Home » Білім және тұлға » Білімді басшы — білікті маман

Білімді басшы — білікті маман

Білімділік адамның мінезі мен ісінен көрінеді. «Білім — ағаш, іс — жеміс» деген сөз бар. Білім иесі оны пайдалану үшін іске жұмсайды, ал егер білгенін іске асыра алмаса, онда оны білімді деп айтуға келмейді. Осындайда білгенін өзінен кейінгілерге үйреткен, өзінің іс-әрекетінің жемісін көрген ұлағатты, іскер басшы Әділхан Шаймағамбетұлын айтуға болады. Ол 1954 жылы қараша айының 13 жұлдызында дүниеге келген.

Жүсіпов Әділхан Шаймағамбетұлы еңбек жолын Торғай облысы Жаңадала ауданының Титов атындағы орта мектепте математика пәні мұғалімі болып бастады. Әр түрлі тақырыптарға сынып сабақтарын ұйымдастырып, оқушылардың оқуға деген ынта-жігерін дамытуға бағытталған жұмыстарда өзінің шығармашылығымен, білімділігімен көзге түсіп, жас болса да келесі оқу жылында директор өзінің оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары етіп тағайындайды. Үш жыл осы жұмысты атқарғанда мектепте тиянақты, жауапкершілікті сезінетін, бір-бірін бағалайтын ұжым қалыптасты, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізеді. Екі бірдей мектеп түлегі алтын медальға бітірді, төрт түлек Москваның таңдаулы жоғары оқу орындарына оқуға түседі.

Мектептегі оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы іс-әрекетін бағалап, кәсіби қалыптасуын байқаған аудан басшылары мектепті басқара алады деген үміт артып, 1979 жылы аудан орталығынан 120 км жердегі Шалғай ауылына мектепке директор етіп тағайындайды. Мектептің ең негізгі проблемасы — мұғалім кадрларының жетіспеушілігі. Жергілікті жерден шыққан мұғалімдер жоқ, ал сырттан келген жас мамандар тұрақтамайды. Кадр мәселесін шешуде біраз жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде ұжымда мұғалімдер тұрақталып, кадр мәселесі шешімін тауып, оқушылардың білім сапасы біршама көтеріледі.

1983 жылы Жаңадала аудандық атқару комитеті оқу бөлімінің меңгеруші қызметіне шақырылады. Аудандық білім беру саласында 15 жыл ішінде атқарған жұмысы жоғары бағаланып, 1990 жылы Торғай облыстық білім Басқармасының бастығы қызметіне тағайындалады. Торғай өңірі —  ұлтымыздың ардақтылары Ахмет пен Міржақып, Әліби мен Амангелді, майталман ақындар, жазушылар, композиторлар, ғылым және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ алғаш рет Ыбырай Алтынсариннің қазақ балаларын оқу-білімге шақырған киелі жер. Осындай зиялы қауым орталығы болған, қазақ даласындағы алғаш білім ордасы, сауат ашылған аймақтың білім беру мәселесі жоғары болуы керек деген ой ол кісіні үнемі рухтандырып, алдыға жетелеп, күш беріп келгені сөзсіз. Кезіндегі бір ғана ауданның жұмысы енді бірнешеге еселеніп, білім саласындағы күрделі мәселелерді шешуде жауапты жүк артылып, міндет қойылды. Облыстық білім Басқармасының қарамағына 266 мектеп, 169 бала бақша, 12 кәсіптік-техникалық училище, 25 мектептен тыс мекеме, облыстық білім жетілдіру институты, облыстық спорт мектебі, жас натуралистер мен туристер станциясының жұмыстарын жандандырып, ұйымдастыруда тың мәселелер көтеріп, қыруар шаруаны атқаруда жігерлік пен қайсарлық таныта білген әділ басшы бұл салада да өзінің қызметтегі алғырлығымен көзге түсіп, жоғары беделге ие болады.

Торғай облысының тарауына байланысты Әділхан Шаймағамбетұлы өзінің еңбек жолын Елордамыз Астана қаласында Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі жанынан ашылған Мемлекеттік тілді жеделдете оқыту орталығы директорының орынбасары қызметінде жалғастырады.

