Home » Жаңалықтар » Тамыз кеңесі: тың жаңалықтар мен озық идеялар

Тамыз кеңесі: тың жаңалықтар мен озық идеялар

Батысқазақстандық ұстаздардың дәстүрлі тамыз педагогикалық кеңесі биыл TEDx форматында өтті. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында 20 тамыз күні өткен конференция жұмысының пленарлық мәжілісіне облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің департамент директоры Нұрсейіт Байжанов, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның басқарма басшысы Күләш Шәмшидинова қатысты.

Өңір ұстаздарының басын қосқан жиынның мақсаты – білім беру саласына инновациялық идеяларды енгізу. Сол себепті биылғы тамыз педагогикалық кеңесіне білім беру саласын халықаралық деңгейде жетілдіруге үлес қосып, проблемалық мәселелерді көтеріп жүрген спикерлер шақырылды.

Алдымен құттықтау сөз алған Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Көлгінов биылғы тамыз кеңесі мерейтойлық даталар аясында өтіп жатқанын мәлімдеді. – Биыл – еліміз үшін мерейлі жыл. Тәуелсіз Қазақстанның Елордасы – Астанамыздың 20 жылдығын атап өттік. Қосымша білім беру саласына – 100 жыл. Елбасымыздың бастамасымен «Болашақ» халықаралық бағдарламасының қабылданғанына – 25 жыл. Дарын мектептерінің ашылғанына – 20 жыл. Президентіміздің шешімімен Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрылғанына – 10 жыл. Бұл – жай мерейтой емес, мемлекеттің білім саласына деген қамқорлығы. Білім мен ғылымды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі де мол. Бүгінде білім саласында жаңа сатыға көтеріліп, жаңа белестерге жетудеміз. Осының барлығы – ұстаздардың ерен еңбегінің жемісі, – деді Алтай Сейдірұлы.

Облыстың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық ахуалына, білім мен тәрбиедегі басымдықтарға тоқталған өңір басшысы барлық қолдауды білім саласына жұмсаудың маңызы зор екенін айтты. – Білім – біздің бүгініміз бен ертеңіміз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген екен хакім Абай. Біз сіздердің еңбектеріңізді бағалаймыз. Бірақ өзімізді тәрбиелеуді де ұмытпауымыз керек, өзімізге сыни көзқараспен қарағанымыз дұрыс, – деді облыс әкімі.

Отандық білім саласының жетістіктеріне назар аударған ҚР Білім және ғылым министрлігінің департамент директоры Н.Байжанов: – Елбасымыз «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында нақты іске асырылуға тиісті нақты бастамаларға назар аударды. Еліміз жолда қалмау үшін, әсіресе, Президентіміз білім секторын дамытуға айрықша мән беріп отыр.

IMD әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан білім субфакторы бойынша 63 мемлекеттің ішінен 29-орынға табан тіреді. Өткен жылмен салыстырғанда 6 көрсеткішке жоғарылаған. Адам капиталы рейтингісі бойынша Қазақстан – 188 елдің ішінен 56-орында. Бұл ретте еліміз – адам капиталы бойынша жоғары көрсеткіштерге ие аймақтардың қатарында. QS үздік университеттер рейтингісінен биыл 10 қазақстандық ЖОО көрінді, – дей келе, хлықаралық деңгейдегі зерттеулер бойынша Қазақстан жақсы нәтижелерге қол жеткізгенін айтты.

Биылғы оқу жылында 3, 6, 8-сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына көшеді. Бұл бағытта педагогтарды құзырлы министрлік арнайы дайындық курстарынан өткізген. Мектептер жаңа оқулықтармен қамтылған. Өз баяндамасында министрлік өкілі Нұрсейіт Әбсаттарұлы Батыс Қазақстан облысы білім саласы бойынша басқа өңірлермен салыстырғанда жақсы нәтижелерге ие екенін атап өтті.

Ал «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның басқарма басшысы К.Шәмшидинова жаңартылған білім мазмұнын енгізу туралы ой-пікірін ортаға салды. Сонымен қатар конференция жұмысында білім саласындағы жаңашылдықтарды зерттеп, тәжірибе жүзінде таратып жүрген «Knowledge Egineering» ЖШС директоры Н.Әшім, «Astana Garden Schools» басшысы, білім беру технологиялары бойынша тренер Н.Досыбаев, «EDTECH» білім орталығының директоры, халықаралық деңгейдегі психолог Ғ.Бейсенбаевтар сөз алып, құнды мәліметтерімен бөлісті.

Салтанатты шара соңында жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіне елеулі үлес қосқан бір топ ұстаздарға облыс әкімінің алғыс хаты, ҚР Білім және ғылым министрлігінің наградалары, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының марапаттары табысталды. Сонымен қатар облыстық байқаулардың жеңімпаздарының есімдері белгілі болды. Пленарлық мәжіліс түстен кейін секциялық отырыстармен жалғасып, облыс ұстаздары білім беру саласындағы жаңашылдықтарды спикерлермен бірлесе талқылады.

Биылғы оқу жылында Батыс Қазақстанда 380 жалпы білім беретін күндізгі мектеп өз жұмыстарына кіріспек. Оларда 100 мыңнан астам оқушы білім алады деп болжануда. Жыл санап мектеп табалдырығын аттайтын шәкірттер саны да артып келеді. Биылғы оқу жылында 12 мыңнан астам бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданады деп жоспарлануда. Өңіріміздегі білім ошақтарының 58 пайызы – шағын жинақты мектептер. Алдағы оқу жылында шағын жинақты мектептердегі білім сапасын арттыру бағытында облыс бюджеті есебінен «BilimBook» компьютер-трансформерлері сатылып алынуда, мұғалімдерге арналған курстар ұйымдастырылуда, жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу бойынша әдістемелік көмек беру мақсатында жетекші мектептер құрылған.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«Білім айнасы», БҚО,

суреттерді түсірген Р.ХАЛЕЛОВ

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.