Home » Ашық сабақтар » Сүйінбай Аронұлының өмірі мен шығармашылығы

Сүйінбай Аронұлының өмірі мен шығармашылығы

Сабақтың мақсаты: а) білімділік: Сүйінбай Аронұлының өмірі, ақындық жолға түсуі, шығармаларының тақырыбы, айтыс өнеріндегі өшпес орны туралы студенттердің білімдерін кеңейту. ә) тәрбиелік: Сүйінбай шығармаларының тақырыбын аша отырып, оқушыларды Сүйінбай аталарындай әділ, батыл болуға, адам бойындағы жат мінездерден аулақ болуға тәрбиелеу. б) дамытушылық: Ұлы ақынның шығармаларын оқыта отырып, Сүйінбайдың шығармашылығына деген қызығушылықтарын арттыра түсу. Оқушылардың ақпараттық құзіреттілігін қалыптастыру. Сабақтың түрі: аралас сабақ. Сабақтың әдісі: сұрақ жауап, баяндау,түсіндіру, СТО технологияларының әдістері. Сабақтың көрнекілігі: Сүйінбайдың өміріне, шығармашылығына байланысты интернет желісінен алынған деректер, Сүйінбайдың суреттері, Сүйінбайдың ескерткіштері Пәнаралық байланыс: тарих.

Сабақтың барысы:

І.Уәждемелік кезең: І.1 Ұйымдастыру: Оқушылармен амандасу,түгендеу. Жаңа сабақтың тақырыбын айту.

Мұғалім сөзі: Бүгін сабақ ерекше, қонақтар бар екенін және топпен жұмыс істейміз деп айтып кету.

І топ: Махамбет Өтемісұлының ауылы,       ІІ топ: Дулат Бабатайұлының ауылы \ топтарға бағалау парақшаларын беру\

1.2.Назарларын сабаққа аудару , мақсатында «Блиц турнир» өткізу

\ ол үшін әр топтан бір оқушы уақытпен қандай жылдамдықта оқығандарынызды   қадағалап отырады.\

Блиц –турнир сұрақтары:

Махамбет Өтемісұлының ауылы

  1. ХІХ ғасырдың І жартысында қазақ жерінде қандай саясат жүргізілді?
  2. Отарлау саясатын кім жүргізген?
  3. Қай жылы қазақ хандығын жою туралы Ресей патшасының жарлығы шықты?
  4. Қандай мақсатпен қазақ хандығы жойылды?
  5. Батыс Қазақстанда ұлт азаттық көтерілісті кімдер ұйымдастырған.
  6. Махамбет Өтемісұлы кім?
  7. Қазақ жеріне Ресей отаршылдығы қандай қысым түсірді?
  8. Кенесары Қасымов кім?
  9. Ресей патшалығы қазақ жерін басқарудың қандай жүйесін енгізді?
  10. Аға сұлтан, старшындар халықтың қамын ойлады ма, кімді жақтады?

Дулат Бабатайұлының ауылы

1.1822жылы Ресей патшасы қандай жарлық шығарды?

2.1836-1837 жылдары қазақ жерінде қандай көтеріліс болды?

  1. Ол көтерілістің мақсаты қандай?
  2. «Дуана округ» деген не?
  3. Округті кімдер басқарды, олар кімді жақтаған?
  4. Реалист ақынға кім жатады?
  5. Исатай Тайманұлы кім?

8.ХІХ ғасырдың басындағы ақындар не жырлаған?

  1. Қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орын алатын ірі ақын?
  2. 1836-1837 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің көсемі, әрі жалынды жыршы, әдебиет әлемінің ақыны?

Оқытушы: Алдарыңыздағы парақшаға \әр топтың жауабын бағалауды ұмытпаңыздар\ уақытын қойыңыздар\

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау:

ІІ.І Өткен тақырыптар бойынша білімдерін тексеру «Сен білесің бе?» сұрағына жауап, яғни Махамбет Өтемісұлының ауылы Махамбетпен таныстырса, Дулат Бабатайұлының ауылы « Дулат Бабатйұлы туралы айтып береді. \ ал жауаптарын бағалау парақшасына баға қойып бағалау\ 1. Махамбет ауылына сөз берейік: \Бейне фильм қойылады.\Оқушылар. Өмірі туралы Қаскина, оның шығармашылығы туралы Мусипов, батырлығы туралы Уәлихан әңгімелеп береді. Оның шығармаларын «Қызғыш құс», «Мен, мен мен едім» өлеңдерін оқиды.

