Home » Жаңалықтар » ТАЛАБЫ МЕН ЕҢБЕГІ ЕКІ ЖАҚТАП…

ТАЛАБЫ МЕН ЕҢБЕГІ ЕКІ ЖАҚТАП…

Биылғы оқу жылы гимназиямыздың жас мамандары үшін өсу жылы, шыңдалу жылы болғандай. Оған себеп оқу жылының басынан гимназия әкімшілігінің бастауымен «Үздік жас маман!» сайысы жарияланды. Жас мамандарымыз сайыс барысында әр түрлі қырынан танылып, түрлі сындардан өтті. Алдымен, алғырлықтарын танытып, сабақ беру әдіс-тәсілдерімен көзге көрініп, өз шеберліктерін таныту үшін ашық сабақтар берді. Білімді тәрбиемен ұштастырып, таңдаған тақырыптарында сынып сағаттарын өткізді. Қазіргі функционалдық сауаттылықты арттыру мақсаты да ескеріліп, «Мен таңдаған мамандық» тақырыбында эссе конкурсынан да сүрінбей өтті. Әр сайыс сайын жиынтық балдары шығарылып отырып, қорытынды кезең жақындағанда ұжым болып ашық дауысқа салды.

Сайысқа 10 жас маман қатысты, қатысушы жас ұстаздарымызды атап өтсек:
1. Дене шынықтыру пәні мұғалімі — Қазкен Қайырлы Төлеубайұлы;
2. Математика пәні мұғалімі — Смагулова Камшат Сағатқызы;
3. Физика пәнінің  мұғалімі — Нұрышева Гүлзат Бекетқызы;
4. Химия пәні мұғалімі — Сайлау Нұрбақыт Нұрланқызы;
5. Бастауыш сынып мұғалімі — Серікбай Балжан Серікбайқызы;
6. Бастауыш сынып мұғалімі — Имашева Айгүл Ұзақпайқызы;
7. Ағылшын тілі пәні мұғалімі — Досымова Мөлдір Досымқызы;
8. Ағылшын тілі пәні мұғалімі  — Шопенова Нұргүл Бейбітқызы;
9. Ағылшын тілі пәні мұғалімі — Әлімбетова Анар Жайсаңбайқызы;
10. Бейнелеу өнері және сызу пәні мұғалімі — Қараша Гүлнұр Оралбайқызы.

Сынып сағаттарының мазмұндылығы, тәрбиелік мәні зор болды. Атап өтер болсақ, Кәмшат Сағатқызының «Достық қымбат өмірде» атты 6 «Ә» сыныбында өткен тәрбие сағаты оқушылардың арасында жағымды қарым-қатынас орнатып, бір-бірін сыйлауға, адал дос болуға шақырды. Қараша Гүлнұр Оралбайқызының 9 «Б» сыныбымен өткізген «Қарапайым тіліктерді орындау және безендіру» тақырыбындағы ашық сабағы кеңістікте ойлау қабілетін дамытуды, ұқыптылыққа, тазалыққа, әдемілікке тәрбиелеуді мақсат тұтты.

«Мұғалім – тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын қалап жатқан маман. Өйткені, ел болашағының кілті – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Жас ұрпақтың тағдыры олардың бойына білім мен ізгілік нұрын себуші – ұстаздардың қолында. Ұстаздықты жүрек қалауымен таңдап, жоғары және арнаулы оқу орындарын ойдағыдай аяқтап, ортамызға келіп еңбек жолын жаңа ғана бастап жатқан жас мамандар арасындағы «Үздік жас маман!» сайысының қорытынды кеші математика пәні мұғалімі Мұратхан Зояның ұйымдастыруымен мәжіліс залында өтті. «Таныстыру», «Таңымдық кезең», «Педагогикалық жағдаят», «Жұлдызды сәт» — деп аталған 4 кезеңнен тұратын сайыста ұзтаздарымыз білімі мен өнерлерін ортаға салды. Таныстыру кезеңінде жас ұстаздарымыз талғамдарының биіктігін көрсетіп, өздерінің шыққан тегі мен өскен ортасын жарасымды жырмен өрнектеді.

Бір ғана математика пәнінің мұғалімі, Кәмшат Сағатқызының таныстыруын атап өтсек,

Білімнің биік қойғам әліппесін,
Армысың, ұстаздарым, әріптесім.

Жұмабаев Мағжандай атамыздың,

Ордасын әрбір ұстаз дәріптесін.

Уақытын санамай қиыпты шын,

Аянбай еңбектенем жиып күшім.

Сабағым есеп жайлы болғанымен,

Есепсіз еңбектенген сүйікті ісім, — деп ұстаздығын барлығынан биік қойып, тереңнен толғады.

Кеш барысында мамандар сұрақтарға жауап беріп, түрлі жағдаяттардан шеберлікпен шығып, өздерінің жан-жақты екендігін танытты. Өнер көрсету кезеңінде барша маманымыз көрерменді тамсандырды. Би де биленіп, ән де шырқалды. Бастауыш сынып мұғалімі Балжан Серікбайқызының салған әні құлақ құрышын қандырды. Кеш соңында, әділқазылардың шешімімен, жан-жақты сараланған пікір мен сыннан сүрінбей өткен, бастауыш сынып мұғалімі Имашева Айгүл Ұзақпаевна жеңіске жетіп «ҮЗДІК ЖАС МАМАН» атанды. Сайыста бақ сынаған ұстаздарымыз түрлі номинациялармен марапатталып, сыйлықтарға ие болды.

Альжанова Мөлдір Жаксыбаевна
Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы,
М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияның
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.