Home » Баяндамалар » ТӘРБИЕ – ТАЛ БЕСІКТЕН

ТӘРБИЕ – ТАЛ БЕСІКТЕН

Елбасы Н.Назарбаев «Қазіргі заман талабына сай, жан-жақты жетілген, бойына ұлттық сана мен ұлттық психология қалыптасқан, имандылық әдебі парасаты бар ұрпақ тәрбиелеу, өсіру, білім беру бүгінгі таңда отбасының, балабақшаның, барша елдің, халықтың міндеті» деп атап көрсетті. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартынының міндеттерін жүзеге асыру, мектепке дейінгі мекемелердің сапалы білім беруін қамтамасыз ету мақсатында мектепке дейінгі жастағы балалардың ішкі дүниесі мен қыр-сырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілеттерін дамуына жағдай түғызу қажет. Баланың қабілетін қаншалықты ерте ашып, дамытса, оның нәтижесі де соншалықты жемісті болмақ. Балалардың бойында оқу қызметін меңгерту, олардың танымдық белсенділігін дамытудың басты бағыты болып саналады. Баланы тәрбиелей отырып, ой-өрісін, тілін, танымдық қабілетін арттыру үшін ең алдымен, жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа — адамгершілік — рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Адамгершілік адамзат қоғамының даму тарихы арқылы қалыптасып, әрбір дәуірдің өзіндік қайшылықтарымен бірте қайнасып жетіледі. Сондықтан да адамгершілік мәнін абстрактылы түрде қарап, оны адамдардың табиғатымен, биологиялық ерекшелігімен ғана байланыстыруға болмайды. Адамгершілік тәрбие оқу-тәрбие үрдісінің барлық салаларында, яғни оқыту, білім беру барысында және еңбек үрдісінде жүзеге асырылады. „Өзін-өзі тану“ пәні қазіргі заманның талабына сай. «Өзін — өзі тану» пәні сабағында көзделген мақсат әрбір баланың өз бойындағы шығармашылық әлеуетін тани және аша білуге, өзінің эмоциялық көңіл күйі мен мінез — құлық мотивтерін ұғына білуге, бағалай білуге мүмкіндік туғызады. Осы пән арқылы баланың бойына мейірім мен рахымшылдықтың, адамгершіліктің, әділдіктің, шынайылықтың дәнін себуге болады. Болашақ ұрпақтың бойына рухани — адамгершілік қайнарын сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеуге, жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптер мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға негізделген. Жас ұрпақтың қабілеті мен мүмкіншілігін жан-жақты ашып, адамгершіліктің биігіне көтеретін, ізгілік пен сұлулықтың шын мағынасын түсінуге, шынайы мейірімділік пен ақиқатқа ұмтылуға, өз өмірін жоғары мәнмен өткізуге жетелейді.

Бiздiң №18 балабақшасында осы бағыттағы жүргiзiліп жатқан жұмыстарға тоқталатын болсақ, өзiндiк iзденiстер мен әдiстемелiк мүмкiндiктердi қарастырудан жан — жақты жұмыстар жүргiзiлуде. Мектепалды топтарының педагогтары «Халық салт – дәстүрлері балабақшада» атты әдістемелік құралын құрастырып, пайдалануда. Өз халқының мәдениетін, тарихын, өнерін сүю арқылы басқа халықтардың да тілі мен мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарайтын нағыз мәдениетті азамат қалыптасады. Қазақ халқының әлеуметтік өмірінде үлкенді сыйлау ұлттық дәстүрге айналған. Ата-бабаларымыздың баланы бесігінен жақсы әдеттерге баулыған. «Үлкенді сыйла», «Сәлем бер, жолын кесіп өтпе» деген секілді ұлағатты сөздердің мәні өте зор. Адамгершілікті, ар-ұяты бар адамның бет — бейнесі жарқын, биязы, өзі парасатты болатына сенеміз.

