Жұртын жырмен оятқан талантты ақын Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерей тойы Қызылжар жұртшылығын үлкен қуанышқа бөлеп отыр. 2018 жыл туа ұлы ақынның тойына деген дайындық басталып кетті. Ақпан айының басында бір топ жерлестеріміз Түркия мемлекетінің Стамбул қаласына барып, поэзиядағы шоқтығы биік тұлға Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығын тойлауды бастаған. Анкара қаласының төрінен Мағжан Жұмабаевқа арналып ашылған ескерткіш тақтаның куәсі болған еді. Сол той Теріскейде әлі жалғасып жатыр.
5 сәуір күні Петропавл қалалық тілдерді дамыту орталығының мұрындық болуымен «Мен жастарға сенемін» деген тақырыпта М.Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған оқушылар айтысы болды. Бұл айтыстың бас жүлдесі М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың ректоры атындағы оқу гранты бәйгеге тігілген болатын. Бұл жүлде Дәулет Құрмашқа бұйырды. Алдағы жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алатын болады.
Ал, 6 сәуір «Жыр жұлдызы Мағжан поэзиясы – ұлттық руханият мектебі» тақырыбында жас ақындар арасындағы І халықаралық әдеби байқау бой көтерді. Бұл байқауды Облыстық білім басқармасы мен Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты ұйымдастырды.
Мәңгілік өлмегенсің тірі тұрған
Алтыннан ардақтысың, ұлы тұлғам.
Жырларың кәусар бұлақ қайнарындай,
Ішінде сұлулықтың сыры тұнған,- деп, ақынды жырға қосып, күллі түркі тектес халықтарға ортақ тұлға, жұлдызы жарық Мағжан туған жер төсінде тағыда әлдиге бөленіп, жұрты жырдан шашу шашты. Бұл жыр мерекесіне көршілес Ресей федерациясы және Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының оқушылары ақынның рухани мұрасын сараптауға, онымен тереңірек танысып, жырға қосуға жиналды.
«Жыр жұлдызы Мағжан поэзиясы – ұлттық руханият мектебі» тақырыбындағы әдеби байқау 4 бағыт бойынша өз жұмысын бастады.
Алғашқысы «Толқыннан толқын туады…» бағытында М.Жұмабаев шығармашылығы бойынша жазылған баяндамалар оқылды. Келесі бағыт «Өлең – менің Шолпаным, Айым Күнім» деп аталады. Онда ақын поэзиясын жатқа, мәнерлеп оқу сайысы. Үшінші бағыт, «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» ақындар мүшайрасы болса, соңғы бағыт «Ақынын ардақтайды Алаш барда» атты ақындар айтысы. Аталған бағыттар бойынша әділ қазылық жасайтын қазылар алқасы да осал емес. Белгілі журналист, жазушы, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменов бастаған, қалалық қазақ тілі қоғамының төрағасы, айтыскер ақын Дәстен Баймұқанов, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың профессоры, ф.ғ.к Жанар Таласпаева сияқты танымал ұстаздар, ақындар қазылық етті.
Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,
Надан адам өлім жоғын білмейді.
Өзім – патша, өзім — қазы, өзім би,
Қандай ессіз не қылдың деп тергейді, деп халқына есебін беріп, өлмейтін мұрасын ұрпағына аманат еткен ақын мұрасын жырлау да мәре сызығына жетті. Сөйтіп, «Толқыннан толқын туады…» бағыты бойынша Қызылжар ауданынан келген Аманкелді Айым І орын, Петропавл қалалық Әл-фараби мектеп-лицейінің оқушысы Қуат Диана ІІ орын, Көкшетау қаласынан келген Нұрахмет Ерден ІІІ орын иеленсе, «Өлең – менің Шолпаным, Айым Күнім» бағыты бойынша І орын Есіл ауданынан келген Жұмахмет Қарақат, «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» бағытындағы мүшайрадан Көкшетау қаласынан келген Бақытжан Дамир І орын, «Ақынын ардақтайды Алаш барда» бағытындағы ақындар айтысынан Аяған Диас І орын иеленді. Көршілес РФ, Омбы облысы Каскат орта мектебінің оқушысына арнайы сыйлық берілді.
Әдеби байқауға қатысқан оқушыларға арнайы дипломмен қоса бағалы сыйлықтар және ақшалай сыйлықтар табысталды.
Көкбасқызы Жазира,
СҚО, Қызылжар қаласы,
«Білім айнасы»