Мен сияқты жоғарғы оқу орнын бітіріп, мұғалімдік мамандыққа жаңа келген жас маман үшін ақпан айының он тоғызыншы жұлдызында бастау алған «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ ұйымдастырған «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік бағдарламасы бойынша өткен «Сабақтағы жалпыадамзаттық құндылықтар» атты курс тәжірибе жинақтаудың бірден-бір мүмкіндігіне айналды.
Тренеріміз Рысгүл Жұмажанқызы курстың алғашқы кезеңі «Жүректен жүрекке» бөлімінде бізге теориялық біліммен қатар практикалық тәжірибелер жинақтауға мүмкіндік жасап, жан-жақты педагог болу үшін көптеген тапсырмалар берді. «Жүректен жүрекке» кезеңі 3 модульден тұрды. Әрбір модульдің өзіне тән ерекшелігі бар. Бірінші модульде курстың негізгі мақсатымен және әлемдегі негізгі дағдарыстар және онымен күресу жолы туралы баяндалса, екінші модульде жалпыадамзаттық құндылықтар туралы мағлұматтар жинап, сол құндылықтарды өз бойымызда жаңғыртуға тырыстық. Сонымен қатар, ата-аналармен жұмыс жүргізу, сабақ жоспарын қалай тиімді құру туралы түсініктер беріліп, әртүрлі мектептен келген мұғалімдермен пікір алмасып, өзіндік тәжірибемізбен бөлістік. Бірінші кезеңде берілген әрбір мәлімет біздің рухани-адамгершілік тұрғыда жетілуімізге өз септігін тигізді. Маған бұл курста берілген әрбір мәлімет — жұмыс барысында қолданатын қазынаға айналды.
Курстың бірінші кезеңі аяқталуына бір-ақ қадам қалды. Осы алғашқы кезеңде біз көптеген тапсырмалар орындадық. Әрбір сабақ барысында түрлі постерлер қорғадық. Бөлінген тақырыптар бойынша презентация жасадық. Ш.А. Амонашвилидің негізгі еңбектеріне курсанттар пікірлерін жазды. Мұнда біз Ш.А.Амонашвилидің барлық еңбектерімен танысып, негізгі ойы туралы өз білімдерімізді жетілдірдік. Бұл тапсырмада Қауһар Нағима апайдың, Дүйсенбай Ұлжан апайдың және Тоқсанова Шолпан апайдың пікілері өте жақсы болды. Маған түскен Ш.А.Амонашвилидің кітабы «Амон – Ра. Легенда о камне» еңбегі. Бұл кітап адамды жақсылыққа тәрбиелейтін кітап. Еңбектің әрбір сөйлемі жақсылыққа тұнып тұр. Біз әрбір жұма сайын шығармашылықпен айналыстық, әрбір күніміз ерекшелікке толы болды.
Курстың алғашқы кезеңіндегі жинаған теориялық білімімді «Құндылықтар практикасында» тиімді пайдаланамын. Курстан кейін жұмыс орныма Өзін-өзі тану пәнінің нағыз маманы болып баратыныма қуаныштымын. Курста тренер Рысгүл Жұмажанқызының оқыған әрбір лекциясын және руханилыққа баулыған әрбір құнды сөздерін өз жүрегімде сақтап, оқушыларыма риясыз сүйіспеншілікпен қарайтын мұғалім болып ораламын. Осы бағдарламаны жасаған «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығына, курсты өткізуді қамтамасыз еткен «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ-ға өз ризашылығымды білдіремін.
Сандуғаш АҚӘДІЛОВА,
Атамекен орта мектебінің
өзін-өзі тану пәні мұғалімі,
Бейнеу ауданы