Home » Мақалалар » ТҰЛҒАЛЫҚ-БАҒДАРЛЫ ОҚЫТУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ИНТЕЛЛЕКТІСІН ДАМЫТУ

ТҰЛҒАЛЫҚ-БАҒДАРЛЫ ОҚЫТУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ИНТЕЛЛЕКТІСІН ДАМЫТУ

Қазақстанның әлемдік үрдістерге кірігуі, дамыған елдердің стандартына деген ұмтылысы еліміздің жаңа сапалық деңгейге жылдам өту қажеттілігін туындатуда. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси бағыттардағы өрлеуіндегі осындай өзгерістер өмірдің барлық саласындағы тұлға интеллектісінің мәртебесін көтеріп, мерейін үстем етуде.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған зияткерлік мектептер мен Назарбаев университеті — «Интеллектуалдық ұлт — 2020» жобасын жүзеге асырудың негізі. Қазір елімізде осы бағытта кешенді жұмыстар жасалып жатыр. Елбасы өз Жолдауында: «Қазір халықаралық стандарттар негізінде Назарбаев Университеті мен зияткерлік мектептер ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Олардың тәжірибесін Қазақстандағы бүкіл білім беру жүйесіне енгізу қажет және барлық білім беру орындарын солардың деңгейіне жеткізу керек» деп тапсырды.

Демек, Назарбаев Университеті мен зияткерлік мектептердің мақсаттары мен міндеттерін анықтауда соңғы ғылыми-теориялық, методологиялық құжаттардың талдауы бойынша, «адамды ойлауға үйрету үшін» өсіп келе жатқан ұрпақтың интеллектісін дамыту қазіргі кезде білім беру ісінде басты қажеттіліктердің бірі болып табылады.

Бүгінгі таңда зиялы қауымның алдында, жалпы қоғамның алдында тұрған негізгі міндет – ұлттық мәдениет пен әлемдік өркениетті өзара сабақтастыра отырып, бүгінгі XXI ғасыр ағымына лайықты интеллектуалды тұлғаны қалыптастыру.

Кез келген ұлттың дамуы ондағы адам капиталының дамуымен тікелей байланысты. Ал, адамның дамуы – оның интеллектісінің жоғары болуы, толысуы, қоғам мен заман, бүгінгі мен болашақта қойылар талаптарға сай болуы.

Осы орайда, психологиялық тұрғыдан алғанда, интеллект міндеті – болмыстың оъбективті талаптары мен индивидтің қажеттіліктерін біріктіре отырып, тұлғаны белгілі бір жағдайларда тәртіпке келуі және қоршаған ортаға бейімделуі. Яғни, тұлға іс-әрекетінің барлық аумағы – бір нәрсені білу, үйрену, жаңалық ашу, іздену – интеллект әрекетінің аймағы болып табылады.

Сонымен, интеллект табиғатын түсіндіруге талас тудырар сұрақтар кездескенімен, оның маңыздылығы қай бағытта да айқын көрсетілген. Әрине, бір жағынан алғанда, саналы көзқарас адам өркениетінің күшті ресурсы болып саналғанымен, екінші бір қырынан қарасақ, «саналы болу» деген сөздің ең нәзік психологиялық қабат екені мәлім. Қолайсыз жағдайға тап келген адам кез-келген уақытта оны «ысырып» тастайды. Саналылықтың психологиялық негізі интеллект екенін білеміз. Яғни, интеллектінің табиғатын жаңа тұрпатта түсіндіру қазіргі таңда маңызды жағдайлардың бірі болып табылады.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған елдердің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін – білім» екенін айта келіп, ол үшін «Бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет», — деп білім беру жүйесін жетілдіру мәселесін 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан — 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында алға қойған болатын.

Өркениетті елдермен теңесіп, әлем сахнасында өз орнымызды иелену үшін бізге алдымен білім керек. Білім – мектеп табалдырығынан бастау алады, ол әрине, бастауыш буын. Олай болса, біздегі білім деңгейін көтеру үшін, ұстаздар қауымы белгілі бір әдіс-тәсілдер мен технологияларды білім беру жүйесіндегі өз тәжірибесінде, оқыту ісінде жүйелі қолдануы тиіс.

Оқытудың деңгейін көтеру тұрмыстың деңгейін көтеруге тікелей әсер ететіндіктен, білім беру ісін жетілдіру оның тиімділігін арттырады. Ал, бұл әртүрлі жаңа технологияларды пайдалану арқылы тұлға интеллектісін дамытуына мүмкіндік береді.

Оқу-тәрбие процесін жаңаша ұйымдастыру оның философиялық, педагогикалық-психологиялық негіздерін, теориясы мен тәжірибесін терең зерделеуді қажет етеді. Соңғы кездері білім беру жүйесінің барлық деңгейлеріне жаңа технологиялар енгізіліп, оқыту мазмұны тұлға интеллектісін дамытуға, оқушының дербес психологиялық ерекшеліктерін, өзіндік қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін жетілдіруге бағыт алып отыр.

Оқыту барысында болып жатқан өзгерістер оқушы тұлғасына өте аз дәрежеде ықпал ететіндігін де көрсетті. Алған білімдері мен шеберліктерін балалардың күнделікті өмірде мүлдем қолданбайтындығы байқалды. Оқытуға арналған материалдар көлемінің ауқымдылығына қарамастан, оқушылардың жеке интеллектісінің даму деңгейі өзгеріссіз қалуда.

Білімді қолдану ақыл-оймен (интеллект) тығыз байланысты. Осыған сәйкес, оқу және шығармашылық қабілеттерін бөліп қарастыруға болады: оқыту – білім алу, шығармашылық – білімді жаңарту (қиял, болжам, елес).

