Home » Балабақша » «Толағай» балабақшасы

«Толағай» балабақшасы

2009 жылдың қырүйек айында сол кезеңде елімізде кеңінен өріс тапқан «Балапан» бағдарламасы бойынша «Толағай» балабақшасы ашылып, «Көгілдір тоғандар» тұрғындары орасан зор қуанышқа кенеліп еді. Содан бері өткен 10 жыл ішінде  балабақша ұжымы ата-аналармен бірлесіп бүлдіршіндерге сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында жемісті еңбек еткен екен.

Бүгінгі таңда балабақша өміріне қоғам назарын аудару, педагогтардың білім-біліктілігін жетілдіру, бүлдіршіндерді психологиялық және физиологиялық тұрғыда дамыта отырып, оларды алдағы мектеп өміріне жан-жақты дайындау ісі – еліміздің ертеңгі жарқын болашағын қалыптастыратын саналы азаматтар тәрбиелеп шығару мақсатын көздейді. Сол себепті, мектепке дейінгі мекемедегі тәрбиелеу мен оқыту сапасын біз, педагогтар балабақша өміріне ғылыми жаңалықтар мен озық инновациялық технологияларды барынша тиімді пайдалану арқылы арттыруға қол жеткізуді басты міндетіміз санаймыз.

Әрбір бүлдіршіннің келешек өмірін қалыптастыру міндетін мойнына алған  тәрбиешінің арман-мүддесі — баласының болашағын қолына сеніп тапсырған ата-ананың үмітін ақтау деп білеміз. Ол үшін әрине, тәрбиешінің балаға деген сүйіспеншілігі, онымен жүргізетін оқу-тәрбие жұмысының сапасының аса жоғары болуы, балалармен жүргізілетін апталық, жылдық жоспарларды шетелдік, отандық әдістемелерді кеңінен пайдалана отырып, озық іс-тәжірибелермен ұштастыра отырып мұқият әзірлеп, оларды ұқыпты да, мазмұнды іске асыра білуі тиіс.

Қазіргі уақытта «Толағай» балабақшасында балалардың жас ерекшеліктеріне қарай мемлекеттік тілде — 11, орыс тілінде оқытып, тәрбие беретін 5 топ бар. Ұжым өз ісіне шын берілген, кәсіби біліктіліктері жоғары тәрбиешілерден құралған.

Біз,  тәрбиешілер балабақшаға  келген әрбір баланың мінез-құлық ерекшелігін алғашқы күннен бастап зерделеп, оның ойлау және шығармашылық қабілетін дамыту, сөздік қорын молайтып, мәдениетті сөйлей білу, жекебасының қабілет-қарымын, интеллектуалдық өресін қалыптастыру мақсатында еңбек етіп келеміз.  Бұл үшін, өмірімізге дендеп еніп жатқан технологиялық-инновациялық жаңалықтар негіздерін үздіксіз игеріп, оларды оқу-тәрбие жұмысына енгізіп отыру міндетін күн тәртібінен түсірмек емеспіз. Бұл бағытта жаңа инновациялық технологияларды пайдалану —  жан – жақты дамыған, білімді, санасы сергек, кез келген сәтте тиімді шешім қабылдай алатын азаматтар дайындап шығарудың басты құралы болып табылатындықтан, балабақшада ТРИЗ (ӨТШТ), Тәй-тәй технологиясы, Монтессори, Зайцев технологиясын, сонымен қоса қазіргі таңда робототехника, ментальды арифметиканы дамыта оқыту технологиясын бала тәрбиелеу ісінде кеңінен қолдану күнделікті әдетке айналған.  Мұнда ұжым арасында жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді насихаттау, жаңа технология әдістерін сабақта пайдалану, жас мамандарға көмек көрсету, қонақжай пікірлесу алаңын құру, әдістемелік дөңгелек үстелдер өткізу және озық тәжірибелерді баспасөз беттеріне тұрақты ұсынып отыру маңызды орын алады. Ал бұл — кәсіби сауатты, шығармашылық белсенділігі жоғары, қоғам талабына сай өзін көрсете білетін, білім мен дағдыны жан-жақты меңгерген педагог-тәрбиешілердің санын арттыратыны сөзсіз. Сонымен бірге тәрбие берудің сан қырын қолдана отырып, бүлдіршіндердің жүрегіне жол табу арқылы жұмыс жүргізу, ұлттық-салт-дәстүр, қолөнер және тағы басқа оларды қызығушылықтарын арттыратын шараларды өткізу кезек күттірмейтін іс.

Сонымен бірге, бізде бүлдіршіндердің ата-аналарымен тығыз байланыста жұмыс істеу үрдісі жолға қойылған. Өйткені, Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнінде көрген үлгі-өнегесі болып табылады. Бұл — «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халқымыздың даналағы мәңгі маңызын жоймайтынын көрсетеді. Сол себепті, ата-ананы бала жанының  алғашқы бағбаны деп қарап, олармен баласының мінез-құлқы, қабілеті, қызығушылығы туралы үнемі кеңесіп, бірге шешім қабылдап отыру, ата-аналарды балабақша өміріне кеңінен тарту, тәрбиелік шараларды бірге ұйымдастырып өткізу қажет.

