Home » Ашық сабақтар » Таза ауа — денсаулық кепілі! Алиева Мамура Ахмаджановна

Таза ауа — денсаулық кепілі! Алиева Мамура Ахмаджановна

Ұйымдастырылған оқу қызметі: жаратылыстану.

Мақсаты: балаларға таза ауаның денсаулық үшін маңызы зор екенін түсіндіру. Ауаның қасиетін тәжірибе арқылы таныстыру. Шығармашылық қабілеттерін арттыру. Табиғатты қорғай білуге, ауаны ластамауға, адамгершілікке тәрбиелеу.

Көрнекілігі:

1. Слайд (табиғат көріністері, ағаштар, завод, фабрика, машина, ұшақтар суреттері);

2. Тәжірибеге стакандар, доп, шарлар, су, шырағдан;

3. Құрастыруға түрлі-түсті қағаздар

4. Сурет салуға картоп бастырмасы, ақ қағаз, субояқ;

5. Үлгі сурет.

Билингвизм: Ауа – воздух, ағаш – дерево. Мотивациялық қозғаушы. Таңғы жиын:

Балаларды шеңберге жинап, бүгінгі күнмен сәлемдесу.

Аспан түрді түндігін,

Жерге сәуле жайылды Неткен ашық бүгін күн,

Қайырлы күн, қайырлы!

Іздену ұйымдастырушы — Балалар, сендер білесіңдер ме? Жер бетінде көзге көрінбейтін бір сиқыршы бар. Онымен күнделікті кездесіп отырасыңдар. Бірақ оны көрмейсіңдер, тек сезесіңдер. Ол үнемі сендерді қоршап тұрады. Бұл не?

Бүгін біз «Таза ауа» тақырыбымен танысамыз.

—  Ауа тіршілік үшін өте пайдалы. Ал ауа болмаса айнала қандай күйге түсер еді? Бір уақыт мұрындарыңды қысып, дем алмай көріңдерші.

Қанша уақыт шыдай аласың?

— Бізге не жетпейді?

Яғни, біз ауамен дем аламыз. Ауа тірі табиғат үшін өте қажет. Бізді қоршап тұрған ауа бізді түрлі қауіптен сақтайды.

— Қане, бәріміз слайдқа қарайықшы. Біздің табиғатымыз – өте керемет. Сулары, таулары, ағаштары, жері қандай тамаша, қандай сұлу. Табиғаттың маңызды бір бөлшегі – ағаштар. Айтыңдаршы ағаштардың адамға қандай пайдасы бар?

— Жарайсыңдар, балалар, ағаштар көлеңке болып қана қоймай ауаны тазартып тұрады екен. Ауаны нелер ластап жатыр? Міне, қараңдаршы үлкен қалалық жерлерде қағаз, машина, әртүрлі бұйымдар шығаратын фабрика, заводтар көп, олардың мұржаларынан шыққан улы газдар, аспанда ұшып жатқан ұшақтар, зымырандар, көшедегі көптеген машиналардан шыққан түтіндер ауаны ластап жатыр. Ап ағаштар осы улы газдарды, түтіндерді бойына сіңіріп алып, бізге таза ауаны жіберіп түрады екен. Сондықтан ағаштарға қамқорлық жасап, оларды сындырмай көп өсіруіміз керек.

   Ғажайып сәт:

Орман ханшайымы келеді.

— Сәлеметсіңдер ме, балалар. Мен орман ханшайымымын. Орманда ағаштардың түрлері көп, одан тұрмысқа қажетті әртүрлі бұйымдар жасайды.

 

Сондықтан ағаштарды қорғап, қамқор болуымыз керек. Мен сендерге бірнеше тапсырма алып келдім. Мен алып келген тапсырманы орындасаңдар — орманды қорғағандарың деп біліңдер. Балалар, тапсырмамды орындайсыңдар ма? Тапсырмаларды жақсы орындасаңдар, менің сендерге сыйлығым бар.

