Home » Білім және тұлға » Тәртіп пен тәрбие — білімнің негізі

Тәртіп пен тәрбие — білімнің негізі

Айдарымызға кезекті сұхбатты даярлау үшін Алматы қаласы, Алатау аудандық №14 орта мектепке бас сұққан едім. Мектеп диреторына жөнімді айтқаннан кейін, ол кісі маған бірден қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Айнұр Камзановамен сұхбаттасуды ұсынды. Тіл мен әдебиеттің танымы терең тәлімгерімен болған сұхбатымыз былайша өрбіді…
— Айнұр апай, өзіңіздің өмір жолыңызды қысқаша баяндап өтсеңіз?

— Мен 1973 жылы қазіргі ШҚО Зайсан қаласында өмірге келдім. 1980 жылы осы қаладағы мектеп-интернатқа оқуға түсіп, оны 1990 жылы аяқтап шықтым. Мектепті тәмамдағаннан кейін, Алматы қаласындағы полиграфиялық училищеде ашылған тұңғыш қазақ тілінде іс-қағаздарын жүргізу фаультетінде білім алдым. Училищені бітіріп аудандық білім бөлімінде жұмыс істегенім де бар. Бірақ, оқуымды жалғастыруды қалап 1993-98 жылдары қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-ін қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Университет қабырғасынан шыққаннан кейін №117 гимназияда тәлім беріп, 2004 жылы осы мектептің ұстаздар ұжымының қатарын толықтырдым.
Бұл салаға келуіңізге не себеп болды?
— Үйдегі анам 40 жылдан астам мұғалім болған адам. Біздің кезде мұғалім мен дәрігерден асқан мамандық иесі жоқ еді ғой. Заманның келбеті мен анамның үлгісі әсер еткен болу керек, осы саланы таңдадым. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болуға деген құштарлығым күшті еді.
— Ұстаздық өмірдің өзгелерден нендей айырмашылығы бар?
— Бізде өзің білетіндей балалармен жұмыс жасаймыз. Ұстаздық өмірдің бар ерекшелігі де, бар әдемілігі де сонда. Көз алдыңдағы бүлдіршендерді атпалдай азамат болғанша тәрбиелеп шыққаннан артық қандай қызық бар бұл өмірде?
Сіз үшін ең маңыздысы не?
— Әрине, отбасым. Қазақ адамы үшін, қазақ қауымы үшін отбасыдан артық құндылық жоқ деп ойлаймын. Өзім ұлттық реңін жоғалтпаған отбасыда тәрбие алғаннан кейін, жанұядан артық бір нәрсе бар деп айта алмаймын.
Сіздіңше жетістік деген не, апай?
— Шәкірттерім өмірден өз орнын тауып жатса, биіктерден көрінсе, міне, сол-жетістік. Педагогикада жетістіктің өлшемі – шәкірт. Оқушыларымыздың шыққан белесі биік болса, біздің де еңсеміз биік. Ұстаздан шәкірт озар деген тәмсіл де содан шыққан ғой…
Оқушыларға бірінші не керек деп ойлайсыз?
— Меніңше, тәртіп пен тәрбие. Егер, бұл екеуі болмаса білім де болмайды. Ол жайында ұлы педагогтардың қанатты сөздері де жеткілікті. Оны, мен айтпасама да білесің.
Қазіргі заман оқушылары несімен ұнайды және несімен ұнамайды?
— Ұнамайтыны гаджеттерде көп отырады. Бұл баланың бүткіл болмысына кері әсерін тигізеді. Атап айтқанда: сабақ үлгерімі нашарлайды, жүйкесі жұқарады т.с.с. Оны пайдаланған дұрыс, әрине. Бірақ, ғаламнан басқа дүниенің барлығында шек бар екенін ұмытпаған жөн. Артықшылығы деп те мен осыны айтар едім. Қазіргі балалар бізге қарағанда жаңа технологияларды өте жылдам игереді.
Оқушыны өмірге икемдеу мен оған білім беру істерінде қайсысына басымдық бергенді дұрыс деп ойлайсыз?
— Өмірге иекмдеу керек. Өйтпегенде, оқушының бар алған білімі үлкен өмірге шыққанда еш пайдаға аспай қалады.
Ұстаздық өміріңіздің түйінін айтсаңыз?
— Ұстаз әрқашан дамып отыруы керек. Тіпті, ең тәжірибелі деген ұстаз да көп дүниеден бейхабар екенін мойындайды. Себебі, білім шексіз ғой. Мен үшін ұстаздық өмір – шкесіз білімді игеру жолы.
Сұхбатыңызға рахмет!

Дінмұхамед МҰХАМЕТЖАН

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.