15-16 тамыз аралығында Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде тамыз кеңесі өтуде. Аталмыш жиынның тақырыбы «Педагогке ресурстық қолдау көрсету» деп аталады. Тамыз кеңесіне 340-қа жуық мектеп мұғалімдері қатысуда.
Мемлекеттің 2016-2020 жылдарға бекітілген білім беруді дамыту кестесіне сәйкес жаңа оқу жылы қарсаңында орта сыныптарға арналған жаңа оқу жүйесі енгізілетін болады. Аталмыш өзгерістер еліміздің барлық мектептерінде 1,2,5,7-сыныптар арасында орын алмақ. Осы себепті, жиында талқыланып жатқан басты мәселе – 2,5,7 сыныптардағы жаңартылған оқу жүйесінің ерекшелігі.
Жиын барысында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқытушылары мен қызметкерлері жаңартылған оқу бағдарламасы, критериалды бағалау жүйесі, бастауыш сыныптарға сабақ беру ерекшеліктері жайлы шеберлік сабақтарын өткізуде. Ал жиынға қатысқан Астана қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Байтуков Арсен Қастайұлы:
«Бүгінгі күнде мектептерде әділ бағалаудың өзектілігі және қажеттілігі бүкіл педагогикалық қоғам сезінеді. Критериалды бағалау жүйесінде оқыту мен бағалаудың арасындағы өзара байланысты жүзеге асыратын механизмдер салынған. Бағалау оқу бағдарламаларына сәйкестікті қамтамасыздыратын және оқу үдерісін қолдайтындай құрылған. Қалыптастырушы бағалау – бұл күнделікті жұмыс барысындағы бағалау. Баға оқушыларға сандық белгі ретінде емес, оқушылардың жұмысына ұсыныстар ретінде беріледі. Яғни, не жақсы істелді, қай жерде қате жіберілді, оны қалай түзету керектігі айтылады. Мұғалімнің ұсыныстары оқу сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Оқушының оқуға және бағалауға деген көзқарасын жақсартады. Жиындық бағалау – оқу бағдарламасына сәйкес білімдерді оқудан кейін, сонымен қатар, белгілі бір оқу кезеңі аяқталғанда жүргізіледі. Баға оқушылардың жетістіктеріне, яғни, тапсырмаларды орындаудағы әрбір қадамдарын бекіту арқылы қалыптастырады. Сондықтан оқушылардың өз бетімен оқудан тыс іс-әрекетіне және оқу бағдарламасын тереңірек игеруге ынталандырады», — деді.
Сонымен қатар, ата-ана мен ұстаз арасындағы байланысты жылдамдатуға арналған жаңартылған оқу жүйесін ұстаздар кеңінен талқылады.
Астана қаласындағы №35 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мықшаева Баян Советқызы:
«Жаңартылған білім беру жүйесіне қатысты Назарбаев Зияткерлік мектептерінің мұғалімдері өткізген шеберлік сағаты көңілімнен шықты. Бұл жүйеде жұмыс тәжірибесі бар ұстаздар болғандықтан өзімізге көп жаңа мағлұматтар алдық деп есептеймін. Жаңа оқу жүйесі балаға алдымен еркіндік береді. Мұндай жүйемен оқыған бала кең түрде ойлайды. Екі-үш жылдың ішінде бұл жүйе толығымен еніп, өз жемісін бере бастайтынына сенімім мол!», — деп өз пікірімен бөлісті.
Бір аптадан кейін, яғни республикалық тамыз конференциясы отырысында Зияткерлік мектептердің үлкен көрмесі өтеді. Онда еліміздің мұғалімдерін методологиялық қолдауға арналған методикалық база мен оқу материалдары ұсынылады. «Жүйелі-методикалық кешенді» көрсету жоспарлануда.