Табиғатынан ешкімге зәбір көрсетпеген қазақ ұлты өзіне тән ұлттың қадір-қасиеттерін ұлықтап, бағалай білген. «Кісілік пен тектілікке талаптанар балам болса арманым қайда» деген қазақтың бұрынғы ұрпағының бойында қазіргі кезеңдегі ұрпақта кездесетін келеңсіздіктер жан ауыртады. Ата-бабамыз ұлының ұлтжанды, қызының жібек мінезді, барар шаңырағы берекелі, өнегелі болып тәрбиеленуіне көңіл бөлген. Сондықтан да ер баланың бойына намысқойлық, сертте тұру, мәрттік жасау, қанағатшылық, шаруақорлық секілді қасиеттерді сіңірте білген. Ал қыз балаларға ибалық, ұстамдылық, қонақжайлылық, бауырмалдық қасиеттерді ұялатуға айрықша мән берген.
Жалпы қазақ әлемінің дүниесінде әлеуметтілік және әлеуеттілік қасиеттердің барлығын атап өткен абзал. Әлеуеттілік – қазаққа ғана тән, сан ғасырлар бойында қызмет жасаған, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан, келешекте де болатын ұлт өкілін қалыптастыратын қазақ үрдісінің басты және шынайы нұсқасы. Жалпы алғанда, қазақ танымында үш түрлі білім қоры жинақталып, өрілген. Олар: табиғат туралы, қоғам туралы және осы екеуінің қабысуында туындаған адам туралы. Бүгін ғылым мен тарихы дамыған дәуірде, табиғат пен қоғам туралы ғылым білімдерінің шарықтап, сан-сапалы арнаға түскені баршамызға белгілі.
Ал, адам туралы оның өрісі табиғат бөлшегі ретінде қарастырған талабы да жан-жақты дамыған.
Қазақ ұлты өкілінің рухани жан дүниесі, ішкі құбылыс, рухын тануда әлі де зерттелетін мәселелер аз емес. Егер де рух туралы айтатын болсақ, ол туралы нақты анықтама беру қиынға соғады. Мысалы, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» рух дегеніміз табиғи, материалдық бастамалардан өзгеше, затсыз, идеалды бастаманы, қуатты батылдықты білдіретін ұғым ретінде қарастырылады [1]. Рух әлемі көзге көрініп, қолмен ұстайтын нәрсе емес. Философиялық мәнде рух абстракция, ол айқындалған шындық немістің классикалық философиясында рух туралы көптеген құнды пікірлер бар. Ұлы ойшыл Гегельдің «Рух феноменологиясы» деген еңбегінде рухтың көріну формаларын айта келіп, өзіндік санаға ерекше тоқталады.
Расында, өзіндік сана мен адамның еркіндігі, бостандығы бір-бірімен байланысып жатқан диалектикалық құбылыс. Сондықтан адам дүниеге келіп, оның өзіндік сапасын қалыптасқан уақыттан бастап, еркіндік пен бостандық туралы идея да өмір сүреді. Гегельдің пайымдауынша: «Еркіндік өлім мен өмірдің арасындағы процесс» [2]. Сонымен қатар мүлгіген табиғи процестерге жан бітіруде рухпен байланысы ақыл-ойдың да жемісі, үлесі болмақ. Сондықтан Гегель: «Ақыл-ой дегеніміз — Рух» деген пікір айтады. Әрине рухты жалғыз ақыл-оймен жеткізу, сипаттау жеткіліксіз болар. Адамдардың адамгершілік өмірі – жеке тұлғаның, яғни адамның өз өмірі болып табылады. Мұндай мәселенің өзі дүниеде обьективтік шындықта зат құбылыстарымен қатар, олардан тыс, бірақ солардың рухани болмыстығын, тынысын қамтамасыз етіп отыратын жан-жақты сан-алуан байланыстар бар екендігін көрсетеді.
Руханилық өз мағынасында адам мен қоғам арасындағы қатынастың дәнекері болатындығын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Өйткені адам оларды қоғамға тән барлық құндылықтар арқылы бойына сіңіріп отырады. Сол сияқты руханилықтың ата-текке де байланысып қасиеттерін де жоққа шығаруға болмас. Осыған орай атақты жырау бабамыз Бұқар атамыз: «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да тартпай қоймайды тегіне» [3] деген сөз ойға оралады. Дегенмен де тіршілікте рух болмысы дүниедегі заттар мен құбылыстардың негізінде құрылған әлдебір түрде болуы мүмкін. Біздің пікірімізше рух ұғымы, сонымен қатар жалпы категория ретінде ғана емес, символ, яғни нышан ретінде де қарастырыла алады. Мұндай түсінікті алғаш рет белгілі философ М. Мамардашвили рух ұғымының символдық, нышандық, сипаты туралы айта келіп, олардың жасанды сипатын, әсіресе, олардың «пайда болуы мен өмір сүруіне адамның рухани өндіруші іс-әрекетінің тікелей қатысты екендігін» [4] атап өткен еді.
Біздің пікірімізше, адам рухы жоғарғы, табиғаттан тыс құндылықтар ретінде сипатталуы қажет, яғни рух адамның дүниені түсіну нәтижесінде қалыптасатын, өз тіршілігі үшін адамның болуын қажет ететін ұғым ретінде қарастырылады.
