Тіл – адамзаттың бір-бірімен пікірлесуін, сөйлесуін қамтамасыз ете келіп, тілдік қарым-қатынасты іс жүзіне асырады. Қазір халықаралық қатынас жан-жақты дамыған уақытта тілді оқыту мен үйренуге айрықша назар аударылып отырғаны белгілі. Тіл үйрену және оның әдіс-тәсілдері неғұрлым тиімді болса, адамдар арасындағы тілдік қарым-қатынас соғұрлым түсінікті, тілді үйрену нәтижесі терең болады. Еліміздегі жүріп жатқан өзгерістердің мәнін пайымдау бәрінен бұрын жастарды тәрбиелеп отырған ұстаздарға үлкен жауапкершіліктер жүктейді.
Елбасымыз «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында: «Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар — қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі» деп атап көрсетті. Тілді білу – өркениетті елдердің білім кеңістігінде нәтижеге жетудің маңызды факторларының бірі болып саналады. Елбасымыз Жолдауында атап көрсеткендей, қазіргі шәкірт ертеңгі күні әлем кеңістігіне еркін ену үшін білім беру жүйесі халықаралық деңгейге көтерілуі керек. Сондықтан да XXI ғасырда ағылшын тілін үйрететін ұстаздарға қойылатын талаптар ауқымы үлкен.
Мектепте шет тілін оқыту әдістемесі бағытында Маңғыстау облысының білім басқармасының оқу-әдістемелік және қосымша білім беру орталығының іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2017 жылдың 10 ақпанында Түпқараған ауданы Ақшұқыр мектеп лицейі базасында «Ағылшын тілі пәнін оқытудың жаңа әдістерін талқылау» тақырыбында облыстық семинар ұйымдастырылды. Семинарда білім сапасын арттыру, жас мамандарға əдістемелік көмек көрсету, мұғалімдердің өзара іс-тәжірибе алмасуы, ағылшын тілі пәнін оқытуда қазіргі заманауи технология әдістерінің тиімді қолдану мақсаты көзделді.
Іс-шараға облыс бойынша 50-ден аса ағылшын тілі мұғалімдері (жас мамандар) қатысты. Семинар жұмысында әдістемелік тұрғыда баяндамалар оқылды, оқытудың жаңа технологиясы негізінде тренинг, коучинг, панорамалық сабақтар өткізілді. Ақтау қаласы №8 орта мектептің мұғалімі Оңайбаева Жанат «Ағылшын тілі пәнін оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері» тақырыбындағы баяндама жасады. Баяндамада 7 модульді оқытуды сабақта тиімді қолдану жас маманның шығармашылық әлеуетін дамытуына ықпал ететіні айтылды.
Жаңартылған білім мазмұны бағдарламасы бойынша Бейнеу ауданы Ж.Қалдығараев атындағы орта мектептің ағылшын тілі мұғалімі Мусирова Гулзат 1-сыныпқа «The fox and the stork» тақырыбындағы өткен сабағында оқушылардың сөйлеу дағдысын, шеберлігін дамытуды көздесе, Маңғыстау ауданы Жармыш орта мектебінің мұғалімі Манашева Гүлшат, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр мектеп лицейінің жас маманы Нұржанова Гүлден өз сабақтарында сыни, шығармашылық ойлауға бағытталған топтық жұмыс түрлерін, оқытудың әдіс-тәсілдер ерекшеліктерін, тақырыпты меңгерту дағдыларын тиімді қолданудың жолдарын көрсетсе, Қарақия ауданы №8 орта мектептің ағылшын тілі мұғалімі Қожалақова Айгүлдің тренинг түрінде өткен сабағы қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін оқу үрдісінде шебер қолдана алды. Мұнайлы ауданы Қызылтөбе лицейінің мұғалімі Жувбаева Алия күрделі тапсырманы орындаудың әдістемесін көрсете отырып, интернет технология ресурстарын заманауи талапқа сай сабақта қолдану, Жаңаөзен қаласы №12 бастауыш мектептің ағылшын тілі мұғалімі Темирова Жанардың «Ағылшын тілі пәніндегі диалогтық оқытудың тиімділігі» тақырыбында өткізген коучингі практикалық дағдыларды қалыптастыру, жетілдіруде диалогтық оқыту әдісі тиімді екендігін көрсетті.
Аталған семинардың ерекшелігі – практикалық сабақтар семинарға қатысқан жас мамандарға өткізілді. Әдістемелік тәжірибе алмасу бағытындағы мұндай іс-шаралардың мұғалімдер үшін тиімді жағы басым, өйткені практикалық жұмыстарға оқушы есебінде қатысу оқушының тақырыпты меңгеру деңгейін бағалауға жол ашары сөзсіз. Бір ескеретін жағдай – сабақты ұйымдастыруға және практикалық тапсырмаларды орындауға мұғалімдер емес, оқушылардың қатысуы қажет, себебі туындайтын сұрақтарды анықтауда шынайы болжам өз нәтижесін бере алмауы мүмкін.
Дөңгелек үстелде мұғалімдер өткізілген сабақтарды өзара талқылап, ағылшын тілін оқытуда туындаған қиындықтарды, мазмұнды мәселелерді және ұсыныстарды ортаға салып, семинар соңы пікірталасқа ұласты.
Семинардың жоғары деңгейде өтуіне жағдай жасаған Ақшұқыр мектеп-лицейінің ұжымына, директоры Қаламқас Қалиқызы мен мектеп әдіскері Амангүл Сабырханқызына риясыз ризалық ниетімізді білдіріп, қуанышты көңіл күймен тарастық.
Тілді меңгерту – күрделі процесс болғанымен, шын ықылас-ынта болған жағдайда өз нәтижесін көрсетері анық. Тәжірибе көрсетіп жүргендей, тілші мұғалімдерден жаңашыл көзқарас пен шығармашылық ізденіс қажет ететіні анық.
Созақбаева Асия Қуатжанқызы
Маңғыстау облысының білім басқармасы
«Облыстық оқу-әдістемелік орталығы»
қоғамдық-гуманитарлық бөлімінің әдіскері