«Тәбие – отбасынан басталады» – демекші, әкем мен анам тәрбиеге үлкен мән берді. Мен көп балалы отбасынан шықтым. Анам мен әкем бізді оқытып, тәрбиелеп әрқайсысымыздың қабілетімізге, мінезімізге сәйкес мамандыққа бағыт-бағдар берді. Әкем маған «сен жұмсақ, нәзік, кішіпейілсің, шапшаң мінезің жоқ, мұғалім болуға лайықсың. Сен кішіге қамқор бола білдің, үлкенге құрмет көрсеттің сен бала-бақшадан баста» – деп ақыл кеңесін берді. Неге екенін белгісіз анамыздан көрі қыздар әкемізге жақын болдық. Анамыз ағам мен ініме көп назар аударды. Бізге ақыл айтып, оң-терісімізді сараптаушы әкеміз еді. Әкеміз жалғыз өзі көп қиыншылық көрсе де, бізге жан-жақты білім алып беруде, тәрбие беруден жалыққан емес. Мен әкемнен сұрайтынмын: «Әке, біздің кішкентай кезімізде неге байлық жинамадыңыз?» -деп. Сонда әкем: «Балам, менің байлығым сендерсіңдер. Сендерден атық байлық жоқ. Сегізің-сегіз үй болып, қызмет істеп, өз нандарыңды өздерің тауып жесеңдер, маған содан асқан байлық керек емес» — деп жымиып қоятын. «Бар байлық білімде. Оқыған адам ғана барлық дәрежеге білімі арқылы жетеді» — дейтін. Сол сөздер санамызға сіңіп, жатталып қалды. Әкемнің ақыл қылып айтып кеткен кеңестерінің мәнін енді түсіндім. Үйткені өзімде отбасылы болып бала сүйіп, соларды өсіріп-тәрбиелеп жеткізуге, қызықтары мен қатар қиындықтарын да бастан өткерудеміз.
Ия, қарап отырсам біліммен қатар дұрыс тәрбиенің жемісін көргеннен артық – байлық та, бақыт та жоқ екен. Кәзіргі таңда сол сөздер расталып, білім алу деңгейі күрделеніп кетті. Бұрын да білім мектептен басталады деп айтушы еді, қазіргі таңда балабақшадан деп айтылатын болды. Ол өте қуанатын жағдай. Өйткені ата анадан кейінгі тәрбиешінің берген ең алғашқы білімі, тәлім-тәрбиесі ескерілуде. Тәбиеші жауапкершілігі мол, қиын да қызықты мамандық иесі. Әр баланың көңілін тауып, жылағанын уатып, ерке мінездерін түзетіп, қойған сұрақтарына жауап іздеп, қуанып шаттанса қуанатын, ренжісе ренжитін жүрегі жұмсақ жан болуы тиіс.
Балқаш қаласындағы «Ақбота» балабақшасында қызмет істеп келе жатқаныма 10 жылдың мұғдары болып қалыпты. Өзім І санаттағы тәрбиешімін. Қалалық ЭКОШ ұйымымен бірлесе отырып әр түрлі мерекелік іс-шараларға қатысамыз. Экологиялық тәрбие жөнінде жұмыс та жүргіземін. Сонымен қатар тәрбиеленушілеріммен жеткен жетістігім де өз алдына бір төбе.
2017 жылы Республикалық «Қысқы табиғат» атты көркем және фотосурет байқауына қатысушы оқушыларымен нәтижелі жұмыс жүргізгенім үшін мақтау қағазы берілді. Сонымен қатар «Күзгі тарту» қашықтықтан өткізілген ІІІ Республикалық балалар арасындағы қолдан жасалған бұйымдар сайысына балалармен қатысып белсенділік танытып қайттық.
2018 жылы Республикалық «Қош келдің, Наурыз!» атты интернет – байқауында тәрбиеленушілерім жүлделі орын алып, маған білім алушыларды дайындағаны үшін Астана қаласынан арнайы диплом берілді. Қалалық білі бөлімі тарапынан осы жылы «Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына үлесі үшін» құрмет грамотасымен марапатталдым.
Мектепке дейінгі білім беру қызметкелерінің V облыстық ғылыми-практикалық конференциясында «Мектепке дейінгі білім беру сапасы: Жаңартылған білім беру мазмұнын жүзеге асыру жағдайындағы жаңа тәсілдері» атты шыққан жинақта «Балабақшадағы экологиялық тәрбиенің алатын орны» деген тақырыппен менің жұмысым басылып шықты және т.с.с.
Менің айтайын дегенім тәрбиеші болу әркімге беріле бермейтін бақыт. Оның қыр сырын зерттеуде тоқтаусыз жылдар бойы педагогтар, ғалымдар тер төгуде. Әлі де оның сан қырлары ашылусыз жатыр.
- Бір қарияға жас жігіт сұрақ қойыпты: «Ата сіздің білгеніңіз көп
пе?!» — деп. Сонда қария: «Балам, мен жер таянар жасқа келсем де, білгенімнен-білмегенім көп» — деп айтқан екен. Бұл ел аузындағы нақыл сөздерді келтірген себебім: мен өзімнің осы жылдарымда көп тәжірибе жинақтадым. Дегенмен үйренетін нәрсем әлі де көп екенін айтқым келеді. Тәрбиеші мамандығы үнемі ізденуді, үйренуді, тәжірибе жинақтауды, балаға үйретде тынымсыз еңбекті, төзімділік пен ынта-ықыласпен атқаруды талап етеді.
«Тәрбиеші болу-бақыт» — деген… балалардың сыңғырлаған күлкісіне, әппақ қардай көңілдеріне, кіршіксіз таза жүректеріне дүниеде тең келер ештеңе жоқ. Сондықтан өмірде өз жолымды таңдауда қателеспегеніме ризамын.
Абилдина Маржан Мұратқызы,
Қарағанды облысы, Балқаш қаласындағы
«Ақбота» балабақшасының тәрбиешісі