Балабақшада бүлдіршіндермен жұмыс жүргізуде қимылды ойындар мен театрланған іс-әрекеттерді молынан пайдаланудың маңызы аса зор. Бұл балалардың ой-өрісінің кеңейіп, епті, ойлы, батыл қимылдап шешімдер қабылдап, өз жұмысының нәтижесін көруінің бірден-бір шарты бола алады. Өйткені балабақшадағы балаға берілетін білім мен тәрбие үрдісі – жас ерекшіліктеріне қарай ойындар, оның ішінде ұлттық ойындар ойнату, ертегілер әлемін кездіру, салт-дәстүріміздің мән-мағынасын ұғындыру арқылы да жүзеге асады. Бұл бағытта балалардың өз ойын жинақтап дұрыс сөйлей білу дағысының қалыптасуына баса назар аударып отырамыз. Сонымен бірге, баланың тіліне, сөздік қорының молаюына көңіл бөліп, сұрақтарға дәл, нақты жауап беруді үйрету, өз ойын жеткізе білуді меңгерту – балабақшада берілетін оқу-тәрбие жұмысының қаншалықты деңгейде іске асып отырғанын көрсетеді.  Мұның бәрі баланың өз-өзіне деген сенімінің бекуіне, этикалық және адамгершілік тұрғыда мінез-құлқы мен жүріс-тұрысының қалыптасуына, қарым-қатынас дағдылары мен біліктерінің дамуына әсер етеді. Бұл жұмысты балабақшада 2 бағытта:

— қарым-қатынас жағдайының құрамын балалардың толық та, адекватты түсінуін қамтамасыз ету;

— коммуникативті іс-әрекет механизмдерін біліп, түсінуге, дағдылануға мүмкіндік беру бойынша жүргізіп келеміз.

Бұл балалардың алда тұрған міндеттерді, тапсырмаларды ширақ та, дәл орындауына, қатесіз қимылдауына мүмкіндік береді. Мұнда мынадай:

— қарым-қатынас құралдарының қолданылуы, сөздік қор, ым-ишара (арақашықтық) дистанция, интонация (дауыс ырғағы);

— қарым-қатынас біліктері мен дағдылары, өзара келісімге келу, қысым жасау, манипуляцияның көрінісі;

— өзара әрекеттестік, өзара қатынас позициялары «тепе-теңдік», «жоғарыдан» қарау, «төменнен» қарау сияқты жайттарға  көбірек көңіл бөлініп отырылады:

Осы бағытта балалармен жүргізілетін барлық шаралар жоспарында түсініктілік, мақсаттылық, айқындылық, қызықтылық молынан орын алуын қажет деп білеміз.

Ал жас жеткіншектің жан-дүниесінің бай, сұлу, сезімтал болып өсуі оларды жас кезінен бастап әдемілікке құштар етіп, ізгілікке тәрбиелеуден басталады. Ол үшін сабақтар барысында өткен шығармалар бойынша әдемі ойлар айту, әдемі көріністер көрсету, сахналық бейнелерді сомдауда шығарма кейіпкерлерінің ішкі жан-дүниесіне бойлата білдіру қажет. Бұл тұрғыда осындай теория мен практиканы қатар ұштастыра білген жөн. Әр нәрсені қолмен ұстап көру, соны өзі жасау – сезіне білу қабілеттерін дамытады.

Балалардың есте сақтау, анық ойлап жауап бере білу қабілеттерін ұштай түсу үшін балабақшада өткізілетін ән-күй, тіл дамыту сабақтарында кез келген мәтінді жаттап алу, әуенін әдемі келтіріп, мәнерлеп айта білулері назарға алынады. Ал мүсіндеу, сурет салу, жапсыру сабақтары балалардың өз беттерімен дербес жұмыс істеу қасиеттерін қалыптастыру үшін өткізіледі. Айналамен таныстыру, экология сабақтарында қоршаған ортаның оларға бұған дейін беймәлім болып келген сырларын түсіндіре отырып ұғындыру, балалар бойына оларды қорғай білу сезімдерін қалыптастыру педагогтың білім-біліктілігіне тікелей байланысты.  Көркем әдебиет, театрланған іс-әрекет сабақтарында балаларға ондағы кейіпкерлердің мінез-құлқын сезіндіру, оны өздері ойнай білу қабілеттерін дамытуға бағыттап отыру қажет. Мұнда тек балалардың қызығушылықтарын арттыратын шығармалар ғана іріктеліп, таңдалып алынуы тиіс.  Жас өскінді математика сабағында дәлдікке, сергектікке, нақтылыққа тәрбиелеу бұлжымайтын аксиомаға айналған. Қиын сәттен жол тауып шығу дағдыларын қалыптастыру да математика пәні мұғалімінің міндеті. Осы айтылған жағдайларда  бүлдіршіндердің жас ерекшеліктеріне қарай барлық алдыңғы қатарлы әдіс-тәсілдерді қолдану қажет.

Қорыта айтқанда, еліміздің ертеңін қалыптастыратын жас ұрпаққа мемлекетіміз ұстанып отырған рухани-адамгершілік тәрбиесін беру,  балабақша өмірін бүгінгі күн талабына сәйкес келетін жаңаша білім мазмұнымен жаңғырту – балабақша тәрбиешілеріне жүктелген аса жоғары міндет деп білеміз.

А.Т. Саналиева

«Толағай» б/б тәрбиешісі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.