Home » Балабақша » Табиғатқа деген жанашырлықты ұрпақ бойына сіңіре білді

Табиғатқа деген жанашырлықты ұрпақ бойына сіңіре білді

Бір отбасы болып біріккен пластикалық бөтелкелердің атасы  өз жәшігіне салынбай отбасынан жырақта ай далада жалғыз қалады….
Кішкентай баланың тәтті үнімен жалғасқан жақынына деген сағыныш тым шынайы болғаны сонша жүрек елжіреп барады. ..
Тәрбиенің таптырмас құралы баланы еліктірер ертегі жанры. Дәл осы ойды дүп баса білген Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Юсупова Назгүл Ғадылханқызы басқаратын  №77 «Қошақан» балабақшасының ұжымы. Қарашаның соңы аптасы жұма күні осы білім ордасында тәжірибе жинақтауға бағыттаған «Мектепке дейінгі жастағы балалардың экологиялық әдеттерін кластераралық бағытта қалыптастыру» тақырыбында республикалық семинар өтті.
Ғылым мен техниканың ғаламат жетістіктері, шапшаң дамуы адамзаттың барған сайын аш көздікпен табиғатты тонауына жеткізуі бүгінгі күні әлемдегі экологиялық проблемаларға әкеліп соқты. Солардың ішінде тумысынан табиғатты сүйіп өскен қоршаған ортаға ілтипатпен қарап «экология» деген сөзді білмейтін қазағымызда таза табиғатының қалай ыластанып бара жатқанына сенбейтін күнге жетті.
Экологиялық апаттан қоршаған ортадағы тепе-теңдік бұзылды. Ауру түрлері көбейіп адамдардың денсаулығына залал келе бастады.
Демек, осы апаттан құтылудың жолы табиғатқа деген көзқарасты өзгерту дұрыс тәрбие беру. Экологиялық идеологияның бастауы жас ұрпақты кішкентай кезінен табиғатты сүюге баулу болмақ. Жаңа, жас ғылым саласы – экологияны ұрпақ санасына сіңіру үшін ата-анамен ұстаздар өте сауатты білімді болуы шарт. Экологиялық тәрбие берудің тиімді жолдарын іздеп,  әріптестеріне көшбасшы бола білген, көңілге түйгенін іске асыруға келгенде басқалардан оқ бойы озық тұрған іскер де білімді басшы Назгүл Ғадылханқызының бұл бастамасы талайға ой салды.
29 қараша күнгі шараға қатысқан экология және табиғи ресурстар геологиясы министрлігінің Экологиялық білімді ілгерілету жөніндегі халықаралық сапапшысы  Немцан Татьяна Николаевнаның баяндамасынан басталды. Ондағы айтылған ой соңғы жиырма жылдан бері көңіл бөлінбей келген бұл салаға табиғатымыз азып тозғанда ғана ден қойдық. Алдағы күндері экология саласында білім берудің аясын кеңейте түсіп, «Экология» пәнін балабақшалардан бастап жоғарғы оқу орындарына дейін оқытуымыз жайлы айтты. Тың деректермен бөлісіп жанашырлықтың үлгісін көрсете білді. Баяндаманы балабақшаның ғылыми кеңесшісі, Ғылым және Білім министрлігінің менеджері Барон Лада Анатольевна  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында балаларға эклогиялық мәдени тәрбие беру бойынша жалғастырды.
Патриоттық тәрбиенің бастауы өзінің өскен ортасын қорғаумен табиғатты аялаудан басталса еліне жеріне деген адамгершіліктің  белгісі болмақ.   Балабақшаның «Step by step» бағдарламасының жетекшісі Сарсебаева Жанерке Абылайханқызы  презентация көрсетті. «Step by step» қоғамдық қорының модераторы А.М. Шыналиева сөз сөйледі.
Семинарды оқу қызметтері жалғастырып қатысушылар топтарға бөлініп атқарылып жатқан жұмыстарға куә болды.
Ересек  «Балақай» тобының   тәрбиешісі  Мұқанова   Күлзайра Әбітайқызы  «Экологиялық көлік» тақырыбы бойынша   ашық  оқу қызметін Сейітхан Наргиз Еркинкқызымен бірлесіп «Тәй- тәй» технологиясы арқылы орталықтарға бөліп өткізді. Оқу қызметі барысында балалармен алдын- ала жүргізілген жұмыстарды бейнетаспа арқылы  қаланың үлкен көшелерінің бірі Мәңгілік ел даңғылына саяхатқа барып, қаладағы кептелісті және көліктерден бөлінген түтін мен газдың ауаға тарау жолы туралы әңгімелеп бақылауды жалғастырғаны, сонымен қатар қаланың экологиялық жағдайын ауаның ластануы туралы айтап берді. Сонымен қатар қазіргі заманға сай жаңа көлік түрі туралы ойларымен бөлісті.Тәжірибелер жасап  қардың суға айналған кездегі ауаның ластануына байланысты лас кірге айналуын зерттеп көрсетті.
