Home » Мақалалар » «Темірқазық» – Мәскеуден шыққан қазақ журналы

«Темірқазық» – Мәскеуден шыққан қазақ журналы

Журналдың 95 жылдығына

Қазақ баспасөзінің пайда болуы мен қалыптасуы Ресей империясының қазақ даласын отарлаудың аяқталуы кезеңіне сәйкес келеді. Қазақ тіліндегі алғашқы мерзімді басылымдар XIX ғасырдың соңында Патша үкіметінің жергілікті атқарушы органдары жағынан жарық көре бастады. Ташкентте жарық көрген «Түркістан Уәлаяты» газеті (1870-1882) мен Омбыда басылып шыққан «Дала Уәлаяты» газеті (1888-1902) сияқты басылымдар Патшалық Ресейдің бұйрық жарлықтарын жергілікті халыққа өз тілінде таныстыруды көздеді.

Қазақтың алғашқы ұлттық басылымдарының бірі және өзінен кейінгі баспасөз құралдарына үлгі бола білген Троцк қаласынан шыққан қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» (1911-1915) және Орынбор қаласында басылып тараған «Қазақ» газеті (1913-1918) деп айтуға болады. Аталған екі басылым құрылы халықты ғылым мен өнерге, оқу ағарту жұмыстарына жұмылдыруға күш салды. Басылымда жарық көрген кейбір материялдар Ресей құрамындағы қазақтар қоныстанған 6 облыстан өзге териториялардағы қазақтар туралы да құнды мәліметтер жариялап тұрған. Мысалы, «Айқап» журналының 1913 жылы 10 маусымда жарық көрген Молдағали Бектұрлинның «Қытай қазақтарның ас беруі» деген мақаласында: Қытай қарастырылығындағы Іле Уәлаяты аумағын мекендеген Қызай руларының ас беру салты туралы айтылған.

Патша тақтан түскен 1917 жылдары «Қазақ» газеті сол кезеңдегі саяси жағдайлар туралы мәліметтер береді. Орынборда бірінші және екінші Жалпы қазақ съездерін шақыруға үндеу жариялайды.

1917 жылы жасақталған ұлттық үкімет «Алашорда» таратылып, Кеңес үкімтіне қосылған соң қазақ тілді баспасөздер де ұлттық сипатынан айырыла бастады. Орынбордағы «Қазақ», Семейдегі «Сарыарқа», Қызылжардағы «Жас Азамат», ташкенттегі «Бірлік туы» газеттері жабылды. «Алашорда» жетекшісі Әлихан Бөкейханов бастаған азаматтар Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. Бұл кезде Мәскеудегі Алаш зиялылары «Күншығыс баспасы» айналасында топталған еді. Баспа туралы, ХХ ғасырдың 20 жылдары. баспасөзде аты жиі айтылатын. Қазақша ресми аты – «КСРО халықтары кіндік баспасының қазақ-қырғыз бөлімі». Оның тарихы 1922 ж. басталады. Осы жалы автономиялық республикалар мен облыстар үшін кітаптар және мерзімді басылымдар шығаратын КСРО ОАК Шығыс баспасы негізінде ашылды.

1922-1928 жылдары Нәзір Төреқұлұлы КСРО Орталық Атқару Комитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы және қазақ секциясының басшысы қызметін атқарған.

1924 жылы КСРО халықтарының орталық баспасы ретінде қайта құрылған. 50 тілде кітап, аударма, саяси әдебиет, 12 тілде газет-журнал шығарған. Осы баспа саны аз ұлттардың ең алғашқы әліпбиін жасап, оқулықтарын жариялаған. Халық арасында «Күншығыс баспасы» деп айтылып кеткен. Осы мекемеде 1922-1927 жылдары Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан жұмыс істегені белгілі. Сонымен қатар, бұл баспада келісімшарт негізінде 1923 жылы Түркістан Республикасынан Әдебиет институтына оқуға арнайы жолдамамен келген Мағжан Жұмабаев та жұмыс істеген. 1920 жылдары ұлт фольклорының үлгілері, танымдық кітаптар, аудармалар сынды құнды дүниелер аталған баспадан шыққан. Осы баспадан «Темірқазық» журналын шығарған.

«Темірқазық» журналының бар жоғы үш саны шығып жабылғаны туралы отандық зерттеушілер айтты. «Темірқазық» журналының 2-3 сандары, бүгінде Алматы қаласында Құжаттану және мұрағат ісі жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығы сирек кездесетін кітаптар мен материялдар қорында сақтаулы. Мұрағаттан сарғайған журнал беттерін парақтай отырып, журналдағы әр мақаланың саяси һәм тарихи маңызы туралы ойлана келе Алаш азаматтарының қазақ ұлтының теңдігі үшін жасаған саяси күрескерлік еңбегі көз алдыңызға келеді.