2.Дулат ауылына сөз береміз: \Бейне фильм қойылады.\Оқушылар. Өмірі туралы Мұқанова, оның шығармашылығы туралы Жимурзин, Жолдыбаев әңгімелеп береді. Оның шығармаларын Жолдыбаев, Ескендіров Жантасова оқиды?

ІІ.2 Өткен сабақты бекіту: \сонымен Махамбет-? Сұраққа Дулат Бабатайұлының тобы жауап берсе,   Дулат кім? Сұраққа Махамбет Өтемісұлының тобы жауап береді?\ бағалау парақшасына бағаларыңызды қойыңыздар/

ІІІ.ЖАҢА ТАҚЫРЫП:

Мұғалім: Өткен тақырып бойынша ХІХ ғасырдың І жартысындағы бұл ақындар зар заман ақындары, соның бірі мына ақын, әрі айтыскер.

ІІІ.1 Қызығушылықты ояту. «Ой қозғау» әдісін пайдалана отырып, сұрақтар қою:

  1. Тақтада бейнеленген ақынды танимыз ба? 2. Ақынымыз қай ғасыр, қай заман ақыны? \Презентациядан\ бұл кім? Студенттер жауап береді\ Сүйінбай Аронұлы\

ІІІ.2«Топтау стратегиясын» қолданып ойларын топтастыру: Ал, енді осы ақын туралы мына бейне жазбаны қараңыздар, онда ақын туралы орысша жазылған сіздер көңіл қойып тыңдап Сүйінбай кім? деген сұраққа жауап дайындаңыздар. \Бейне жазба\

Оқушылар алдарындағы парақшаға аудармаларын жазып, отырыңыздар деп ескерту

СҮЙІНБАЙ: зар заман акыны, теңдессіз дала ақыны; сөз шебері, айтыскер; белгілі сәтте жауабы дайын; өткір тілді; поэма жазған өткір ойлы; ел қорғаушы батыр болған; Қарасай мен Саурын батырлардай күрескер; айтыста жеңілмеген майталман жүйрік; өзіне сенімді; поэзиямен егіз өмір сүрген ақын.

Сабақтың эпиграфы:                  Ақындардың ақыны,                                                            Айдын көлдей ақылы…                                                              Менің пірім – Сүйінбай,                                                     Сөз сөйлемен сиынбай…

Ж. Жабаев

ІІІ. Мағынаны тану. Жаңа сабақ, жоспары: 1. Сүйінбайдың ақындық жолға келуі. 2. Сүйінбай — шебер тілді, жүйрік ақын. 3. Айтыс өнерінің майталман жүйрігі.