Қазіргі заманның тәрбиесінің негізгі мақсаты адамдарға рухани -адамгершілік қасиеттерді игерту болып табылады. Ал, міндетіне келер болсақ, сол игерген қасиеттерін қоғамдық ортада толық пайдалана білу. Тәлім — тәрбиедегі орнына келер болсақ, бұл айтылған рухани — адамгершілік қасиеттерді меңгерген кез-келген адам баласы ешуақытта жамандық жасауға бармайды, әрі «толық адам» болып қалыптасады. Адамзаттық ұлы Абай Құнанбаев сипаттаған “Толық адам” тұжырымдамасына лайықты қасиетке ие болу — үлкен жетістік. «Толық адамы» көп ел, ешуақытта азып — тозбайды. Сондықтан, мектепалды топтарының педагогтары құрастырған «Абайтану — балабақшада» бағдарламасына сүйене отырып, осы қағидаларды іске асырудамыз.

Балабақша психологымен бiрлесе отырып, бала жасына сай дамытушы және дидактикалық ойындар түрлерi жинақталып, толықтырылуда; дидактикалық ойынға сәйкес эстетикалық мәнi зор үлестiрмелi қолданбалы көрнекiлiктер дайындалады. Психолог балалармен жеке тұлға ретінде қарым-қатынасқа түсе отырып баланы өзі туралы айтуға, баға бере білуге, өзінің сезімін, мінез-құлқын, әдет дағдысын бақылай және басқара білуге, сонымен бірге жанындағы адамдарды табиғи болмысымен қабылдау, ізгі ниет, ықылас таныта білуге үйретуді көздейді. Осы әрекеттердің арқасында балалар үлкендермен қарым-қатынас жасау процесінде оларға үйір болу, оларды жақсы көру сезімі, олардың нұсқауларына сай әрекет жасауға, оларды қуантуға, жақын адамдарын ренжітетін қылықтар жасамауға ұмтылу пайда болады. Мектепке дейінгі шақта балада қайырымдылық, жанашырлық, қуанышқа ортақтасу сезімдері қалыптасады. Сезім балаларды белсенді іс-әрекетке: көмек көрсетуге, қамқорлық жасауға, көңіл аударуға, жұбатуға, қуантуға итермелейді. Патриоттық сезімге: туған өлкесін, Отанын сүюге, басқа ұлттардың адамдарын құрметтеуге тәрбиелеудің ерекше маңызы бар. Мектепке дейінгі балалардың ерекшелігі еліктеу қабілеттілігінің айқын көрінуі болып табылады. Балабақша тәрбиешілері балалардың рухани – адамгершілік құндылықтарын дамыту үшін жоба іс – әрекеттерін кеңнен қолданады, мысалы «Туған жердің табиғаты», «Отаным менің» жобалар арқылы ата – аналармен балалардың белсенділіктерін арттырады. Мысалы: ата-аналар жоба тақырыптары бойынша тәрбиешімен бірлесіп материал жинақтайды. Баланы жан- жақты дамыту тек үлкендермен, олардың басшылығымен іске асады, бала тек қарым-қатынас үрдісінде ғана әлемді және өзін таниды. Сондықтан отбасы мен балабақша ұжымы бала тәрбиесі мәселелерін бірлесе шешіп, бала бойына жан жылулығы мен рухани жылылықты дарытуды көздеді. Соған байланысты ата- аналар да балабақшадағы педагогикалық үрдіске белсене қатысып, үлестерін қосады. Жаңаша үлгідегі және жүйелі түрде өткізілетін сабақтарды балалар жақсы көргендіктен, ата-аналар да қызығушылық танытады. Мысалы: «Отбасы» лексикалық тақырыбында ата-аналармен бірлесіп ұйымдастырылған іс — шаралар өткізіп белсенділік арттыруда. Бір сөзбен айтқанда отбасы мен балабақша бірінің бастаған игілікті ісін екіншісі жалғастырады, толықтырады.  