Home » Жаңалықтар » ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ТАРИХШЫ ТӘЛІМІ

ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ТАРИХШЫ ТӘЛІМІ

«Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ Басқарма басшылығы мен оның барлық филиалдарында еліміздің білім беру саласында табысты еңбек еткен ардагер ұстаздарды ұлықтау жұмыстары жақсы жолға қойылған.

Осы мақсатта 2018 жылдың мамыр айында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша ПҚ БАИ ұйымдастыруымен Қазақстан тарихы пәнінен 9-10 сынып оқушылары арасында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақжар ауылындағы №28 орта мектепте КСРО білім беру ісінің үздігі Сәден Нұртаев атындағы Сыр өңіріндегі цифрлық форматтағы алғашқы Облыстық олимпиада өткізілген болатын.

Биыл 3 мамыр күні институт ұжымы Ақжар ауылындағы №28 мектеп базасында Қазақстан тарихы пәнінен 9-10 сынып оқушылары арасында Сәден Нұртаев атындағы цифрлық форматтағы Республикалық олимпиада ұйымдастырды. Олимпиадаға Қызылорда облысы оқушыларымен қатар Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе, Атырау облыстары мен Шымкент қаласының үздік оқушылары қатысты.

Олимпиаданың мақсаты – оқушылардың Қазақстан тарихы пәніне деген қызығушылығын арттыру, интеллектуалды-шығармашылық қабілеттерін дамыту, дарынды оқушыларды қолдау және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға бейімі бар оқушыларды анықтау.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді» — дей келіп, төл тарихымызға деген мақтаныш сезімін ұялатып, жастарға отаншылдық тәрбие беру үшін мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құрудың маңызды екенін баса айтқан болатын.

КСРО білім беру ісінің үздігі Сәден Нұртаев ағамыз сонау 1960-жылдардың өзінде Қазақстанда алғашқылардың бірі болып туған өлкенің тарихын оқушылармен бірлесе зерттеу бағытындағы жұмыстарды жүргізген болатын.

С.Нұртайұлының басшылығымен мектеп жанынан музей жасалып, оған жәдігерлер жинақтауға мектептің барлық оқушылары белсене кіріседі. Сәден ағайдың оқушылары сол маңдағы «Сырлытам», «Ақмырза», «Қандыарал», «Қарақ», «Қосқала», «Құмқала» сияқты тарихи орындарға кәсіби археологтарша қазба жұмыстарын жүргізген. Қару-жарақ, қақпан, қайрақ, бүтін қыш ыдыстар мен оның сынықтары, ою-өрнектері бар бұйымдар тауып, мектептегі тарих музейіне тапсырып отырған. Жаңашыл мұғалім құрған мазмұнды музей қызметімен танысу мақсатында облысқа келген Республика партия және білім саласы басшылары құм ішіндегі ауылға жиі соғып тұрған.

Сол жылдардың өзінде ұлағатты ұстаз Сәден Нұртайұлы шәкірттерін ұлттық тамырдан ажырамауға, туған жердің тарихына асқан ынтызарлық және ыждағаттылықпен қарауға, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға тәрбиеледі. Мұны ұстаздың алдағы жарқын болашаққа деген сенімі, келешекті болжай білетін көрегендігі деп әбден айтуға болады. Мұндай кемел ойлы, кең кеуделі кісінің өнегесін насихаттау кейінгі ұрпақтың ұлт рухында бой түзеп өсуіне тигізетін үлкен әсері мол.

Облыстық олимпиаданың I кезеңінде қатысушылар ACTIVote құрылғысы арқылы берілген тест сұрақтарына желісіз радиопульттің батырмасын басу әдісімен жауап беруге мүмкіндік алды. Тест қорытындысы экран бетіне автоматты түрде шығарылып, олимпиада ережесіне сәйкес жоғары балл жинаған 16 оқушы (әр сыныптан 8 оқушыдан) ақтық сынға жолдама алды. II кезеңде қатысушылар Power Point бағдарламасында жасалған деңгейлік тапсырмаларға жауап беру арқылы ұпай жинақтады. Ұпай қорытындысы бойынша олимпиада жеңімпаздары анықталды. Айта кететін жайт, екінші кезең 100-ден астам жанкүйерге толы мектептің акт залында өткізілді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, қаржылай сыйақымен (1-орынға 120 мың теңге, 2-орынға 70 мың теңге, 3-орынға 50 мың теңге) марапатталды.

9 сынып бойынша І дәрежелі дипломмен Қызылорда облысы, Сырдария ауданы №42 мектеп-лицейінің оқушысы Ш.Тельманқызы, ІІ дәрежелі дипломмен Қызылорда облысы, Шиелі ауданы №157 орта мектебінің оқушысы Д.Молдашова, ІІІ дәрежелі дипломмен Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы №28 қазақ орта мектебінің оқушысы Б.Сапарғалиқызы марапатталды.

10 сынып бойынша І дәрежелі дипломмен Шымкент қаласы №90 жалпы орта мектебінің оқушысы Б.Ералиев, ІІ дәрежелі дипломмен Қызылорда облысы, Сырдария ауданы №210 орта мектебінің оқушысы А.Примбетова, ІІІ дәрежелі дипломмен Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы №29 мектебінің оқушысы Қ.Мырзағалиұлы марапатталды.

Сонымен қатар, облыстық олимпиадаға қатысушылардың барлығына және оқушылардың жетекшілеріне қаржылай сыйақы мен Алғыс хаттар табыс етілді.

Сыр бойына республиканың түкпір-түкпірінен келген оқушылар ұлағатты ұстаз С.Нұртаевтың өмір жолына қанық болып, тағылымы мол тарихшының тәлімге толы тағдырында жүргізген ғылыми зерттеулерін зерделеп, Ұлы даланың ұлылығын ұғынып қайтатынына сенім мол.

 

 

Бауыржан Елеусінов,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша
ПҚ БАИ директоры

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.