Журналдың бас бетінде былай жазылған екен:

Темірқазық журналы (Путеводная звезда)

Айына бір шығатын саясат, шаруашылық, білім, әдебиет журналы

№ 2 – 3

Март -апрель 1923 жыл 1-жыл шығуы

Мәскеу

Шығарушы: Нәзір Төреқұлұлы

Бастырушы: ұлттар комиссарияты жанындағы күншығыс баспасөзі

Журналдағы мақалалар әр сала бойынша іріктеліп, бес айдарға бөлінген:

Мысалы, Келесі бетінде:

Бұл санда:

  1. Саясат және жалпы бөлімі
  2. Ұлт мәселесі …………………………………………………………….. Төреқұлұлы Нәзір
  3. Сталинның ұлт мәселесі туралы жобасы …………………….
  4. Ұлт мәселесі һәм жастарды тәрбиелеу ………………………… Л.Троцкий
  5. XII партия съезінің ұлт мәселесі туралы қаулысы   ……….
  6. Басқармадан   ……………………………………………………………….
  7. Елдің күйі …………………………………………………………………… Малай
  8. Қазақтың саяси тарихи тұрмысынан ………………………….. Қошмұхамет
  9. Шаруашылық бөлімі
  10. Федком зем қазаққа не пайда береді? ……………………….. Т.Седелников

III. Білім бөлімі

  1. Бас төр …………………………………………………………………… Қыр баласы
  2. Ұлт деген не? ………………………………………………………….   Ғаббас
  3. Білім күші ……………………………………………………………… Қыр баласы
  4. Оқу бөлімі
  5. Қазақша жазу тақырыпты ……………………………………… «А.Қ.»
  6. Қазақ мектептер қалайша құрыла бастау керек …….. Ситықұлы Әміржан
  7. Ұлы ма, ұқба? ……………………………………………………….. Темірқазық
  8. Әдебиет бөлімі
  9. Ел ісін жасытбаңдар ………………………………………………
  10. Шырақ …………………………………………………………………
  11. Пайғамбарға хат …………………………………………………… Қыр баласы
  12. Темір қазық …………………………………………………………   Мәжит
  13. Қазақ еліне …………………………………………………………   Мәмет ұлы Ахмет
  14. Ақ бала. Қазақтың жерімен қош айтқаны, жұмбақ, жоқтау
  15. «Бақыт жолына» сын ……………………………………………. Төреқұлұлы Нәзір

Басқа елдерден

  1. Хакас ………………………………………………………………….   Қ.Б
  2. Басқармадан   ………………………………………………………….
  3. Жарнамалар   ………………………………………………………….

Журналдың осы санындағы беташар мақаланы басқарма басшысы Нәзір Төреқұлұлы өзі жазған. Ұлт мәселесіне арнаулы тоқталып, комунисттер жүргізіп отырған ұлт саясаты мен ұлттық тіл жазу туралы толықтай мәлімет бере кеткен.

Бірінші бетінде:

Ұлт мәселесі жайынан

Жақында Россия коммунист партиясының 12-жиылысы болып өтті. Бұл жиылыста ұлт мәселесі қаралды. 11-партия съезі мен 12-съез арасындағы партия ішінде жиылған көп тәжірибелер, көп пікірлер ашылды. Айналып келіп аяғында ұлт мәселесін партия жиылысында баяндаған Сталин жолдаста һәм бұл мәселе туралы шығып сөйлеген Зиноуев, Бухарин, Карл Радекдей партия көсемдері де, жалпы съез мүшелері де, бір жолды қуаттап бір пікірге келді. Бұл пікірді коммунист партиясының 12-жиылысы шығарған қаулысы өрістетіп отыр. Әр жердегі комунист жолдастарымыздың жаттап, ұғып, түпкі мәнісіне әбден түсініп алуы керек – бұл қаулыны «Темірқазық» толық тәжірме етіп оқушыларға ұсынып отыр, бірақ бұл мақала қарардың негізгі пікірлерін көрсеткенде бұлай болып шығады:

