Бүгінгі таңда өзге ұлт өкілінің мемлекеттік тілді жетік білуі тосын жаңалық емес. Себебі тіл үйрену қоғам талабына айналды.
Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінде өзге ұлт өкілдері бола тұра қазақша сөйлейтін студенттер көп. Солардың бірі «Шетел тілінің мұғалімі» мамандығының 1 курс студенті Михайлюк Владимира. Ол Қамысты ауданының Ы.Алтынсарин атындағы қазақ мектебінде білім алған екен.Оның алға қойған мақсаты болашақта тіл білгірі аудармашы болу. Өз мақсатына жету жолында ол бірнеше тілдерді меңгеруді мықтап мақсат тұтқан. Қазірдің өзінде қос тілді еркін меңгерген Владимира мектеп қабырғасынан-ақ қазақ тілі және ағылшын тілдерін ерекше жақсы көріп оқыған.
Бос уақытында қазақ ақын жазушыларының кітаптарын оқуды жақсы үрдіске айналдырған ол соңғы кездері жерлес ақынымыз,талантты тұлға Серікбай Оспановтың
«Сөнбес шырақ» тақырыбындағы шығармасын оқып жүр. «Кітап оқу арқылы сөздік қорың байып, ой көкжиегің кеңейе түседі»,-дейді Владимира. Тынымсыз ізденіп, көп оқитын талапты студент қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың отты жырларын да ерекше сүйіп оқиды.
«Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» демекші қарапайым отбасында тәрбиеленіп өскен Владимираға қазақ тілін әжесі үйреткен екен. Тіл үйренудегі ынтазарлық отбасы тәрбиесінен бастау алғаны байқалады.
Оның колледжде білім алып жүргеніне де көп уақыт бола қойған жоқ. Әйтсе де Владимира этностар арасында қазақ тілі білгірлерінің «Тіл парасат» атты қалалық байқауда қатысушылар арасынан оқ бойы озық шығып, жүлделі 1 орынға ие болды. Бұл оның колледждегі алғашқы жеңісі. Мұнымен шектелмейтіні де анық. Тіл халықтың өмір айнасы.Олай болса тілге құрмет, елге құрмет.Бірнеше тілді жақсы меңгерген Владимира болашақта елімізде мемлекеттік тілдің құлашын кеңге жайып, дамудың даңғыл жолында даралануында өзіндік үлесін қосатындардың бірі болмақ.
Даулбаева Нұрдана,
Ы.Алтынсарин атындағы РӘГК-нің «Жас қаламгер» үйірмесінің мүшесі, МДТ-02 тобының студенті