Туған жердің әр түлегі қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, атамекен — алтын бесігін бір сәт естен шығармай, оған мәңгілік қарыздармын деп есептейтіні сөзсіз. Өйткені, азамат бойындағы дарын, қабілет, тектілік сынды абзал қасиеттер ана сүті, әке қаны, туған жердің топырағынан дариды.
2017-жылдың 6-мамыр күні Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Әбжапар ауылы, Қызылту орта мектебінде «Туған мектепке тағзым» акциясы аясында «Ауылдың айтулы азаматтары» атты тақырыпта шығармашылық кеш өтті. Кештің басты кейіпкерлері ағайынды ақындар Төребек, Жорабек Əбдікерімовтер мен осы әулеттен шыққан қазіргі таңда облысымызда түрлі салада қызмет атқарып жүрген ұл-қыздары болды.
Кеш барысында ағайынды ақын Төребек, Жорабек Әбдікерімовтердің қаламдарынан туындаған шығармаларын оқушылар мен немере-шөберелері оқып шықса, күйлері мен әндерін авторлардың өздері және ұл-қыздары орындады.
Сонымен қатар, Әбдікерімовтер отбасы «Туған мектепке тағзым» акциясының «Менің сүйікті мектебіме тартуым» бағыты бойынша география кабинетін толықтай жабдықтап беріп, мектепке арнаған тартуларын сыйлады.
Осы рухани кештен ауыл халқы мен мектеп шəкірттері біраз ғибрат алды деген сенімдеміз…
Абдикеримова Назира Жорабекқызы
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы
бойынша педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институты,
Деңгейлік бағдарламалар орталығының
«Өзін-өзі тану» пәні бойынша тренері,
педагогика ғылымдарының магистрі