\Мәтінмен жұмыс алдарында жатқан мәтіннен жоспар бойынша оқыту.\\Презентациямен жұмыс: жаңа сабақты түсіндіру: Сүйінбай Аронұлы Алатау бөктеріндегі Алматы облысының Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылының Бұлақ деген жерінде 1815 жылы туылып, 1898 жылы 83 жасында дүние салған. Оның өлеңдері мен айтыстарында ХІХ ғасырдағы қазақ елінің өмір-тіршілігі, арман-мұраты көрініс тапқан. Жасынан қолында билігі мен байлығы барлардың кедей-кепшікке көрсеткен зорлық-зомбылығын көріп-біліп өскен ол қара халықтың жоқтаушысы болған. Атқамінерлердің халыққа жасаған қиянаттарын алмастай өткір жырларымен естен кетпестей қып беттеріне басты. Ел бірлігін, оның тәуелсіздігін, сол жолдағы ерлердің жанқиярлығын талмай жырлады. Болашақ даңқты ақын жасында жоқшылық тауқыметін көп тартқан. Жастай жетім қалып, байдың малын бағып, тамағын асыраған. Ол туралы өлеңдерінде ақынның өзі де айтады. Ал ақын Қожахмет Тұрлыбайұлы бір өлеңінде: Сүйінбай он жасында қалды жетім, Жылаумен секпіл басқан екі бетін. Жетімді жетілдіріп, жүйрік еткен, Алланың көрмеймісің құдыретін, — деп, жетім баланың ақындық өнердің шыңына шыққанына таңданады. Сүйінбай 13-14 жасында ең алғаш рет “Түс” деген өлеңін шығарады. Бұл өлеңде болашақ ақын Шүйбек деген байдың қойын бағып жүргенде, бір күні түс көріп, ұйқысынан өлеңдетіп оянғандығын баяндайды. Болашақ ақынның айтуы бойынша түсіне Қызыр баба келіп, көген аласын ба, өлең аласын ба дегенде, Сүйінбай «өлең, өлең» деп айқайлап, ұйқысынан оянған екен. Осыдан бастап оның ақындық қасиеті дами бастаған. Белглі бір адамның бойындағы басқаларда жоқ ерекше қасиеттері, соның ішінде ақындық өнері туралы да халық: «тұқымында бар», «өлең қонған» дейді. Мұның мәнісі: тегінде – аталары немесе нағашыларында бар ақындық түбінде ұл-қыздарының біріне көшеді немесе адам жаратылысынан бойына дарыған ерекше қасиет-қабілетпен дүниеге келеді дегенді білдіреді. Бұл жағынан келгенде жыраудың арғы атасы Күсеп әрі ақын, әрі қобызшы болса, нағашы атасы Қабан Жетісудағы ақындық, жыраулық өнердің ірі өкілі болған. Сүйінбай бозбала кезінде жеті тәулік бойы нағашы атасының көшінен қалмай, ілесіп жүріп, батасын алыпты. Сүйінбай өлеңге жасөспірім шағынан үйір болып, 13-15 жасынан ақындық жолын қуады. Баяғының алуан жыр-дастандарын, аңыз-қиссларын жиын-тойларда жатқа айтып, өз жанынан да өлең шығарады. Сүйінбайдың ақын аты шығып, ел таныған шағы жиырма бестер шамасындағы кезі болса керек. Өзінің айтқандары да сол шамаға келеді. Сүйінбайдың туындылары оның табан астында тауып айтатын ғажайып тапқыр, сөздің мөрті келгенде “ешкімнің атағына бас ұрмайтын, басынан құс асырмайтын” әділ де турашыл, арғы-бергіні сергек санамен саралаған даңғыл, дана ақын болғанын көрсетеді. Сүйекеңді қырғыз елінің мықтылары да ақындықтың көшбасшысы ретінде бағалаған. Бір ғасыр бойы өмір сүрген жыр алыбы Жамбыл атамыз да осы Сүйінбайдың ақындығына тәнті болып, іздеп барып жыраудың батасын алған. Жамбыл Сүйекеңді ұстазым деп пір тұтқып, оның бағасын: Бата берген Сүйінбай, — Жырдың тіккен туындай… Ақындардың ақыны, Айдын көлдей ақылы… Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сиынбай… – деп берген. Сүйінбай – ірі ақын. Сондықтан оның қозғаған тақырып, көтерген мәселелері де ірі болып келеді, соған орай ойы да өрелі, тілі де өрнекті шығады. Сүйінбай үнемі халыққа арқа сүйеп, ру емес, тайпа емес, тұтас елдің мүддесін алға тартып жырлайды. Ерлік, елдік идеясы – Сүйінбайдың өлеңдері мен жыр-дастандарының, айтыстарының өн бойына тартылған өзекті идея. Ақын шығармаларының бір парасы тікелей осы елдік пен ерлік тақырыбына арналған.