Коммунист партиясы 1898 жылда-ақ бірінші съезінде әр бір ұлттың өз ықтиярынша күн көруге хақы барлығын таныған еді. Октябрь революциясы ұсақ ұлттарға зор ұлттардың зұлым зомбылығынан құтылып босауына жол ашылды. Революция ұлттардың бір-біріне жақындасуға қисынын, ыңғайын көрсетті. Колчак – деникиндар шыққанда ұлттар бірігіп пролетариятқа көмек берді – төңкерістің берген жемістерін сақтасты. Соғыс шағы өткеннен кейін ортаға шаруа тұрмыс меселелері шыққан едәуір кеңес үкіметтерінің шаруа күштерін біріктіріп, соғыстан күйзелген шаруаларын түзетулері керек болды. Автономиялы кеңес үкіметтерінің одақтас кеңес үкіметтері болуларының мәнісі осы. Сөйтіп, пролетарият ұлт мәселесінің шешу кілтін Кеңес жолынан тапты…

Төреқұлұлы Нәзір

Журналдың алғашқы саны жұрт арасына кең тарағаны және қалың оқырманның көңілінен шыққанын, жалғасты шығуына азаматтық тілек білдіріп, өз ой-пікірлерін жарқын көңілмен білдірген оқырман тілектерін де журналдың «Басқа елдерден» айдарында «Басқармадан» деген тақырыппен арнаулы жарияланып, оқырмандарға алғыс айтылған.

Мысалы, 126 бетінде

Басқармадан:

Біздің басқармаға елден, жергілікті азаматтардан журналымызға тілектестігін білдіріп жазған едәуір хат келді.

«Темірқазыққа» түгел басып оқушыларымызды таныстыруға, көптің сөзі де, көңілі де бір болғандықтан лайық көрмедік. Сондықтан хаттардағы сөздерден іріктеп қана басып отырмыз.

Ескендір Шынтас ұлы – ел қазағы хатында жазады:

Қайырлы құтты болсын «Темірқазық»,

Саналы аңсағанға бұл бір азық.

Етеді жолбасшылық, жөн көрсетіп,

Адассақ бағыт ауып, жолдан азып.

Қазақтың кіндікте өскен айнасы бұл,

Өз мінін өзіне айтар тергеп қазып.

Аз сөзбен елден көңіл білдіремін,

Сүйелді қолдарыммен өлең жазып.

Ахмет Жантелі ұлы, Мұқан Әлімбет ұлы, Сабыр Жамантай ұлы деген ел қазақтары да ел атынан осы сықылды сөздермен тілектестіктерін білдіреді.

Ташкент, Орынбор, Қызылжар, Көкшетау, Кереку, Қарқаралы, Омбы, Қостанай, Орда азаматтарынан келген хаттардың сөздерінің қортындысы ғып Керекуден жазып отырған Уалихан Омарұлының сөзін келтіреміз: «Темірқазықты» оқып қуаныстық. Өзі жасы ұзақ болып, қадам жолы, ұсынған беті жұғымды болсын! Бар әлімізше барымызбен «Темірқазыққа» жәрдемдес болуға біз әзірміз.

«Темірқазықтың» ұстанған жолы, ойлаған ойына түсініп қарсы алған азаматтарға, елге басқарма мүшелері шын көңілімізден жақындық ризашылығымызды білдіреміз, тілектес сәлемімізді жібереміз.

Темірқазық

Шығарушы: Нәзір Төреқұл ұлы

Бастырушы: Ұлт комисарияты жанындағы Күншығыс баспасөзі

 

Журналдың негізгі ұжымы мен журналға жазушылар туралы ең соңғы бетінде мынандай мәліметтер жазылған:

Ең соңғы бетінде:

Темірқазық журналына жазушылар:

Әбдолла Бөкейханұлы, Әбдрахман Байділдаұлы, Әміржан Ситықұлы, Ш. Наушаруанұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Санияр Аспандиярұлы, Ғаббас Тоғжанұлы, Ғази Мұрзаұлы, Ғапар Мырзәліұлы, Қыр баласы, Қошмұхамет Кеменгерұлы, Сымағұл Сәдуақасұлы, Сымағұл Қазбекұлы, тағы басқалар.

Журналы жазылушыларының арасында Алаш көсемдері мен «Алашорда» қайраткерлері бар екенін білеміз. «Темірқазық» журналы саясат, шаруашылық, білім, әдебиет тақырыбында, дегенмен журналдағы негізгі тақырыпта ұлт жайында көп тоқталып, терең үңілгендіктен журналдың болашық тағдыры көп ұзамай билік тарапынан шектеуге ұшырап, соңында журналы жабылып тынады. Бірақ, Алаш зиялыларының саяси күрескерлігі мен азаматтық белсенділігі, ұлтжандылығы тіпті де шыңдала түсті десек қателеспейміз.

Абай Мырзағали,
Алматы қаласы Жетісу ауданы № 148 мектеп-гимназия

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.