Home » Балабақша » «Тәуелсіздік» деп соғады жүрегіміз

«Тәуелсіздік» деп соғады жүрегіміз

     Мақсаты: Балалардың Отаны, Рәміздері, Елбасы, Желтоқсан оқиғасы, Тәуелсіздік күні туралы түсініктерін молайту. Мәнерлеп тақпақ айтуға, сахналық көріністерді көрсетулер арқылы еліне, Отанына деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Отанын, елін сүюге тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер: Әңгімелеу, түсіндіру, көрсету.
Қажетті құралдар: көрнекілік суреттер.
Әнұран.
Сөзін жазғандар: Жұмекен Нажімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов.
Тәрбиеші: -Балалар біздің еліміз, Отанымыз қалай аталады?
Балалар: -Қазақстан Республикасы.
Тәрбиеші: -Отан дегеніміз біздің еліміз, жеріміз, туған — туыс, бауырымыз, ауыл — қаламыз, өзіміз туып — өскен жеріміз. Қазақстан қандай мемлекет?
Балалар: -Қазақстан тәуелсіз, егеменді мемлекет.
Тәрбиеші: -Еліміз 1991 жылы 16 желдоқсанда Тәуелсіз Республика болып жарияланды. Осы күнге жету үшін талай қиыншылықтарды бастан кешірді. Сендер «Тәуелсіздік» деген сөзді қалай түсінесіңдер?
Балалар: -Өзіміздің еліміз, жеріміз, теңдігіміз бар.
Тәрбиеші: -Осындай үлкен елімізді, жерімізді басқарып отырған кім?
Балалар: -Қазақстан Республикасының Президенті — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Тәрбиеші: — Елбасының негізгі жұмыс орны қай қалада?
Балалар: — Астана қаласында.
Тәрбиеші: — Астана — қандай қала?
Балалар: — Астана – бас қала, әдемі, үлкен қала.
Тәрбиеші: — Тәуелсіз еліміздің рәміздерін атаңдаршы.
Балалар: — Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы, Әнұраны.
Тәрбиеші: — Ал енді, рәміздерді сипаттайық. Туымызды қалай сипаттайсыңдар?
Балалар: -Қазақстан Мемлекетінің Туы көгілдір түсті. Тудағы дала қыраны еркіндіктің белгісі. Күн — байлық пен берекені білдіреді.
Тәрбиеші: -Елтаңбамыз туралы не айтамыз?
Балалар: — Қазақ елінің елтаңбасында шаңырақ, қос пырақ ат бар. Ат — адамның қанаты. Шаңырақ үлкен ортақ үй деген түсінік береді.
Тәрбиеші: Қазақстан Республикасының мемлекетінің Әнұраны туралы не айтасыңдар?
Балалар: — Әнұран — салтанатты ән. Мемлекеттік әнұран — егеменді еліміздің Туы мен Елтаңбаның сазды баламасы.
-Жарайсыңдар балалар! Олай болса, көрініс тамашалауға шақырамын.
Көрініс. Қолында ұршығы бар әже келіп отырады.
Қолында қамшысы бар бала атқа мініп ойнап жүреді. Ол әжесіне жүгіріп келіп, мойнына асылып, еркелейді.
Бала: Әже, не істеп отырсыз?
Әже: Ой құлыным, мен ұршық иіріп отырмын.
Кел, отыр ойыннан шаршаған боларсың.
Бала: Әже, біз мектепте Тәуелсіздік мерекесіне дайындалып жатырмыз.
Ән ұранды орындадық.
— Әже, «Тәуелсіздік» деген не?
Әже: Е… құлыным — ау, «Тәуелсіздік» деген бұл үлкен әңгіме. Осы күнге жету үшін қазақ халқы талай қиыншылықты бастан кешірді. Қайсар, батыр аға — апаларымыздың арқасында егеменді ел болдық. Тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл болды. Өзіміздің Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз бар. Аллаға шүкір.Тәуелсіздікке арналған тақпағыңды айта қойшы.
Бала:
Күміс күй мен әнге толып тұла бой,
Қуанышқа кенелтеді асыл ой.
Шаттандырған баласы мен бабасын,
Тәуелсіздік күні бүгін — ұлы той!
-Қане, балалар, Отан туралы қандай тақпақтарың бар?
Балалар тақпақтарын айтады.
Кәусар:
Отан- жерім, Отан- суым,
Отан  қуат, нәр береді.
Отан- ұран, Отан- туым,
Отан мәңгі гүлденеді!
П. Ерасыл:
Тәуелсіздік  жолында,
Талай – талай тер тамған.
Билігім  өз  қолымда,
Еркіндігім – Елтаңбам.
Мұрагер:
Ақ  ниеті- алтын күн
Асқақ арман – қыраны.
Жалауы бұл- халқымның,
Мәртебесі, мақтаны.
НұрРай:
Қадамың бар баспаған,
Асуың  бар  аспаған.
Халқым  жетсін  мұратқа,
Ей, бас  қала- АСТАНА!
Тәрбиеші: -Қазақстан Республикасының қандай қалаларын білесіңдер?
Балалар: -Атырау, Алматы, Тараз, Астана, т.б.
Тәрбиеші: -Отан туралы қандай мақал — мәтелдер білесіңдер?
Балалар:
Отан —  елдің анасы
Ел — ердің анасы.
Ит — тойған жеріне,
Ер — туған жеріне.
Кісі елінде сұлтан болғанша,
Өз еліңде ұлтан бол!
Тәрбиеші: Балалар, біздің Қазақстан тәуелсіз көп ұлтты мемлекет. Сендер Тәуелсіз елімізге қандай тілек білдірер едіңдер?
Балалар:
— Бейбітшілік болсын!
— Соғыс болмасын!
— Елімізде тыныштық болсын!
— Еліміз бай болсын! т. б.
Тәрбиеші: — Балалар, туған жерді гүлдендірер ұл — қызы міне, сендерсіздер. Әрқашанда тату, білімді, ақылды болыңдар!

 

Сатыгалиева Амангул Тлектесовна,
Атырау қаласы
№11 «Таңшолпан» балабақшасының
мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу мамандығының II санатты
тәрбиешісі.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.