Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Сөйлеу тілін дамытудың маңыздылығы

Сөйлеу тілін дамытудың маңыздылығы

Мектепке дейінгі ұйымда балалардың тілін дамытуда ауызша сөйлетуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде қолдану, әрі оны күнделікті іс-әрекет кезіндегі тілдік қарым-қатынаста қолдана білуге жаттықтыру ісіне ерекше мән берген маңызды. Мектеп жасына дейінгі кезеңдегі балалармен сөздік жұмысын жүргізу ісі – тіл дамытудың негізгі жұмыстары болып табылады.

Біз ұйымдастырылған оқу қызметінде балалармен сөздік жұмыстар жүргізе отырып, оларды айналасындағы заттармен таныстырып, атын атай білуге, қасиеті мен сапасын, түр-түсін және пішінін ажырата білуге, өмірдегі, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар жайындағы ұғым, түсініктерін дамыта отырып, белсенді түрде тілдік қарым-қатынас жасай білуге үйретеміз.

Мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорларын дамыту ісінде логопедтің:

— Балалардың сөйлеу тілдерін дамыту;

— Жаңа сөздерді есте сақтап, дұрыс айтуға меңгерту;

— Дыбыстармен ойын арқылы жұмыстар жүргізу;

— Үйренген сөздерді анық, әрі сөзде, сөйлемде дұрыс қолдана білуге үйрету.

Осы аталаған міндеттерді логопед үнемі сөздік жұмысын жүргізуде басшылыққа алып отыруы маңызды. Балалардың сөйлеу тілдерін дамытуда ойын, тапсырма, саусақ, тыныс алу жаттығуларының орны ерекше болып саналады. Ойын – баланың шынайы өмірі. Ойын арқылы бала қоршаған ортаға қызығушылық танытып, сюжетті ойын арқылы қайталайды. Сонымен қатар баланың бір ерекше қасиеті: ойын кезінде сөйлеу әрекетіне түседі. Ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің қалыптасуына және сөздік қорларының дамуына көп көмектеседі. Әрбір бала ойын арқылы өсіп-жетіледі, өйткені бала табиғатынан тек ойынмен ғана байланысты. Ойын кезінде бала басқа жаққа тәуелсіз. Ол өзін емін-еркін ұстайды. Еркіндік – ол баланың бастапқы дамуына кедергі келтірмейді, барлығын білуге деген талпынысы мен құлшынысы артады. Баланың білімі, сөйлеуі ойын кезінде қалыптасады.

Жалпы сөйлеу тілі бұзылымы бар балалармен жұмыс жасауда ең бірінші жоқ дыбыстарды қойып, сол дыбыстарды буында, сөзде, сөйлемде машықтандыру қажет. Дыбыстармен жұмыс жасауда бала тез қабылдауы үшін әртүрлі ойындар өте маңызды. Сондай-ақ, сөйлеу тілін дамыту қызметін ұйымдастыру жұмысында ойын әрекеті ең маңызды орын алады. Логопед бақылау, заттарды қарау, сурет қарау, жұмбақ шешу мен жаңылтпаштар айту және құрастыру, саяхат, ойын әрекеттерін ұйымдастыру барысында балалардың сөйлеу тілдерін дамытады.

Түрлі ойындар әрекетінің және ұйымдастырылған оқу қызметінің мазмұнына қарай танымдық, дамытушы ойындарды, тапсырмаларды қолдану, балаларды заттарды бір-бірімен салыстыруға, оларды қасиетіне қарай ажыратуға және оны танып білуге үйретеді. Нәтижесінде бала жас ерекшелігіне сәйкес мектепке дейінгі ұйымда бағдармалық міндетті меңгереді. Ойын ұйымдастыруда логопед балалардың ойлануына бағыт бере отырып, заттың атын немесе қасиетін есінде сақтап қалуға жол ашады, ойынға қызықтыра отырып, зейінін, қиялын, танымын дамытады.

Сонымен қатар ойын барысында бала үлкендермен, өз құрбыларымен қарым-қатынас жасайды. Әр бала өз жетістігіне қуанып, мәз болады. Сондықтан да, ойын-тапсырмаларды таңдауда және іріктеуде балалардың жас және жеке ерекшелігін ескерген жөн.

Логопед балалармен ойынды үш түрлі етіп өткізуіне болады. Олар:

— заттармен;

— үстел үсті;

— сөздік ойын.

Заттармен ойналатын ойын ойыншықтарды, табиғи заттарды қолдану арқылы өтіледі. Мысалы: «Мен бастаймын, сен аяқта», «Ғажайып қапшық», «Қайтала», «Салыстыр да атын ата», «Дыбыстың орнын тап», «Мен айтамын, сен түзе», «Дыбысты естігенде шапалақта», «Бірдей ойыншықты тап», «Қайсысы көп, қайсысы аз» т.б.

