Home » Жас қалам » Туған өлке болашағы жайлы арманым…

Туған өлке болашағы жайлы арманым…

«Отансыз адам- ормансыз бұлбұл»

                                                                                      Халық мақалы

              Туған ел, туған жер дегенде толқымайтын жүрек, туламайтын сезім болмайтын шығар, сірә… Халық нақылына сүйенсек, әр адамның туған елі, кіндік қаны тамған жері, бейқұт мекені, алтын бесігі болады. Сол секілді менің құтты мекенім — Ақжайық ауданы, Алғабас ауылы. Мен осынау Батыс Қазақстанның, Ақжайық ауданының бір түкпіріндегі шалғай жатқан шағын Алғабас ауылында туып өскенімді мақтан тұтамын. Менің туып өскен өлкемде сан мыңдаған елеулі, ардақты азаматтар мен азаматшалар қалтқысыз қызмет етіп, бірі бейнетінің зейнетін көріп құрмет демалысына шықса, бірі артына абыройлы еңбегін өшпестей қып ұрпаққа үлгі етсе, жас толқын жаңа буын туған өлкемнің болашағы үшін барынша өз қызметтерін атқаруда. Мен де өз туған өлкемнің бір талдырмаш перзентімін. Өз ауылым үшін қолымнан келгенше кәдеге асарлық іс жасауға талпынып, бағамын. Осы мақсаттарды жүзеге асыру жолында мектепті жақсы оқып, білім алып, жақсы мамандық иесі боп, өз өлкемді көркейту жолында күш-жігерімді аянып қалғым келмейді.

Бұл дүниеде біз ұмытуға болмайтын бір  нәрсе  бар. Ол — бірлігі  жарасқан, жүректеріне бірлік, татулық туын тіккен, ешбір құндылық жетпейтін бір ғана еліміз барын және сол бір ғажайып бірлігі мен татулығы, берекесі жарасқан елімізді  басқарып, ел бірлігі туының жығылмай тік тұруына, оның жығылып қалмасын  бақылап, бағдарлап, тірек болып жүрген, осынау еліміз, Тәуелсіз Қазақстанымыз  үшін жаратылған адал жан бір ғана, жалғыз дара елбасымыз — Нұрсұлтан  Әбішұлы  Назарбаев екенін естен шығармағанымыз жөн. Біздің бар байлығымыз — тәуелсіз еліміздің берекесі, біз үшін дүние жүзінде аса қымбат бір ғана ел — Қазақстан халқының бірлігі, өзгеге тағылым болып отырғаны анық. Қазіргі таңда Қазақстанда барлық өлкелер гүлденіп, жасыл желекке жамылып көркейіп, жанданып келетініне өте қуаныштымын. Оның бірден бір қозғаушы күші — елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасының жүйелі іске асырылуы. Мен болашақта табиғатты қорғайтын эколог мамандығын меңгергім келеді. Туған елімнің табиғатын қорғап, халқымның салауатты өмір сүруі үшін тазалықты сақтау, қажетсіз зиянды қалдықтардан арылудың жолдарын зерттегім келеді. Қазіргі заманға сай жаңа техника, биік-биік ғимараттар, зәулім үйлер салынып, ірі көлемдегі қалалар бой көтеруде. Қазақ әліпбиіне негізделген кириллицаның латын қаріпіне ауысуы секілді тың өзгерістер тағы бар. Әрине, бұл өте жақсы, елеулі, көңіл көншітер жаңалықтар болып есептеледі. Қазақстанның дамуы барша әлемге танылуына көп әсерін тигізбек. Бірақ, менің бір таң қалатыным: еліміздегі байлықтарды шет елдіктерге  игертуге жол беруіміз. Олар біздің елімізде қызмет етіп, көптеген фабрикаларда жұмыс жасап жатыр. Иә, өлкеміздегі шикізаттың екі жаққа да берер пайдасы бар, бірақ неге біз барлығын өзіміз жасамаймыз? Қазір шетелдерден үйренудеміз. Бұл жақсы. Кейіннен шетелдіктердің өз елдеріне кері кетуіне кім кепіл? Мысалға алар болсақ, біздің елімізде ірі мұнай өндіретін кәсіпорындар бар. Оларда жұмыс жасайтын адамдардың басым көпшілігі өзге ел азаматтары. Мұнай өндіргенде кейбір қателіктердің әсерінен су ластанып, жер асты тіршілік етушілерге зиянын тигізуде. Әрине, мұнайды сатып ірі көлемде қаржы алып, елімізді көркейтіп, осындай тәуелсіз елде өмір сүріп жатырғанымыз рас, бірақ табиғатты неге ластаймыз? Көптеген фабрикалардың мұржаларынан шыққан түтіннің өзі ауаны ластап жатыр. Сол лас ауаны жұтып отырған адамдардың көбі ауруға шалдығуда. Осының барлығы қазақтың санының көбейуіне кері әсерін тигізбек. Сондықтан мен болашақта осындай келеңсіз жайттардың күшін жою үшін талмай білім алып, осы жолда аянбай еңбек етіп, күресемін.

Туған өлке болашағы жайлы менің ең басты арманым — қазақ халқының, қазақ жастарының екі қолы өз аузына жеткен, саналы, білімді болуы. Сонда ғана біз оз елімізде өзіміз жұмыс жасар едік. Бүгінде елімізде білім беруге аса мән берілуде. Міне, бұл дұрыс. Сіз қазіргі заманда барлығы ақшамен шешіледі деп ойласаңыз, сіз қателесесіз. Сізге сол ақшаның өзі еңбек пен білімнің арқасында келеді. Осы уақытта білімге құштар болып, білуге ұмтылсақ, біз де даму, көркею жолына түсеміз, ең бастысы Қазақстан мәңгі жасарлықтай болуы — біздің — білімді, еңбекқор болашақ ұрпақ қолында. Бірлігі жарасқан, білімді, тату елде туғаныма мен де қуаныштымын және туған өлкемнің болашағы үшін аянбай білім алып, еңбек етемін. Қазақтың әрбір баласы осыны білсе деймін.

 

Кенжеахметова Назерке Жанболатқызы,

Алғабас ОЖББМ КММ,

9-сынып оқушысы

Жетекшісі: қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі

Сағындықова Алтынгүл Мирқызы

БҚО, Ақжайық ауданы, Алғабас

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.