Латын әліпбиіне көшу – заман талабы екені дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Өйткені, ХХІ ғасыр жаңа технологиялар мен бәсекелестік ғасыры. Ал, әлемдік ғылымның, жаңа инновацияның, тіпті ІT-технологияның басым бағыттары латын әліпбиінде жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деген еді. Міне, осы бағдарламалық мақаладан кейін латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшу кеңінен талқылана бастады. Көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылық Елбасы бастамасын қуаттап, ғалымдар мен тіл мамандары латын әліпбиінің жаңа нұсқасын дайындауға кірісті. Ұлттық комиссия құрылып, қарқынды жұмыс жасады. Зерделенді, зерттелді, тиімді ұсыныстар қаперге алынды. Яғни, ел азаматтарының барлығы дерлік телеарналарда, газеттерде, әлеуметтік желілерде өз пікірлерін білдіріп, үлкен талқылаудан өтті. Сол себепті, күні кеше қабылданған Президент Жарлығы халқымыздың бірлігінің белгісі, елде келісім көкжиегінің кеңейгенінін көрінісі десек болады.
Асылында, тілдің жаңғыруы – ұлттың кемелденуі. Өйткені, тіл – ұлттың жүрегі, күретамыры, өткені мен бүгінін байланыстыратын асыл құндылық. Түптеп келгенде, бүгін қолға алынып жатқан жұмыстардың барлығы болашақ үшін жасалып жатқан тірлік. Қазіргі таңда мектеп оқушылары мен студенттердің, жастардың, экономикалық белсенді халықтың латын графикасын интернет тілі ретінде күнделікті қолданатынын және латын әліпбиінде оқып, жазуға зейіндері жететінін ескерсек, қоғамның жаңа процесске бейімделуіне кедергі жоқ деп айтуға негіз бар. Бірақ, кириллицаға әбден үйреніп қалған азаматтар үшін бірқатар жұмыс жасауымызға тура келеді. Мәселен, ең алдымен көшелердегі жазулар, атап айтқанда, ілінген билбордтар, мекеме атаулары, хабарландырулар жаңадан қабылданған нұсқаға сәйкес жазылса, көз үйренеді, тіл жаттығады. Осылайша, Президент айтқан кезең-кезеңімен көшу жұмыстары жүйелі жүзеге асады.
Ал, латын әліпбиінің жаңа нұсқасы жөнінде айтар болсақ, әріптердің жазылуы мен дыбысталуында үйлесімділік бар екенін ерекше атап өту керек. Яғни, бір дыбыс бір таңбамен белгіленген. Сонымен бірге, бұған дейінгі нұсқадағы апострофтар алынып, оның орнына әріптердің үстіне жіңішке сызық (таңба) қойылатын болды. Соған сәйкес, Ә, ғ, й, ң, ө, ү, у әріптерінің жазылуы өзгереді. Жіңішке сызықтардың әріптерден кейін емес, әріптердің үстіне қойылуы халықаралық талаптарға да сай келеді. Компьютерде бұрынғы нұсқасы арқылы төл дыбыстарымызды таңбалау үшін пернетақтаны екі рет басу керек болса, қазіргі нұсқада пернетақтаны бір рет қана басамыз. Яғни, барынша ықшамдалған, жазуға да, оқуға да ыңғайлы. Ғалымдар мен тіл мамандарының бірлесе жасаған еңбегінің нәтижесінде бұл төл дыбыстарымыздың сақталуына негіз болады. Сондай-ақ, ш, ч әріптеріне диграфтар қосылды.
Негізінен, жаңа нұсқаны тез меңгеру үшін әуелі ықылас керектігі анық. Ол үшін әрбір азамат тіл реформасына оң көзқарас танытып, келешек үшін керекті дүниені меңгеруге баса мән беру керек. Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшу – тіл тазалығын сақтауға ғана емес, ұлт болып ұйысуымызға мүмкіндік береді. Тез бейімделу өзімізге байланысты. Меніңше, барлық ұсыныстар мен пікірлер ескерілген, ғалымдар мен тіл мамандарының көзқарасы қаперге алынған жаңа әліпби – тарихи кезеңге қадам басуымыздың тағы бір дәлелі.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз хатшысы