Биылғы жылдың 24 тамызынан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «USTAZ» кәсіби оқыту орталығы арасында жасалған келісімнің аясында, білім беру саласындағы ағылшын тілін меңгерген биология, химия, физика және информатика пәндерінің мұғалімдеріне арналған тәлімгерлік бойынша біліктілікті арттыру курстары басталды.
Курстың мақсаты – жан-жақты әдістемелік көмек көрсету арқылы педагог қызметкерлердің кәсіби құзыретін дамыту. Дәрістер тәлімгерлік бойынша біліктілікті арттыру курсының авторлық білім беру бағдарламасы бойынша өткізіледі.
Тәлімгерлік бойынша біліктілікті арттыру курсының бағдарламасы үш тілді білім беру моделіне көшуге, өз пәнін ағылшын тілінде оқыта білуге, ағылшын тілін В1 және жоғары деңгейде меңгерген жаратылыстану-ғылыми бағыттағы мұғалімдерге бағытталған.
Курстар аудан және облыс орталықтарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ республиканың шағын қалаларында өткізіледі.
Курстар 81 академиялық сағаттан және ағылшын тілін оқытудың 2 кезеңінен тұрады.
1-кезең 2018-2019 оқу жылының І тоқсанының алдындағы демалыс кезінде өткізіледі. Топ бойынша кемінде 33 академиялық сағат теорияға бағытталады. Оқу жылының І тоқсаны кезінде, тыңдаушының жұмыс орнында кемінде 16 академиялық сағат практикалық бөлігін оқиды.
2-кезең 2018-2019 оқу жылының ІІ тоқсанының алдындағы демалыс кезінде өтеді. Топ бойынша кемінде 24 академиялық сағат теорияға, ІІ тоқсан кезінде кемінде 8 академиялық сағат практикаға бағытталады.
Биология, химия, физика, информатика пәнінің мұғалімдері курс аяқталғаннан кейін өз пәнін ағылшын тілінде оқыту үшін қажетті коммуникативтік стратегияларды пайдалана алады; басқа әріптестерімен кәсіби байланыс жасай отырып, оқу процесін дамытуды және жақсартуды үйренеді, кәсіби тұрғыдан дамиды; өзге оқытушылардың сабақтарын бақылау, бағалау, түсіндіру және сынау арасындағы айырмашылықты көруге қабілетті болады; құзыреттілігін арттырады, оқытудың заманауи әдістері мен тәсілдерін толық игеріп танысады.
Астана қаласы
Ибраимова Д.С.
Жоба менеджері
ustazplc@gmail.com