Үстел үсті ойынын ұйымдастыруда домино, лото, суреттерді қолданылады. Мысалы: «Суретті құрастыр», «Қандай затқа ұқсайды?», «Қай сурет тығылды?», «Бір сөзбен ата», «Кім байқағыш?», «Қиылған суреттер», «Ұқсасын тап», «4-ші не артық?», «Есіңде сақта».

Ал сөздік ойын арқылы сөзді орынды қолдана білуге, дұрыс жауап айтуға, сөз мағынасын түсінуге, орынды сөйлеуге үйренеді. Мысалы: «Сөз ойла», «Сөз құра», «Жұмбақ ойла», «Жақсы-жаман», «Жалғастыр», «Үш сөз ата».

Балалардың сөйлеу тілдерін дамыту жұмысына ойындарды қолданумен қатар, «Шәйді суытамыз», «Жапырақтарды ұшыр», «Қарды үрле», «Қолды жылытамыз» тыныс жаттығуларын және «Пішіндер әлемі», «Өрнекті есіңде сақта», «Қиын жолдар», «Суретті жалғастыр», «Биші адамдар», «Көңілді таяқшалар» тәрізді жаттығу, тапсырмаларды, «Тәтті тосап», «Бақалар», «Түтікше», «Кесе», «Тау», «Сағат» артикуляциялық жаттығуларды да пайдаланып отыру өз нәтижесін берді. Бұл аталған жаттығу, тапсырмалар балалардың сөйлеу тілдерін дамыта отырып, таным белсендіктерін және саусақ бұлшық еттерін дамытады.

Ойын әрекеттерін ұйымдастыру ойынды өткізуге әзірлік, ойынды өткізу, ойынды талдау сияқты үш бағытты қамтиды. Ойынға қажетті құрал, көрнекіліктерді дайындау ойынды өткізуге дайындық болып табылады.

Ең бірінші балаларды ойынның мазмұнымен таныстыру өте маңызды табылады. Ойынды талдау, бұл ойынның өз мақсатына жетуі, балалардың белсенділігі және олардың қайталау әрекеті болып табылады.

Балалардың сөйлеу тілдерін дамытуда ойындарды, тапсырма-жаттығуларды қолдану үлкен нәтиже береді. Ойын әрекеті арқылы балалардың сөйлеу тілдері дамып, ауызша сөйлеу әрекеті машықтанады, таным белсенділіктері қалыптасып, ақыл-ойы өсіп жетіледі, әрі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіреді.

Балалардың тілін дамыту мақсатында ауызекі сөйлеу, байланыстырып сөйлеуді дамыту мен сөздік қорын дамыту үшін ұйымдастырылған оқу қызметінде және ҰОҚ тыс уақытта ойналатын ойындардың маңызы зор. Ойын шарттары мен көрнекіліктерін пайдаланып, ойналатын ойындар арқылы балалардың жеке басын, ойын әрекетін дамытуға болады. Ойындар балалардың ақыл-ойын дамытады және өзін-өзі бақылауға үйретеді. Ойындарды өткізуде балалардың ойынды саналы түрде ұғып, ол ойын шартын дұрыс орындауға тырысып, белгілі нәтижеге жету мақсаты көзделеді. Бала ойын мақсатына сай ойын шартын орындап, мұндағы сұрақтар мен тапсырмаларға жауап беруге дағдыланады. Ойын шартын, ережесін қатаң сақтау арқылы жолдастарын тыңдай білу, олардың қателіктерін түзетуге белсенділік көрсетуге ынталандырылады. Ойындарды «Тіл дамыту», «Сауат ашу», «Дыбысты айту қабілетін дамыту» ұйымдастырылған оқу қызметтерінде пайдаланудың тиімділігі тәжірибеде анықталып отыр. ҰОҚ бекіту, ҰОҚ-де меңгерген мәлімет туралы түсінігін кеңейтуде, балалардың шығармашылығын дамыту, тіл байлығын молайтуға, сөздік қорларын дамытуға септігін тигізеді. Ойын әрекеті арқылы балаларды білімге деген қызығушылықтарын, құштарлықтарын арттырады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Ата-баба мұрасы» Алматы- «Аруна».
  2. «Балаларға тіл дыбыстарын үйрету» Г. Дүкенбаева, К. Төрежанова. Алматы-«Мектеп» 1989 ж.
  3. «Учите, играя» А.И. Моксоюв, Г.А. Туменова.
  4. «Ойлан тап» әдістемелік құрал. Ш. Майғазанова, Г. Дүкенбаева.

Махамбетрзина Эльвира Сериковна,

№10 «Алма» сөздері бұзылған балалар үшін

арнаулы (коррекциялық)

мектепке дейінгі ұйымының

жоғары деңгейдегі II санатты логопеді,

Ақтөбе қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.