Интеллект (ақыл, зерде) – жаңа өмірлік жағдайларға бейімделудің жалпы қабілеті. Жалпы, интеллект – психаның күрделі кіріктірілген сипаты, кез келген іс-әрекеттің жетістіктерін қамтамасыз ететін қасиеттердің жиынтығы.

Қазақстан Республикасында интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы еліміздің негізгі бастамаларының бірі болғандықтан, тұлға интеллектісінің дамуына заманауи мектептегі бастауыш сынып оқушыларының интеллектуалды қабілетін жетілдірудің педагогикалық мәні мен мазмұны, психологиялық ерекшеліктерінің ашылуы, жеке тұлғаны қалыптастыруда шешуші рөл атқаратындығы анықталды.

Тұлға интеллектісінің дамуын әлемдік философиялық көзқарастар мен педагогикалық-психологиялық еңбектерді талдау негізінде зерделесек, бастауыш сынып оқушының барлық қабілет-қасиеттерінің ашылып, жан-жақты жетілген интеллектуалды жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді. Заман талабына сай, оның қадір-қасиеті, жауапкершілігі, бостандығы, өз Отанына деген саналы көзқарасы, патриоттық тәрбиесі, іс-әрекеті, азаматтық қоғамға лайық өмір сүру қажеттілігі мен біліктілігінің көрініс табуы тиіс екендігі айқындалады.

Психологиялық зерттеулер негізінде, бастауыш сынып оқушылардың интеллектуалды қабілетін дамытудың теориялық-әдіснамалық негіздерін айқындады. «Тұлға», «индивид», «интеллект», «тұлға интеллектісінің дамуы» ұғымының мәні мен мазмұны анықталды.

Келешекте жалпы білім беретін мектептерде бастауыш сынып оқушыларының интеллектісінің дамуы қалай болмақ? Жоғары сыныпқа өтер кезде оқушылар оқу материалының мазмұнындағы түбегейлі өзгерістер мен оның көлемінің инновациялық ұлғаюын, ал, мұғалім сабақ барысында олардан икемділікті, өнімді іс-әрекетті талап ете алады. Нақтылық пен ұқыптылыққа, танымдық ізденіске, алға ұмтылуға үйретуді және оларды ғылыми жоба жасауға бейімдеп, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды меңгеру арқылы әлеуметтік ортада ішкі және сыртқы мәдениетке тән тұтас дамыту проблемаларын дербес зерттеуді тоқтатпау қажет.

Бастауыш сынып – тұлға интеллектісін дамытудың нағыз қолайлы кезі. Өйткені, бұл жастағы балалардың кез келгені (сурет салуда, ермексазбен жұмыс және т.б.) шығармашылық тапсырмаларды табысты орындай алады. Оқу – тәрбие үрдісі эмоционалдық тұрғыда олардың қызығушылықтарын арттырып, ынталандыру барысында іске асырылғаны жөн.

Қорыта келгенде, бастауыш сыныптарда оқушылардың интеллектісін дамытуға тұлғалық – бағдарлы оқыту технологиясы мен психологиялық қызметті пайдаланудың тиімділігіне көз жеткізді. Атап айтсақ:

— оқушының эмоциялық жай-күйіне жақсы ықпал етсек, оқуға деген қызығушылығы оянады;

— оқушы өз бетінше жұмыс істеуге дағдыланады;

— деңгейлік тапсырмалар оқушылардың ойлау қабілетін арттырады;

— оқушыларды деңгейіне қабілетіне айқындауға болады;

— даму мониторингі құрылады, сол арқылы оқушылардың дамуын қадағалауға мүмкіндік туады. Сынып оқушылары сабаққа толық қатысып, білімі бағаланады.

«Тұлғалық-бағдарлы оқыту технологиясын пайдалану да, эксперимент нәтижесінде көрсетілген психологтың қызметі де білім беру жүйесінде маңызды рөл атқарады». Қазіргі кездегі білім беру адамның жеке қасиеттерін дамытуға, оның мүмкіндіктері мен таланттарын ашуға, ішкі сана сезімі мен өзінің ой-мақсатын жүзеге асыра білуді қалыптастыруға бағытталуы тиіс.

Оқушының тұлға ретінде дамуы тек нормативті әрекеттерді меңгеру жолдарымен ғана емес, өзін-өзі дамытудың қайнар көзі ретіндегі субъективтік тәжірибелерді қайта жасау, үнемі байытып отыру арқылы да жүргізіледі.

Танымды (меңгеруді) қамтамасыз ететін оқушының субъективтік әрекеті ретіндегі оқыту жұмыстары үрдіс түрінде жүргізіліп, оның табиғатын, психологиялық мағынасын көрсететін арнайы терминдермен бейнеленуі қажет.

Оқытудың негізгі нәтижесі тиісті білімдер мен шеберліктерді меңгеру негізінде танымдық қабілеттерді қалыптастыра алу болуы тиіс.

Өйткені, мұндай оқыту барысында өзіндік құнды білім алу әрекеттеріне белсенді қатысу жүзеге асырылады, ал, оның мазмұны мен формалары оқушыға білімді меңгерту барысында өз бетімен іздену, өзін-өзі жетілдіру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Нұсқаулық, «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ
  2. Қазақстан Республикасы Н.Ә. Назарбаевтың «Интеллектуалды ұлт 2020» ұлттық баңдарламасы
  3. «Қазақстан – 2050» стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы.

    Шолпанкулова Ания Абыйровна

    «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы АОБПҚБАИ

    «Басқару және білім сапасы» кафедрасының аға оқытушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.