Ал екінші бақытым – тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім — деп ақиық ақын Мұқағали Мақатев айтқандай тіл- мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Адам мен адамды, халық пен халықты жақындастыратын құрал –тіл. Тіл – достықтың кепілі, ел татулығының негізі.
Тілден биік асқар жоқ,
Тілден асқан байлық жоқ,
Тілден терең теңіз жоқ- деп Ғ.Мүсірепов айтқандай қай елде, қай ұлтта болсын тіл — ең қастерлі, қасиетті, құдыреттісі.Сондықтан мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге арналған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес «Тілдер айлығы» шеңберінде Бекмұрат Уахатов атындағы орта мектебінде «Тіл тағдыры-ел тағдыры »тақырыбында айлық аясында мектепішілік іс-шаралар ұйымдастырылып,өткізілді.Салтанатты ашылу рәсімінен кейін жоспармен таныстырылып, іс-шаралар бастауын алып, жалғасып кетті. Жоспарға сәйкес мектеп кітапханашысы Кабдуллина К.Б «Бір ел-бір кітап» республикалық акция шеңберінде Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы, Ә.Тәжібаевтың поэзиясынан көрме ұйымдастырып, жоғары сынып оқушыларымен аталмыш кітаптарды талқылады. Мектептің барлық сыныптарында « Ана тілі – әр ұлттың қазына байлығы» тақырыбында тәрбие сағаттары өткізілді. Тәрбие сағаттары қазіргі жаңартылған білім мазмұнына сай әр түрлі әдіс-тәсілдермен түрлі форматта өтті. Мәселен 6- сыныпта «Тіл-қазына» тақырыбында тілдік викторина түрінде өтсе, 7-10- сынып арасында презентация сабақ өткізілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Туған жерім-киелім» тақырыбында мұражайға саяхат ұйымдастырылды. Басты мақсат туған жерге деген сүйіспеншіліктерін арттыра отырып, туған елден шыққан ғұламалардың өмірін үлгі ете отырып, құрметтеу. Сонымен қатар бастауыш сынып оқушыларының арасында республикалық «Мың бала» жобасының аясында суреттер сайысы ұйымдастырылып, 3-сынып оқушысы Ертай Керімжан І орын, 4- сынып оқушысы Асқар Ақжарқын ІІ орын, 3- сынып оқушысы Балғабаев Ерсұлтан ІІІ орын иеленді.
Биылғы жыл қазақ халқының маңдайына біткен біртуар ақыны, дара, дана ақыны Ұлы Абайдың 175 жылдығы екені баршамызға мәлім. Осыған орай «Тілдер айлығының» шеңберінде Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ақын өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқу сайысы өтті. Нәтижесінде 5- сынып оқушысы Балғабаева Назерке І орынды иеленді. ІІ орынды 7- сынып оқушысы Серікбай Аяулым иеленсе, ІІІ орынды Байзулла Елдана иеленді. Бастауыш буын арасында І орынды 2- сынып оқушысы Айдар Аянат, ІІ орынмен 3- сынып оқушысы Сағдат Айзада, ІІІ орынмен 1- сынып оқушысы Табылды Ахмади марапатталды.Сонымен қатар Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай # abai 175 хэштегімен әлеуметтік желілерде интернет-челленджге қатысу да басталды.
Латын әліпбиін оқытудың жолға қойылуы — бүгінгі қоғамдық-әлеуметтік сұраным талабынан туындап отырған мәселе .Осыны басшылыққа ала отыра «Латын әліпбиінде жазамын» бірегей диктант жазу 5-10-сынып аралығында өткізілді.Бір ай көлемінде өткізілген «Тілдер айлығы» шеңберінде өткізілген «Тіл тағдыры-ел тағдыры » іс-шараларының басты мақсаты мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау,жас ұрпақты тілін, Отанын, елін, жерін сүюге, салт-дәстүрін, тарихын құрметтеуге тәрбиелеу екені сөзсіз.
«Тілдер айлығы» шеңберінде өткізілген іс-шаралардың белсенді қатысушылары мен жеңімпаздары мектепішілік жиылыста марапатталып, қорытындысы шығарылды
Салимова М.С
Бекмұрат Уахатов атындағы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі