Home » Мақалалар » Мұғалімнің міндеті – баланы өмірге дайындау

Мұғалімнің міндеті – баланы өмірге дайындау

ХХІ ғасыр – жаһандану үдерісінің қарқыны барынша күшейіп, әлемдік проблемалардың шиеленісе түскен кезеңі. Әсіресе ақпарат ағынының кеңеюі, бәсекелестікті күшейтіп білім беру жүйесіне ауыр жүк салып отыр. Кез-келген нәрсенің оң, терісі болатыны дай, ғаламтор желісінің де оң және теріс ықпалы бірдей әсер етіп отыр. Бірі ғаламтор арқылы өзінің рухани дүниесін байытып, адамшылықтың шыңына қарай ұмтылса, енді бірі осы ғаламтор арқылы рухани азғындап, құлдырап барады. Бұл әлемдік проблема. Бұл материалдық әлемде барлық нәрсенің де екі жағы бар. Осы оң және терісті ажырату үшін адам баласына сана берілгені белгілі. Халқымыз ойы таза, істеген ісі ізгілікті, мейірімді, қайырымды адамдарды бір сөзбен «саналы азамат» деп атайды. Халық даналығынан туған «Баланы ең әуелі мейірім шапағатқа, сонан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы құрылымдарға баулу керектігін айтқан. Балаға мейірімді беретін – ол Ана. Адамның негізгі қалыптасу кезеңі отбасында екені ғылымда да дәлелденген. Швейцарияның ұлы педагогы И.Г. Песталоццидің, «Мектептің мақсаты — тәрбиелеу, тек қана тәрбиелеу»-деп тоқайды. Қазіргі мектептердегі мақсат, тәрбиелеу емес, білім беру болып тұр. Бүкіл Республика бойынша мектептің рейтингі ондағы оқушылардың білім деңгейінің көрсеткішімен өлшенеді. Осы жағдайларға байланысты мұғалім де осы талаптарға икемделіп тек білімді меңгертумен әлек. Академик Ш.А.Амонашвили мұғалімнің болмысы жайында, «Барлық реформалар басталуы тиіс жерде емес, әуел бастан құрдымға кетер жерде басталады. Реформа тек мұғалім бойында басталады. Егер мен нашар мұғалім болсам, маған берілген ең жақсы бағдарламаларды мен қандай деңгейге айналдырамын? Егер мен жақсы мұғалім болсам, маған берілген нашар бағдарламаларды қандай деңгейге жеткіземін? «Мен үшін мұғалім әлемдегі барлық асыл заттардан қымбат»,-деп, мұғалімнің адами болмысына баса мән берген. А.Маслоудың «Қажеттілік пирамидасы» теориясына сүйенер болсақ, мұғалім балаға мейірім-шапағатын беру үшін, оның өзінің ең төменгі сатыдағы қажеттіліктері өтелуі қажет. Сонымен қатар өзінің рухани дүниесін байытып отыру үшін бос уақыты болуы да керек. Бүкіл адам мұғалімнің алдынан өтеді. Мұғалім – қандай отбасынан келген бала болса да, оның жүрегін нұрландырып, бір-біріне деген бауырмалдығын оятып, ар-ұжданның нұсқауымен өмір сүретіндей, кемел мінезді адам болуына ықпал жасауға қабілетті болуы тиіс. Балаға бұлай ықпал етуге қабілетті болу – мұғалімнен ең басты рухани сауаттылықты талап етеді. Рухани білімнің көзі – Абай, Шәкәрім, Ыбырай, Л.Толстой, бүкіл классик педагогтар. Мұғалім өзі жүргізетін пәні бойынша теориялық білімі өте терең болып, оны балаға шебер меңгерткенімен, қазір біз айтып жүрген дарынды оқушымыз, өмірге дайын емес жарымжан адам болып шығады. Адам қай уақытта да өзінде жоқ нәрсені келесі адамға бере алмайды. Мұғалімнің негізгі қасиеті – руханилығы. Ол кемел мінезді болғанда ғана бала оған еліктеп жақсылыққа ұмтылады. «Өмір – өзен, Жүзем онда демеңіз, Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз», деп Рудаки ғұлама айтқандай баланы өмірге дайындау үшін оның жанын ізгілендіру қажет. Баланың жанын ізгілендіретін, тек ізгі жанды мұғалім ғана.

Әуелбек Тоқтағазы

Астана қаласы,

№48 мектеп-лицейінің

тарих пәнінің мұғалімі

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.