Адам рухы – шектілікті заңдарға, қажеттілікке бағынбайтын, өзіндік мәні бар болмыстың маңызды бөлігі, өзіндік ерекшелігі.
Адамның қоршаған ортамен байланысы арқылы туындаған руханилық тіршіліктегі, мәдениеттегі, білімдегі ұдайылықты, тұрақтылықты қамтамасыз етіп отырады. Осы рухани тектіліктер арқылы қоғамдағы мағыналы құндылықтар мен қазыналар ұдайы өмір сүреді, олар салт-сана, әдеби, ғылым, өнер шығармашылығы арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырады.
Сондықтан да адамның руханилығы шексіз. Адамның руханилығынан туындаған жеке тұлғалық болмысының толыққандылығы және саналанып, саралағандығы адамгершіліктің, тәрбиеліктің көзі, іске асырушысы болып табылады. Осындай жағдайда кешегі замандағы тоталитаризм жүйесі кезеңінде адамның жеке қасиеті мен шығармашылық қасиеттері арасындағы байланыстылықтың үзіліп, адамды жеке тұлға ретіндегі кісілік қасиеттерінің қарастырылмай кеткендігін атап өтуіміз қажет. Себебі, адам өз бойына шамасы келгенше, өткен кезеңдер тәжірибесін жинақтап, сұрыптап, оның рухын өз бойына сіңіруге тырысады. Сол себептен де адам бойында оның кісілік болмысында, сана сезімінде қазіргі рухани мәдениетіміздің кейбір формалары мен өткен кезең мәдениетінің көріністері, бейнелері ұшырысады. Кей жағдайларда олардың арасында қайшылықтар болып қалуы мүмкін, бұндай кездерде ол кедергілердің адамның дүниетанымдық мүмкіндігіне, мұраттарына, кісілік қасиеттеріне байланысты жеңу жүзеге асырылып отыр. Өйткені кезең мәдениетінің тұңғиына бойлап, оның ішкі мазмұнын түсінуге тырысу адамды рухани байытады. Өткен кезең мәдениетінің інжу-маржанын өз бойына сіңіре алмаған, одан рухани нәр ала алмаған адам бүгінгі заман ағымына ілесіп, өзіне сай ерекшелік дәрежесіне еркін жете алмайды.
Қазақ халқында «жеті атасын білмеген жетесіз» деген дүниетанымдылық мағынада айтылған керемет философиялық көзқарас бар. Бұл ұғымның мәні өте тереңде жатыр. «Жеті атасын білу» деген сөз, ол – тек дәстүрді сыйлау ғана емес, сонымен қатар, ол тұлғаның мәңгілік, өмірдің шексіздігін және осы үрдістердегі өзінің мәнін түсіну, өз істері мен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіну. Ата баба аруағын сыйлау, кішірейтпеу — әрбір қазақ азаматы үшін қасиетті борышы болып саналады. Адамның рухани дүние болмысы томаға тұйық бітім емес, ол – шексіз. Сол себепті де, оның даму және жетілу процестерінің мүмкіндігі жоғары дәрежеде болады.
Адамның кісілік, тұлғалық, рухтық көрсеткіштерінің бірі – адамдардың бір-біріне деген сыйластығы, олардың әртүрлі сарындары, іс-әрекеттілігін бір сабырмен, салқынқандылықпен қабылдап алуы.
Адамның рухани болмысының мәні – ол адамның жасампаздық кей шығармашылық еркі, бостандығы, қуаты. Сондықтан да адамның рухы, оның өмір сүруі мен дамуына кепіл болатын біртұтас ретінде қалыптасуы.
Демек, «қасиеттілік» дегеніміздің өзі руханилық: ол адамның ішкі жан дүниесінен шығатын және оның еркінділігін тудыратын қуатты күш.
Мұнымен қоса руханилық – тек жәй ғана еркіндік емес, ол жауапкершілік іс, өйткені мұндай адам шексіз шығармашылық мүмкіншілігі арқылы бір өзі бүкіл әлем секілді болады.
Рухани адам, «рухталған» жан – бұл өзін-өзі біртұтас жан-жақтылық бағытқа дамыта алған еркін тұлға деп түсінгеніміз жөн.
Себебі адамдардың рухани дүниесі мен болмысының өлшемдері адамдардың ішкі жан дүниесімен, қасиеттерімен байланыстырылады. Осыдан келіп руханилық өлшемі – адамның тұлғалық қасиеттерін тұтастықпен ұштастыра отырып, тұрақты түрде жетілдіру қажеттілігі келіп шығады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» Алматы, 1985.
- Г. Гегель «Феноменология духа». М., Наука, 1997.
- Бес ғасыр жырлайды. Алматы, «Жазушы» 1991.
- М. Мамардашвили «Философия и личность». Человек. М. Мысль, 1979.
ТҮЙІНДЕМЕ
Аталған мақалада қазақ ұлтының бойындағы қасиеттері қарастырылады. Ұлттың рухани бейнесі және қазіргі кезеңдегі заманауи ағыммен байланыстылық сөз болады.
РЕЗЮМЕ
Казахская нация как духовнообразующая сила общества. Духовные аспекты формирование личности. А так же в данной статье рассматриваются проблемы формирования особенностей личностных качеств казахской нации в современный период общественного развития.
The resume
In given article are considered the problems of future personal dualities formation of the Kazakh nation during the modern period of social development.
Б. Қожамберлиев,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор