Home » Жаңалықтар » Еркін елдің жастары

Еркін елдің жастары

Желтоқсан айының жетісі күні Қазақ Бас Сәулет-құрылыс академиясы жанындағы колледж студенттері, әсіресе «Жүзден – жүйрік, мыңнан — тұлпар» үйірмесі студенттерінің белсенді қатысуымен, 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне арнап «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз» атты мерекелік кеш өткізді. Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді колледж студенттері ерекше ықыластарымен, бар ынта жігерлерімен қарсы алып, кешті барынша қызықты етіп өткізуге тырысты.

Әсерлі кештің шымылдығы қазақтың қасиетті қара домбырасынан төгілген құдіретті күймен ашылды. Колледжіміздің күйші студенттері төгілтіп күй орындады. Кеш барысында желтоқсан оқиғасының басты қаһармандарының бірі Қайрат Рысқұлбековтың желтоқсан оқиғасына қатысты өмірінен көріністі көрермен қауымның назарына ұсынды. Студенттер өздерінің актерлік шеберліктерін көрсетті. Әсіресе Қайрат- Рысқұлбековтың бейнесін сомдаған КСЗЭС-18-2* тобының студенті Мажит Байбекхан мен Қайраттың анасының бейнесін сомдаған КАрх-18-1* топ студенті Иса Марияның рөлде ойнау шеберліктері тіпті керемет. Өздеріне берілген образдарды дәл сомдап бере алды. Сондай-ақ көрініс соңында Қайраттың ата-анасына жазған «Соңғы хатын» оқығанда ана рөлін сомдап тұрған Мария студентіміздің шебер ойнағаны соншалық көрерменнің көзіне еріксіз жас келтірді.

«Күніне бір өлең оқыған адам – ақын, аптасына бір өлең оқыған адам – азамат» демекші, біздің колледжде де өлең оқуға жаны құмар ақынжанды азаматтар да баршылық. Кең байтақ жерімізде Отанын, елін, жерін жырламайтын ақын жоқ шығар. Ақындарымыздың жүрегінен жарып шыққан патриоттық өлеңдерін кеш барысында оқудан студенттер өзара бәйгеге түсіп, бірінен-бірі оза шауып, патриоттық өлеңдерді жатқа оқып, бақ сынасты. Сол себептен де өлеңді жәй оқып қана қоймай, кеш барысында көркемсөз оқудан бәйге ұйымдастырғанды жөн көрдік. Өлең оқу үшін де өнеге керек. Өлең оқудың да өзіндік қағидасы бар. Әділқазылар алқасы кеш соңында көркемсөз оқудан озып шыққан жеңімпаздарды анықтады. Жеңімпаздарға жүлделі орындар беріліп, грамоталармен, сыйлықтармен марапатталды.

Кешіміз одан ары қарай жалғасын тауып, колледж студенттері бар өнерлерін ортаға салып, эстраданың сүйемелдеуімен ән айтып, мың құбылта би биледі.

Кеш соңында КАрх-18-2*, КДиз-18-1* топ студенттері «Көк тудың желбірегені» әнін хормен қалықта жырлады. Маңдайлары жарқырап, қолдарындағы жалауларын желбірете әндетіп тұрған студенттеріміздің жанарларынан қуаныш пен бақыттың нышаны байқалып тұрды. Колледжде мұндай іс-шараларды өткізу жас ұрпақты еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттырып, болашаққа деген жауапкершіліктерін нығайта түседі, сондай-ақ патриоттық сезімдерін арттыра түседі. Болашақта колледжіміздің студенттерінің мерейлері үстем болып, өнерлері өрге жүзсін. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын!

 

А.М.Нукеева,
М.Қ. Абдильдаева,
А.Б.Кушербаева.
ҚазБСҚА -ның проф.ассистенттері

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.