Мектеп алды даярлық «Жұлдыз» тобының тәрбиешісі   Скакбаева Динара Есенгалиевна «Өз қалаңды аяла»  тақырыбы бойынша көрсетті.   Тәрбиеленушілерден сұрақ жауап ала отырып қаламызды таза ұстауға және қоқыстарды дұрыс сұрыптауға үйретті. Келген қонақтармен тәрбиеленушілер бірлесе  ойын түрінде жұмыс жасады. Оқу қызметі жоғары деңгейде өтті.  Ересек «Көгершін» тобының тәрбиешісі Шарипова  Айжан Аманжолқызы   «Біз зерттеуші баламыз» тақырыбы аясында республикалық семинарда гидропоника зертханасында тәжірибе көрсетті. Өз тәжірибесінде тәрбиеленушілер гидропоника туралы, оның пайдасының маңыздылығын айқындады. Топырақсыз суда тамшылау арқылы өсімдіктердің өсу туралы түсініктерін кеңейтіп, қонақтармен бірлесіп жұмыс жасады.
Ересек  «Зерек» тобының тәрбиешісі Сейткерім Айгерим Даулетбайқызы «Меруерттің туған күнінен кейінгі сәт» тақырыбында  театрлық қойылым көрсетілді. Қойылымда тәрбиеленушілер өз өнерлерін көрсетіп және қоршаған ортаны  таза ұстау, ұлттық тәрбие негізінде келешек ұрпақты бейімдеуге үйретті.
Мектепалды даярлық «Болашақ» тобының  тәрбиешісі   Мынбаева Майра «Пластикалық бөтелке оқиғасы» тақырыбында театрлық қойылым көрсетті. Тәрбиеленішілер қойлымда өз өнерлерімен көрсетіп, қонақтарды қуанта білді. Пластикалық бөтелке туралы, оның қайта өңдеуге болатындығы және көп жылдар бойы шірімей, экологиялық ахуал туралы түсініктерін кеңейтті.
Балабақшада тұзды шахта, құм терапиясы, робототехника, ағылшын тілі кабинеті, лфк үйірмелерінің жұмыс барысы  экскурссия  ретінде көрсетілді. «Өз қалаңды аяла» атты топтар арасында пластикалық бөтелкелерден қол өнер сайысы ұйымдастырылды. Келген қонақтар арасынан әділқазылар тағайындалып ата-аналармен бірлесе жұмыс жасау білген тәрбиешілерге топ атауларымен мадақтамалар табысталды. Бас жүлдені «Айгөлек» тобы жеңіп алды.
Республикалық деңгейде өткен шараға Нұр-Сұлтан қаласының 60 қа жуық балабақша меңгерушілері мен қоса Семей, Теміртау, Петропавл қалаларынан келген білім ордаларының басшылары қатысты. Қорытынды сөзде ізгі ілтипатын білдірген Нұр-Сұлтан қаласы білім беруді жаңғырту орталығының Білім кластері бөлімінің жетекшісі Нұғыман  Ақмоншақ Нұртазақызы, Теміртау қаласы білім бөлімінің басшысы Әшім Есентай Мұқатайұлы, Семей қаласы №12 «Ажар» балабақшасының меңгерушісі Сейсембаева Жанна Серіковна,  білім беру саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен,  басшылық қызмет атқарған бүгінде «Алматы кітап» баспасының семинар-тренинг кеңесшісі Жазира Ғадылханқызы, өзінің білім ордасын жасыл желекке бөлеп, өз тәжірибесімен әріптестерін шабыттандыра білген іскер басшы Петропавл қаласынан келген қонақ Мадина Таңжарбаевна өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Қонақтардың ізгі ілтипаты бүгінгі күннің өзекті тақырыбы экология саласына ден қойып, жас ұрпақты жасыл желекке қамқор болар, өз ортасын таза ұстауға  тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін балабақша меңгерушісі Назгүл Ғадылханқызы және ұжымға шексіз алғыстарын білдірді. Орта толтырып меңгершілер арасынан да өздерінің ыстық  ықыласын білдірген кластер жетекшісі №70 «Құлыншақ» №75 «Балалық шақ», №37 «Арман »      балабақшаларының меңгерушілері Жәудір Бақтиярқызы,  Айман Нұрсейітовна, Абдрахманова Рәзия Елтаевна оң бағаларын беріп әріптестерінің мәртебесін көтерді.
Қысқа уақыт ішінде балабақша ішін жарқыратып жайнатып, жасыл желекке бөлеп, оқу қызметіне қажетті құралдармен қамтамасыз етіп, ұжымның басын біріктіре білген басшының алыстан ойлар көрегенділігімен, іскерлігіне сүйсінбеген жан қалмады.
Шын мәнінде көп ойланып шешім таппағаннан  қарағанда батылдықпен іс жасай білетін ұйымдастырушылық шеберлігі бар өз саласының осындай білікті мамандарын қалай мақтамасқа!
Мектепке дейінгі білім беру саласында 35 жылдық қызмет өтілі бар білікті басшы Юсупова Назгүл Ғадылханқызымен республикалық семинардың өз дәрежесінде өтуіне атсалысқан балабақша әдіскерлері Инкаргалиева Айсулу Зейнешовна, Сомшина Акмарал Есімханқызы, ән күй жетекшісі Мағзумова Айгуль Нугирбекқызының театрлық қойылым барысындағы  шеберлігіне,  ұжымның бірлігіне куә болдық.  Педагогикалық ұжымға тек шығармашылық табыс, білімді шәкірттерге талмайтын  қанат, таусылмайтын шабыт тілейміз!

Әлия Ғалымбекқызы,
Білім айнасы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.