Бұл тек балаларға ғана емес, сонымен қатар ата-аналарға да қызықты болады. Балабақша ұжымы мен ата-аналар арасында бірлесіп атқарылған жұмыстың нәтижесінде ғана мектеп жасына дейінгі балалардың білімін, әлеуметтік және дене болмысын, көңіл-күйлерін ұйымдастырылған іс – әрекеттер арқылы дамытуға қол жеткізуге болатындығы айдан анық. Жылдық жоспарымызға көз жүгірсек мектепалды тобының балаларын «Өзін – өзі танушылар қатарына алу» рәсімі , спорттық жарыс «Әкем, шешем және мен», әр ай сайын туған күн иелерін құттықтау, ата – аналарға арналған бұрыштар бар «Білгенге маржан», «Қауіпсіздік ережесі», «Ата-аналарға кеңес», «Кел жаттайық бәріміз», жиналыстар, дөнгелек үстелдер: Мысалы, «Рухани – адамгершілік тәрбие», «Адамның асыл қасиеттері» атты тақырыпта өтілді. «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны» сайысына ата-аналар үлкен жауапкершілікпен қатысады. Ашық есік күндері ата – аналар балабақша өмірімен танысады. Балалардың ата–аналармен бірлесіп, жасалған жұмыстарынан тақырыптық көрмелер ұйымдастырылады. «Дүниежүзілік Отбасы күніне» байланысты «Отбасы — алтын ұям» атты іс — шара, ата-аналар қатысуымен өткізіліп, үлкен жұмыс жүргізіледі (ата-аналар ертегі сахналап, ән айтып, би билейді т.б). Сонымен қатар «Жирен жаман әдеттен, үйрен жақсы әдеппен» — дегендей халқымыз, балаларға тәрбиешілердің қатысуымен «Әдептілік — әдемілік» туралы мақал-мәтелдер айтылып, сахна қойылымдар көрсетілді. Ата-ананың балаға деген махаббаты мен олардың қамқорлығы баланың да жауапты үн қатуын шақырады, бала ата-ананың сөзіне құлақ салып, тәрбиелі болып өседі. Егер бала махаббат пен қамқормен бөленсе, ол өзінің қандай екеніне қарамастан жақсы көретінін, өзгелер үшін қажетті де, сүйікті жан екенін түсінсе, ол өзін қорғанған, біреуге қажеттілігін түсінеді. Осының бәрі оның мейірбан болып өсуіне жақсы ықпалын тигізеді. Адамгершілік – рухани тәрбиедегі басты нысана — баланы құрметтеу. Баланың қуат қоры мол болғандықтан, оның өмірді танып білуге ұмтылысы зор екенін мойындап, соған орай баланың сезімін, сұлулықты сезінуге, көңіл – күйін реттей білуге тәрбиелеуге үйретеміз. Осы қасиеттерді болашақ ұрпақтың бойына рухани адамгершілік қайнарын сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеуге, жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптер мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға негізделген. Ізгілік пен сұлулықтың шын мағынасын түсінуге, шынайы мейірімділік пен ақиқатқа ұмтылуға, өз өмірін жоғары мәнмен өткізуге жетелейді. Біздер осы бағытта өз тәжірибемізді жинақтаудамыз. Жұмыс барысында арнайы дайындалған әдістемелік құрал-жабдықтарға жаңаша көзқараспен қарап, саралап, өз жетістігімізді қосып жұмыс жүргізудеміз. Қазіргі ұрпақ тәрбиесіндегі басты мәселе — тұлғаны рухани — адамгершілік тұрғысынан дамыту. Жоғары ізгілік мұраттардың ең құндысы –руханилық. Өзін-өзі жетілдіретін тұлға үнемі ізгілік ұстанымдарын өз бойында шыңдап, жетілдіруге ұмтылады. Балабақшадағы тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы. Мектепке дейінгі шақ –бала бойына рухани-адамгершіліктің негізін қалайтын кез. Сондықтан да бала бойына жас кезінен бастап жоғары руханилық құндылықтарды: мейірімділік, инабаттылық, сұлулық, жақсылық, еркіндік, өмір мәні т.б. қалыптастыру педагогтардың және ата-аналардың міндеті. Ұрпақ тәрбиесі — келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени — ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу — біздің де қоғам алдындағы борышымыз деп есептеймін.

Қалимаш Сыздыкова,
№18 бөбектер бақшасының әдіскері,
Ақсу қаласы,
Павлодар облысы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.