Home » Жаңалықтар » Тәуелсіздікке тарту

Тәуелсіздікке тарту

   Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 7-желтоқсанда Астана қаласындағы №80 мектеп-гимназияда «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты мерекелік шара өтті. Салтанатты жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен халықаралық ұйым өкілдері, ұстаздар мен ата-аналар, оқушылар қатысты. Білім ордасы ұйымдастырған ауқымды шара «Мәңгілік Ел» орталығының ашылуымен басталды. Жиырмадан астам ұлт өкілі білім алатын мектепте балаларға арналған дипломатиялық орталықтың жұмыс жасағаны да заңды   

                                                               

Бұл іс-шара оқушылардың түрлі мәдениеттен хабардар бола отырып, конфессионалды мемлекет ретіне Қазақстанға деген құрметі артып, сол елдің азаматы болғаны үшін мақтаныш сезімін оятарына сенімім зор. Біз осы шарамыз арқылы тек мектептегі балалардың достығын арттырып қана қоймай, ұлттық тұтастыққа аз да болса септігімізді тигізбек ойдамыз. Сондықтан да ата-аналарды, ассамблея өкілдерін арнайы шақырып, кездесу өткізудеміз, — дейді №80 мектеп-гимназия директоры Гүлмира Жарменова.

Орталықтың саяси салмағы болғанымен, бала санасына кері әсерін тигізбейді. Ондағы әр деталь бала психологиясына сай қуыршақтармен бейнеленген. Түрлі ұлт пен ұлыстардың мәдениеті, дәстүрлі киім үлгісі көрсетілген және оларды балалар ата-аналарының, ұстаздарының көмегімен өздері жасаған.

Тәуелсіздік шежіресіне ширек ғасыр толуына орай  мазмұнды іс-шара «Қазақстанның 25 бренді» тақырыптық көрмесімен жалғасты. Онда «Ядролық қарусыз Қазақстан», «Қазақстан халықтарының Ассамблеясы», «Байқоңыр», «Қазақ хандығының 550 жылдығы», «ЭКСПО-2017» және т.б. тақырыптардағы экспозициялар көпшілікке ұсынылды. Ең бастысы, көрмеге мектеп оқушыларының туындылары қойылды.

Салтанатты шараның келесі кезеңі «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 25 жылдығы» атты киномарафонға ұласты. Егемендік алғаннан бергі мемлекеттік маңызды оқиғалар баяндалды. Деректі және ғылыми-танымдық фильмдер көрсетілді. Мұнан соң қонақтар мектеп оқушылары дайындаған әдеби-музыкалық концерттік бағдарламаны тамашалады. Салтанатты жиын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Жарылқасынұлының құттықтауымен қорытындыланды.

– Бұл тәуелсіздік баршамыз үшін құнды. Сіздер азат елде туып, азат ойлы азамат болып өскендеріңіз үшін де бақыттысыздар. Тәуелсіздікке қол жеткізу оңай болмағаны тарихтан белгілі. Ал оны сақтап қалу, дамыған елдер көшіне қосу сіз бен бізден зор жауапкершілік пен қажыр-қайратты талап етеді. Қымбатты оқушылар, сіздер осы егемен елдің ертеңісіздер. Сіздердің бәсекеге бейім, білімді болып өскендеріңіз біздің болашағымызды кепілдендіреді. Сондықтан сіздердің сапалы білім алуларыңыз үшін мемлекет барлық мүмкіндіктерді қарастырып отыр. Елбасының өзі жастарды қолдайтындығын үнемі айтады. Сондықтан оқыңыздар! Өздеріңізді көрсетіңіздер! Баршаңызды тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен және санаулы күннен соң жететін жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Ынтымағымыз артып, ырысымыз таси берсін, — деді ол.

  • Ж.БЕСЕУ
    «Білім айнасы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.