Home » Мақалалар » Тіл – халық байлығы

Тіл – халық байлығы

     Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Бүгінгі нарық заманы бізден бәсекеге қабілетті болуымызды, дамыған отыз елдің қатарынан көрінуіміз үшін білімді де озық ойлы азаматтарды тәрбиелеуімізді талап етеді.

Қоғамның дамуында тіл мәселесі бұрынғы заманда да маңызды рөл атқарған, өйткені тіл арқылы адам өз ойын жеткізіп қана қоймай, жаңа мәліметтерді алады. Еліміздің басты заңы – Конституциямыздың 7-бабында жазылғандай, мемлекеттік тіл қазақ тілі болып табылады, сонымен бірге орыс тілі де қатар жүреді. Қазақстан көпұлтты мемлекеттің бірі болғандықтан, «тіл мәселесі» жақсы қамтамасыз етілуі керек. Халқымыздың біртуар данышпаны Мағжан Жұмабаев: “Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілдің болуы” – деп тіл жайында терең толғаған. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда мемлекеттік тіл туралы оңды қоғамдық көзқарас қалыптасып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көптілді білімді дамытуға баса назар аударып отыр. «Еліміздің маңызды құндылықтарының бірі және басты артықшылығы – көпұлттылық пен көптілділік»- деп атап көрсеткен.

Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Тіл – халықтың ең негізгі байлығы. Қазір заман талабына сай үш тұғырлы тіл саясатын бәріміз де қолдаймыз. Үштілділік – бәсеке қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі.

Қарағанды облысының «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының тренерлері «Өрлеу» БАҰО» АҚ жоспары бойынша «Train the Trainer» форматында Cambridge English Language Assessment өкілдерінің қатысуымен оқу оқып, ағылшын тілін терең меңгеріп келді. Осыған байланысты, қазіргі уақытта филиалымызда физика, химия, биология және информатика мұғалімдеріне арналған «Үштілді оқыту жағдайында мұғалімдердің коммуникативтік-тілдік және пәндік құзыреттіліктерін қалыптастыру» тақырыбы бойынша 4 айлық курс жүргізілуде.

Сондай-ақ, БАИ ұйымдастыруымен Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығы тарапынан 2016 жылы ағылшын тілін 72 сағаттық бағдарламамен 1-топ оқыту курсынан өтсе, 2017 жылы 2-ші топ ағылшын тілін оқыту курсын аяқтап, сертификаттарын алған болатын.

Келешектің кепілі – білім беру ісіне ерекше көңіл бөліп, мемлекеттік бағдарламаның басым міндеттерінің бірі үштілділікті жүзеге асыру мақсатында біздің «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалында тілдерді дамыту мақсатында аймақ педагогтарына арналған облыстық семинар-тренингтер, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, мастер-класстар, әдістемелік десанттар, он-лайн консультациялар үзбей өткізіліп,  зор үлес қосуда.

Ағылшын тілінде ЖМБ пәндерін кіріктіріп оқыту әдістемесіне арналған (TKT CLIL) оқыту және тыңдаушылардың ағылшын тілін меңгеруін шыңдау мақсатында ПҚ БАИ-на бір айға жуық уақытқа шетелдік тренерлер келді. Олар өткізіліп жатқан үштілділік біліктілікті арттыру курстарының тыңдаушыларына сабақ береді. Шетелдік тренерлердің жұмыс барысында курс тыңдаушыларымен тілдесу арқылы тілді меңгеру дәрежесін арттырып, сабақ беру әдістемесін тереңірек меңгеріледі деген мол сенімдеміз.

Қорыта келгенде, өскелең ұрпақтың ағылшын тілін халықаралық тіл ретінде оқып үйренуге ұмтылыс жасауы — заман талабы, бүгінгі заманымыздың, ақпараттық және компьютер технологияларының кілті деуге болады. Бүгінгі таңда ағылшын тілін оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік.

Үш тілде оқыту – заман талабы десек, оның негізгі мақсаты: бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Көптілді болу – уақыт талабы.

Садирбекова Арай Нурлановна,

«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы бойынша

педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты

академиялық бөлімнің жетекші маманы

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.