«Әке көрген — оқ жонар, шеше көрген — тон пішер» деген мақалдың айтылуында үлкен мағына жатыр. Дана халқымыз ұл бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген және де онда әкенің үлесі көбірек болған. Ертеректе аңшылыққа барғанда, саятшылық жасағанда немесе той–думанда сал-серілік еткенде ұл балалар әкелерімен ылғи да еріп жүрген. Мұндағы мақсат көргенін көкейге көгендеп, естігенін ойына түйсін дегені шығар сондықтан да болар үлкендерден көрген ер адамдарға тән қадір қасиеттің бәрі ұл балалар бойында қалыптасып отырған.
Өмір ағып жатқан өзен демекші, қазір 21 ғасыр заманына қарай тұрмыс-тіршілікте көп өзгерістер орын алып, нарықтық экономика, өндірістегі жаңа технология, ақпараттық технология деген сияқты жаңа үрдістер өмірімізге еніп жатқан кез. Сол сияқты мектептегі оқу тәрбие жұмысында да түрлі реформалар, жаңартылған бағдарламалар енгізілуде. Бұл бағдарламалардың мақсаты ескі оқытудың ескі тәсілдерін яғни, түсіндіру, тапсырма беру,сұрау сияқты дәстүрлі түрінен ауытқып, жаңа тәсілге өту яғни, оқушылардың ақыл-ойына серпіліс жасау арқылы өздігінен жұмыс жасау, ізденіс дағдысын қалыптастыру болып табылады. Осы тұста мен өзім сабақ беретін технология пәнінен ұл балаларға ұл балаларша тәрбие берудің маңызды екенін атап көрсеткім келеді. Өйткені қазіргі кезде түрлі себептермен отбасылық тәрбиеде де, мектеп тәрбиесінде де ұл балаларға қажетті ер адамдардың яғни үйде әкенің мектепте ер мұғалімнің қаталдығы жетіспейтіні сезіліп-ақ тұрады. Қазіргі жастардың бойынан көрініс тауып жатқан қыз балаларға тән қылықтардың ер балаларда байқалуы осының айғағы болса керек.
Менің тәсілімдегі технология пәні сабағының басталуы әскерилерше сапқа тұрудан басталады. Әрине бұл тәсілдерді қолдану сабақтың негізгі тақырыбынан ауытқу дегенді білдірмейді, тақырып бойынша мазмұны сақталады. « Саптан!» , «Түзел!» , « Тік тұр!»,«Оңға!», «Солға!» , « Алға бас!» деген бір мезеттегі бұйрықты басқарулардан қыз балалардан бөлек сапқа тұрған ұл балалар өздерін шын мәніндегі әскерилерше сезінеді. Сабақты ұйымдастыру кезеңіндегі оқушылардың мектепке не үшін келгенін?, оқу үшін нені сақтау керек? деген сұраққа жауап беру кезінде оқушылар өзінің жауапкершілігін сезінетін болады. Жаңартылған оқу бағдарламасындағы оқытуды ұйымдастырудағы топқа бөлу әдісін де әскери тәртіппен екіге немесе үшке бөлу де оқушыларды нағыз сарбаздарша әсерге қалдырады. Сабақ барысындағы адамгершілік құндылықтарды бала бойына сіңіру де мұғалімнің еншісіндегі дүние. «Адамгершілік дегеніміз не?» « Амандасу ненің белгісі?» «Батылдық, ерлік, мейірімділік, адалдық» дегеніміз не? Деген көптеген сұрақтар мен мысалдар келтіру арқылы ер баланың бойында болатын жақсы қасиеттерге баулуға болады.
Сабақ барысындағы сергіту тұсында патриоттық әндерді немесе Әнұранды қысқа да нұсқа орындай салу да оқушыларды жігерлендіре түседі.
Сабақ соңындағы бір мезгілде «Сау болыңыз!» деген оқушылардың ұстазбен қоштасуы да адамгершіліктің бір белгісі екенін ұмытпаған жөн.
Қысқа қайырғанда оқушылардың ұл балаларға тән жақсы қасиеттерді бойына еңгізу, сол балалардың келешекте нық сенімді еліміздің отан сүйгіш патриоты нағыз азамат болып қалыптасуына ықпал етері сөзсіз.
Технология пәнінде ұл балаларды бөліп оқытудың бір себебі осы болса да керек.
Айдарбеков Тойшыбек Мәуленұлы
Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы,
Қ.Сатпаев атындағы мектеп-лицейінің
көркем-еңбек пәнінің мұғалімі