Үйде бір жиын бола қалып, алыстағы өз елін тапқан әпкелерді шақырғанда: «Балаларды қалдырып кетпей, алып келіңдер. Себеппен көріп қалмасақ, қазір мүмкіндік те болмайтын болды ғой», – деймін. Ауылдағы балаларға жиендердің қосылып асыр салғаны керемет қуаныш.
Балалар бір-біріне қосылса, улап-шулап, ересектердің есін алатын әдеті емес пе? Екінші әпкемнің үш жасар қызы бар. Өзі сондай сәнқой, көйлектерін киіп-шешіп, көптің көзіне түскеннен кәдімгідей ләззат алады. Қылығын қызықтап жүріп байқамаппыз, әдемі көйлегін бүлдіріп алыпты. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген, жиынға анау-мынау пісіріп, жанталасып жүрген дайындық күн еді. Әлгі жиеннің жасағанын көріп қойған шешесі: «Міне, бүлдірдің, айтқанды тыңдамайсың ғой. «Шешіп қой, ертең қонаққа киесің, бір жерін былғап аласың» деп жаңа ғана есекерттім емес пе?» – деді. Бала шешесінің көтерген дауысына орнынан қозғалмай, сіресіп тұрып қалды. Баланың бар қолынан келетіні – жылау ғой, бірақ бұл оның қолынан келмеді. Шешесі: «Бері кел, үстіңдегіні шешейік», – деді, қатулы кейпінен айнымай. Қызы аяғын ақырын басып барды. «Не істейді екен?» деп көзімді алмай мен тұрмын. Алдына барып, шешесіне мейірім күткен көзбен қарады. Ал, шешесі үн-түнсіз тізерлеп шөкті де, қызының киімін шешуге кірісті. Сол сәтте балақай анасын құшақтай алды. Шешесі: «Әй, сәнсіреген қызым-ай», – деді. Ашуы шәйі орамал кепкеннен де тез қайтқан әпкеме: «Сәнқой қызыңды көптің алдынан көрерсің әлі. Сахнаның адамы болайын деп тұр ғой», – деп ем, баласына үміттенген жанармен жымиды.
Мен тәп-тәтті, кіп-кішкентай, жарық дүниені көргеніне үш-ақ жыл болған жиенімнің осы қылығынан көз жасты көлдетпей-ақ, артық сөз шұбатпай-ақ кешірімді үнсіз сұрауға болатынын үйрендім. Сөйлемеген сәбиден сабақ алдым. Ақырын аңдасаңыз, балалар бізге көп дүниені үйретеді. Бразилиялық жазушы Пауло Коэльо(Paulo Coelho): «Бала ересектерді үш нәрсеге: себепсіз бақытты болуға; әрдайым әуестікпен бос болмауға; тынымсыз тырмысумен өз айтқанына көндіруге үйрете алады», – деген екен. Ал, сіз балалардан не үйрендіңіз? Сәл ойланып көріңізші, сөзсіз жауап табасыз. Тек бізбен бөлісуді ұмытып кетпегейсіз.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