— Балалар, ауа туралы бұдан да көп мағлұмат алу үшін таңдаған орталықтарда жұмыс жасайсыңдар. Бүгін біз ғылым, өнер, құрылыс орталықтарында жұмыс жасаймыз. Ғылым орталығында тәжірибелер жасап, ауа қасиеттерімен танысамыз. Өнер орталығында ағаштардың суретін картоппен бастырмалау әдісі арқылы саламыз. Құрылыс орталығында «Қызғалдақ» гүлін түрлі-түсті қағаздан құрастырып, ішіне үрлеп ауа жіберу арқылы жасап үйренеміз.

Белгілерді тарату.

Ғылым орталығында:

Тәжірибелер жасап көрсету.

I тәжірибе:

Екі шырағданды алып, жағып, біреуін стаканмен жауып, екіншісін ашық қалдырамыз. Қай шырағдан бұрын сөнеді?

— Енді салыстырамыз, дәлелдейміз. Нәтижесінде ашық шырағдан жана береді. Стаканмен жабылғаны ауа жоқтықтан сөніп қалады.

II тәжірибе:

— Қалай ойлайсыңдар, алдарыңдағы стаканда бір нәрсе бар ма?

Қазір біз оны тексереміз. Стаканды тік ұстап суға баяу түсіреміз. Не болды? Неге су стаканға кірмейді? Суға кіруге не бөгет жасайды? Себебі стаканда ауа бар, сол ауа суды жібермейді. Ал енді стаканды қиғаш ұстап, суға түсіреміз. Не болды? Стаканға су кірді, суда көпіршіктер пайда болды.

— Қайдан? (Ауа стаканнан шығады, оның орнын су алады)

Қорытынды: Өйткені, ауа түссіз, мөлдір. Топта мөлдір заттарға не жатады?

         III тәжірибе:

Доптың екі бүйірін қыссаң, қабысып ішіне кіреді. Қысқан кезде ауа сығылады. Жіберіп қалсаң, серпіліп қайтадан өз орнына келеді. Неліктен? Серпіліп түрған оның ішіндегі ауа.

IYтәжірибе:

ІІІарды үрлейміз де ауа сиқыршысын ұстап аламыз. Балалар, қазір біз ауаны естиміз, шардағы ауаны шығарамыз. Енді фольганы ернімізге жақындатып үрлейміз. Не естідіңдер? Біз ауаны жұтқанда фольга дірілдейді, ауа да дірілдейді. Сол кезде дыбыс шығады. Қорытынды: ауа дірілдегенде дыбыс шығады.

Өнер орталығында:

Табиғаттың маңызды бір бөлшегі ағаштардың суретін картоппен бастырмалау әдісі арқылы салу.

Салу жолын көрсетіп, түсіндіру.

Құрылыс орталығында:

«Қызғалдақ» гүлін түрлі-түсті қағаздан құрастырып, ішіне үрлеп ауа жіберу арқылы жасаймыз.

Жасалу жолдарын көрсетіп, бағыт-бағдар беру.

Сергіту сәті:

Таза ауада демалып,

Шынығамыз жаттығып. Айналаны қорғаймыз,

Күл-қоқыстан тазартып

 

Жұмбақ жасыру:

1. Біз оны көрмейміз, онсыз өмір сүрмейміз. Бұл не?

2. Ауызы жоқ, сыңғырлайды, күледі, Онсыз бірақ жер бетінде тірлік жоқ.

3. Көзге ілінбейді, жұтсаң білінбейді.

4. Таңмен көзін ашады, әлемге нұрын шашады.

Қорытынды:

— Балалар, біз үш орталықта қандай жұмыстар жасадық?

— Ауа не үшін қажет?

— Ендеше ауа туралы не білетінімізді еске түсірейік.

— Ауа қай жерлерде болады?

— Жан-жағымыздан ауаны неге көрмейміз?

— Ауа қасиеттерін ата?

Күтілетін нәтиже:

Білуге тиіс: Ауасыз тіршілік жоқ, жел – ауаның қозғалысы екенін білді.

Талапты болу: Балалар ауаның қасиеттерімен танысу үшін тәжірибе жасауға талаптан.

Қолынан келуі тиіс: Табиғаттың маңызды бір бөлшегі – ағаштардың суретін салып, гүлдің бейнесін құрастыра білді.

Алиева Мамура Ахмаджановна

«Балапан» бөбекжай-балабақшасының

ІІ-санатты тәрбиешісі

ОҚО, Кентау қаласы, Қарнақ ауылы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.