайраттардың ерлігі.
Желтоқсаным – тәуелсіздік тірегі,
Желтоқсанды қадір тұтып тұр елі.
Есте сақтап ағалардың ерлігін,
Жүректерге сақтау керек үнемі.
Аянат: Тәуелсіздік – тірегім.
Көзіме бүгін жас келіп тұр, халайық,
Әрбір істі зердеге салып қарайық.
Тәуелсіздіқ жолында жан пида еткен.
Ерлерімізді есімізге алайық.
Жүрмейікші жүнжіп, босқа түнеріп,
Еске алайық, есімдерін білелік.
Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ,
Алмайықшы екі қолдан жіберіп.
Жиырмадағы жалындаған жасында,
Қаншама жас азап шекті расында.
Желтоқсанның ызғары өтіп кеудеден,
Қарсы тұрды Колбин қосқан қосынға.
Соны ойласам елжірейді жүрегім,
Өздері өліп, қорғап қалды ұлы елін.
Желбіресін көк байрағы халқымнвң,
Тәуелсіздік болсын мәңгі тірегім.
Ән: «Біз – өмірдің гүліміз»
-Туған халқымыздың тарихын, батыр ұл-қыздарымыздың ерлігін, жеріміздің байтақтығын, байлығын ақын ағаларымыз жырлап келеді. Сол жырларды жаттап, көкейге түйіп, елімізге лайықты азамат болып өсуге міндеттіміз.
-Балаларымыздың тәуелсіздікке байланысты жаттаған ән шумақтарына кезек берейік.
Жаннұр: Өз меншігің тау, дала.
Көкке өрле, самға да!
Сену
Келу тәубаға!…..
Желтоқсанның ызғары-ай,
Кірпікке қатқан мұздары-ай.
«Елім-ай»деп егілген,
Қаһарман ұлдар, қыздар-ай.
Ырыс: Сарыарқаның даласында,
Күн шуағын төккен күн.
Елім менің, жерім менің,
Баққа қолы жеткен күн.
Әбунасыр: Мереке, бүгін – ұлы күн,
Бабалар рухы көксеген.
Азатты елдің ұлымын,
Теңескен төбем көкпенен.
Ясмина: Тәуелсіздік — бақ туың,
Қолға ұстаған сәт бүгін.
Болсын дәйім шат күнім.
Гүлім: Тәуелсіздікке 25жыл!
Ұлан-байтақ неткен жер!
Дәнді-дақыл еккен жер.
Жеттік міне арманға
Қазақстан – Ерікті ел!
Талай боздақ өткен жер,
Маңдай терін төккен жер.
Тәуелсіздікке қолы
Қиындықпен жеткен жер.
Өзіңде бар Елбасы
Туыңда бар ертегі
Әнұранның тәрбие.
Енді қанат жаялық
Қыран құстай самғайық.
Туымызбен тұғырлы
Бірге желек қағайық.
Бүгінгі бақытты күніміз үшін қаншама ерлер тер төкті, жанын қиды. Сол батырларымыздың армандаған ұрпағы біздің білімді, дені сау Отанымыздың лайықты ұл-қызы болып өсуі қажет. Апа-ағаларымыздың қайталанбас ерлігіне тағзым етеміз!
Хор: «Елім менің аңсаған»
- Ал құрметті қонақтар осындай әдемі тілектермен, әндерімізбен бүгінгі ертеңгілігімізді аяқтаймыз. Аспанымыз ашық, Қазақстанымыз гүлдене берсін. Тәуелсіздік мейрамы құтты болсын!
Тауманова Улболсын Мэлсовна
«Айназ» балабақшасы, әдіскер
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы
Жетібай ауылы