1999 жылы Астана қаласына Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі көшіп келіп, Білім комитетіне қарасты Кәсіптік білім беру Басқармасы басшысының орынбасарлығына, кейіннен орта кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалады. Алты-жеті айдың ішінде Үкіметтің екі қаулысы, бірнеше қажетті Ережелер мен Нұсқаулықтар әзірленіп, қолданысқа енгізеді. Соңынан осы департамент жабылып, Жоғары білім департаментінің бас маманы болып жіберілді. Онда атқаратын міндеті орта білім мекемелерін лицензиялау болды. Республика бойынша қалыптасқан колледждерде жаңадан нарық талабына сай мамандықтар ашылды және жаңадан университеттер жанынан колледждер ашу үдерісі «Білім туралы» Заңына сәйкес жүзеге аса бастады. Сонымен қатар жеке меншік колледждер де ашыла бастады. Осы оқу орындарындағы маман даярлаудың сапасы, оның қоғамға қажеттілігі сараланып, тексерістен өткізіліп отырылды. Республика көлемінде ол өзінің алғырлығы мен шеберлігін, әділдігі мен қөшбасшылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

2001 жылы қыркүйек айында Білім және ғылым министрлігі Астана қаласының Гуманитарлық колледжін басқаруға ұсыныс жасайды. Білім және ғылым министрлігі өкілдері 5 қыркүйек күні ұжыммен таныстырып, колледж басшылығына бекітті. Ол уақытта колледжде 5 мамандық, 401 студент дәріс алып, 73 оқытушы кызмет атқарған. Колледжде кәсіптік білім беруде қоғам талабына сай, бәсекеге қабілетті, жан-жақты мамандарды тәрбиелеу мәселесі тұрды. Осы мақсатта алдағы атқарар қыруар шаруа, шешімін таба алмай тұрған біршама мәселелерді жүйелеп, жоспар құрды. Ең бірінші колледждегі нормативтік құжаттар ретке келтіріліп, колледждің Жарғысы даярланды. Келесі орында нормативтік материалдық-техникалық базаға сәйкес мамандық ашу, кәсіби білікті кадрлар даярлау мәселесі қарастырылды. Ең алдымен колледждің әкімшілік қызмет құрылымы жасақталды. Тәрбие жөніндегі, ғылым жөніндегі, шаруашылық жөніндегі орынбасарлары және бөлім меңгерушілері мен әдіскерлерден тұратын штаттық қызметтер тағайындалды. Арнайы оқу бөлімі ашылып, онда оқу бөлімі меңгерушісі мен лаборанты сайланады. Колледжде жүйелі басқару ортасын қалыптастыру, нормативтік, құқықтық базаны жетілдіру, білім беру сапасы туралы дəйекті, нақты ақпаратпен қамтамасыз ету, білім беруді басқару жүйесінің рөлін арттыру мақсатында 2002 жылы колледждің «Даму» бағдарламасы құрылды.

Ең алғашқы, 2002-2004 жылдарға арналған колледждің Даму бағдарламасында «Оқу-тәрбие үдерісін гуманизациялау арқылы болашақ педагогтың жеке шығармашылығын дамыту» әдістемелік тақырыбы қамтылып, мақсаты мен міндеттері, бағдарламаны жүзеге асыру жағдайлары, мазмұны нақтыланды.

Білім саласында жүргізіліп жатқан барлық реформалардың негізгі бағыты – білім сапасын көтеру, жоғары білікті, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті, заман талабына жауап бере алатын мамандар дайындауды негізге ала отырып, талапқа сай оқу-әдістемелік нормативтік құжаттары мен Ережелер жасалды.

