Home » Жаңалықтар »  Тараз қаласының №44 орта мектебінде Амангелді батыр ұлықталды  

 Тараз қаласының №44 орта мектебінде Амангелді батыр ұлықталды  

  Жамбыл облысы, Тараз қаласының Шона Смаханұлы атындағы №44 орта мектебінде тарих пәні ұстаздары М.Ақбергенова, Д.Нұрбекова, Қ.Умиралиева, Д.Нүсіпбек және Г.Зорбаеваның мұрындық болуымен халық батыры, қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі Амангелді Үдербайұлы Имановтың туғанына 145 жыл толуына орай «Ердің ері – Амангелді» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

   «Ер есімі – ел есінде» дегендей, Амангелді Үдербайұлы Имановтың 145 жыл толуына байланысты өткен конференция Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында тарихтағы ұлы есімдерді ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған еді.

Қазақ тарихы – тағылымы мол, түркі әлеміне ортақ әрі кеңестік кезеңмен орайласқан тарих. Сол тарих толқынында сан ғасырлар бойы тәуелсіздіктің ақ таңын аңсаған тарихи тұлғалардың есімдері асқақтала бермек керек. Солардың бірегейі – 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілістің қайраткер қолбасшысы, батыр-сардар Амангелді Иманов.

А.Ү.Иманов (1873 – 1919) – халық батыры, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі, Кенесары Қасымовтың үзеңгілес серігі Иман батыр Дулатұлының немересі. Бұрыңғы Торғай уезі Қайдауыл болысында 1873 жылы туған. Әкесі Үдербай қарапайым шаруа адамы, момын кісі болған. Шешесі Қалампыр Қақуқызы медресе бітірген. Амангелді ауыл молдасынан 2 жыл оқып, кейін Тасыбай, Тәшмағамбет ишандардың медресесіне оқуға түседі. Медреседе 4 жыл оқып, араб, парсы, түрік тілдерін меңгереді. Әкесінен 7 жасында жетім қалып, жоқшылық тауқыметін ерте тартты. Ел ішіндегі дау-шараға ерте араласып, сол себепті Ресей империясының жергілікті билеушілерінің қудалауына ұшырап, 1896 – 1911 жылдары аралығында бірнеше рет түрмеге қамалды. Амангелді батырдың ұйымдастырушылық және қолбасшылық қабілеті 1916 жылғы Ресей императорының маусым айындағы жарлығына наразылық ретінде Торғай даласында бұрқ еткен ұлт-азаттық көтеріліс барысында айқын көрінді. Екі-үш ай ішінде елеулі күшке айналған көтерілісшілер Қоғалыкөлде бас қосып, Әбдіғапар Жанбосыновты хан, Амангелді Имановты көтеріліс қолбасшысы (сардар) етіп сайлады. Әбдіғапар мен Амангелдінің ұйымдастырушылық іскерлігінің нәтижесінде көтеріліс саяси сипат алды әрі әскери-ұйымдық жағынан нығайып, оған қатысушы сарбаздар қатары 50 мың адамға жетті. Амангелді Торғай  қаласын 27 күн бойы қоршауға алды. Ол көтерлісішілердің Шошқалы, Күйік қопаларындағы шайқастарына, подполковник Тургеневтің жарақты үлкен жасағына қарсы 1917 жылы ақпанның 21-23 күндері Құмкешу-Доғал-Үрпектегі соңғы айқасына тікелей  басшылық жасады. Жазалаушылар Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісті тұншықтыра алмады. Көтеріліс Ресейдегі Ақпан төңкерісіне жалғасты. Амангелді 1918 жылы наурыздың 21 мен сәуірдің 2-сі аралығында Орынборда өткен Торғай Кеңестерінің тұңғыш съезіне қатысып, Торғай уезінің әскери комиссары болып тағайындалды. 1919 жылы 20 сәуірде Торғайда Кеңес өкіметі құлап, Амангелді тұтқынға алынып, ату жазасына кесілді.

Мәйіті бір жылдан кейін әуелі Алакөлге, кейін аудан орталығына әкелініп жерленді. Қабірінің басына және 1947 жылы Алматы қаласында ескерткіш орнатылды. Батырдың есімі Қазақстанның көптеген қалаларындағы көшелерге, Қостанай облысының бір ауданына берілді. 1939 жылы «Ленфильм» киностудиясы «Амангелді» фильмін түсірді. Бұл көркемөнер туындысы қазақтың тұңғыш дыбысты фильмі болды. Амангелдінің ерлікке толы өмірі көптеген ақын жазушылардың, суретшілер мен композиторлардың шығармаларына арқау болған.

Міне, Амангелді Үдербайұлы Имановтың өмірі мен ерлігі туралы Тараз қаласындағы Шона Смаханұлы атындағы №44 орта мектептің оқушылары ғылыми-практикалық конференция барысында 11-сынып оқушылары Наурызбаев Болатбек, Бауыржанқызы Дана, Матаев Нұрсұлтан баяндама оқып берді. Ал, баяндама соңында конференцияға келген М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғалымдарының кандидаты Бақторазов Сейдахан Уәлиұлы, Тараз Мемлекеттік Педагогикалық Институтының аға оқытушысы Төлегенова Гүлжамал Төреханқызы және осы Институттың PhD докторы Серубаева Аурика Темірханқызы мектеп оқушыларының баяндамаларына орай сауалдар қойды. Оқушылар сұрақтарға жауап берген соң, аға оқытушылар мен ғалымдар А.Ү.Имановқа қатысты қосымша ақпараттар берді.

Конференция соңында Шона Смаханұлы №44 орта мектептің директоры Жақсыбеков Баймұрат Жақсыбекұлына сөз берілді. Ол бұл конференцияны ұйымдастыруға арқау болған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» екендігін айта кетіп, келген қонақтарға, конференцияны ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын білдірді. Сонымен қатар, мектеп директорының    орынбасарлары Нүсіпбекова Салима Жүнісбекқызы мен Райқұлов Маулен Райқұлұлы конференция жайында өз көзқарастарымен  бөлісіп, Амангелді Үдербайұлы Иманов туралы құнды мәліметтер алғандығын айта кетті.

P.S. Ал, ғылыми-практикалық конференцияға келген  ғалымдар Тараз қаласының Шона Смаханұлы атындағы №44 орта мектебінде тәрбиелік мәні зор ғылыми іс-шаралар жиі өтетіндігін тілге тиек етіп, жалпы мұндай маңызды жиындар балаларға тәрбие мен білім беруде  оң әсер ететіндігін жеткізіп, алғыс айтты.

 

Жансая Құрманғалиқызы,
журналист,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.