Оқытушылардың білімін жетілдіру барысында оқу курстары, ғылыми конференциялар мен тәжірибеден өту аймақтық, республика және халықаралық деңгейде жүзеге асырылып отырылды. Алыс-жақын шетелдерде де, атап айтқанда, 2005, 2006, 2007 жылдары Санкт-Петербург, Москва қалаларында өткен білімін жетілдіру оқу курстарына оқытушылар қатыстырылды. 2011 жылы Америка және 2012 жылы Ұлыбритания елдеріне екі оқытушы жіберіліп, шетел тілінде заманауи оқытудың әдістемесінен халықаралық тәжірибеден, ал 2013 және 2015 жылдары кәсіптік-техникалық білім беру мәселесі бойынша (Белорусь) Минск қаласында халықаралық тәжірибеден 2 оқытушы өтіп келді. Бұл — колледж басшысының болашақты алыстан болжай білетін тапқырлығының арқасы.  Бүгінде колледжде барлық мамандықтар үшін оқу-материалдық база толық жабдықталған. Колледжде медиа-ақпарат жүйелі қызмет атқарады, әр қабатта орналасқан теледидардан қоғамдық жаңалықтар мен ақпараттар, студенттер жетістіктері қөрсетіледі, сонымен бірге ақпараттық киосктер де қызмет атқарады. Оқу сабақ кестесіне арналған электронды тақта, сабаққа арналған интерактивті тақталар, компьютерлер мен моноблоктар, мультимедиалық және лингофондық кабинеттер, колледж баспаханасы мен LED экран қызметі тиімді ұйымдастырылған. 2001-2017 жылдар аралығында колледж қалалық, аймақтық, республикалық, халықаралық бірнеше жүлделі орындардың иегері атанды. 2017 жылдың халықаралық стандартқа сәйкес институционалды аккредиттеуден сәтті өтіп, халықаралық сертификатқа ие болды. Осы негізде үстіміздегі оқу жылының қараша айында мамандандырылған аккредиттеуден өту жоспарлануда. Гуманитарлық колледждің қала әкімі «Үздік колледж» грантын екі мәрте (2008 ж, 2017 ж) жеңіп алуы — үздіксіз еңбек етудің айғағы. Колледжіміздің өркендеуіне, заманауи талаптарға сай білім беру саласындағы жаңалықтарды енгізуде үнемі алғашқылардың бірі болып, батыл қадам жасап, оң шешім қабылдай білетін, адал басшы ретінде ұжымның және білім мекемелерінің алдында жоғары беделге ие. Бүгінде коледжде 9 мамандықтың аясында 2000 нан аса студент дәріс алуда, 72 қызметкер, 161 оқытушы қызмет атқарады.

Әділхан Шаймағамбетұлы – барлық туындаған мәселелерде жан-жақты, терең ойлайтын, зиялы, парасатты басшы. Ол өз қызметін маман даярлауда заман талабына сай талап қоя білуге, оқу-тәрбие үдерісін жүйелі реттеуге бағыттайды. Оқытушылардың жаңа формацияға сай өзгеруіне, тәжірибе алмасуына ықпал етіп, бірлесіп сабақ талдауы, әдістемелік кеңес те беруі — кез келген басшыда кездесе бермейтін қабілет.

«Бұл өмірде армансыз өткен пенде жоқ, сол арманға қол жеткізуде мақсатыңды орындауға талпынуың шарт. Ол үшін үлкен жүрек, болаттай берік төзім керек деп ойлаймын» — деген Әділхан Шаймағамбетұлының сөзі расында да бүгінде елге, Отанға қызмет етсем, коғам жастарының білім алып, өмірде өз орнын тауып, бағыт-бағдарын анықтай алуына көмектессем, ықпал етсем деген арманы орындалғандай. Осындай ұжымда еңбек етіп келе жатқанымыз біз үшін мақтаныш.

Жүсіпов Әділхан Шаймағамбетұлы, еліміздің білім беру саласында сіңірген еңбегіңіздің әр жылдары ең жоғары мәртебелі атақтармен, сыйлықтармен, түрлі мемлекеттік наградалармен аталып өтуі — Сіздің осы ғибратты өмір жолыңыз бен жемісті шығармашылық еңбегіңіздің лайықты әрі айшықты нәтижесі. Осы зейнеткерлік жасыңызға дейін атқарған қажырлы еңбегіңіз әрі қарай еселеніп, арта берсін! Сізге және отбасыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, өмірдің асқақ абыройын тілейміз!

 

Ізгі тілекпен: Гуманитарлық колледж ұжымы

Астана қаласы, 2017 жыл

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.