Оның «Бөрілі менің байрағым», «Ту алып жауға шапсаң сен» деген өлеңдері осы тақырыпта жазылған: Бөрілі байрақ астында Бөгеліп көрген жан емен. Бөрідей жортып кеткенде, Бөлініп қалған жан емен. Бөрілі найза ұстаса, Түйремей кеткен жан емен, Бөрілі байрақ құласа, Күйремей кеткен жан емен.. Сүйінбайдың «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері» өлеңінде атынан көрініп тұрғандай, жақсы мен жаман адам, оларға тән қасиеттер бір-біріне қарама-қарсы қойылып сипатталған. Ол – өмірде асыл мен жасықты, ер мен езді, жақсы мен жаманды, ізгі мен зұлымды көп көріп, көңілінде таразылап, осы өлеңінде жырлаған: Жақсы жігіт ел-жұртының қаласындай, Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай. Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ, Көреді бәрін де өз баласындай… Жаманның көкірегі – көр, көзі – соқыр, Жүрер жолдан тал түсте адасып-ай… Жалған сөзбен бықсытар ел арасын, Жанбай қалған ағаштың шаласындай. Сүйінбайдың шығармашылығында арнау өлеңдер қомақты орын алады. Оның «Датқалар», «Төрелерге», «Үмбетәліге» сияқты өлеңдері арқылы ол сол кездегі «атқамінерлердің», төрелердің әділетсіздігі, жағымпаздығы, қарапайым халыққа жасаған қиянаттарын, тайсалмай беттеріне шыжғырып, басып айтады. Ал «Бала Жамбылға бата» деген арнау өлеңінің шығу тарихы бар. О, Жамбыл, бата дедің – бердім саған, Бақытты өмірлі боп жүргін аман. Батасын ат орнына берді ғой деп, Қоймағын былай шығып кінә маған. Соңынан Сүйінбайдың орнын басып, Тіліңнен балың тамсын сорғалаған, Жапаға риза болсын айта барғын, Осымен өкпелемей жүрсін маған. Мұндай батасын алған Жамбыл Сүйінбайды өмір бойы есінен шығармай: «Менің пірім – Сүйінбай деп, ұлы ақынымызды пір тұтумен өткен. Сүйінбай – ХІХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап, 80-жылдардың соңына дейін алпыс жылға жақын үзіліссіз жырлаған, айтыста жеңіліп көрмеген аса көрнекті ақын-жырау. Сүйінбай – ірі айтыс ақыны. Ұлы жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің де оған аса жоғары баға беруі мұны дәлелдей түседі. Айтыстарының қай-қайсысында да Сүйінбайдың ақындық мұраты анық көрініп тұрады. Қайырымсыз байларды мінеп, есесі кеткен нашарды жақтайды, ел ішінің бірлігін жырлайды, әділдікті, батырлықты дәріптейді. Бір қызығы, бұл өнерді Сүйінбай өзін құстың бір түрі – кәдімгі қарғамен айтыстырудан бастаған. Жоғарыда айтылғандай, ақын бала кезінде жетім қалып, бай ағайындарының алдымен қозы-лағын, кейін қойын бағып, тамағын асырайды. Сөйтіп жүрсе де, зерек, ақылды бала үлкендердің сөздері мен іс-әрекеттерінен байлардың, атқа мінерлердің зорлығын, өктемдігін көріп, қатты налиды. Сондай күндердің бірінде бірімен-бірі таласып, ұшып-қонып шуылдасқан қарғаларға он екі жасар Сүйінбайдың назары түседі. Соларға қызықтап қарап отырып, әрі Сүйінбай, әрі Қарға болып, өзімен-өзі айтысады. Бұл өзі — әлеуметтік мазмұны мәнді әрі өлеңдік сапасы да жоғары, едәуір ұзақ, қызықты айтыс. Бұл айтысты Сүйінбай өз елінің жағдайын суреттеуден, әділеттілік жоқ, жуандар қарапайым халықты қанайды деуден бастайды. Әрі қарай Қарға да олардың ішінде жуандар барлығын, өзара руға бөлініп жауласатындығы туралы баяндайды. Бірақ тағдырға шара бар ма деп налиды. Айтыс соңында Сүйінбай: «Бүйтіп берекесіз шулағанша, бірігіп егін салыңдар, бастарыңды қосып, әділ, турашыл болыңдар» — деп кеңес береді де, өріп кеткен қозы-лағының артынан жүгіреді. Айтыс өнеріндегі осы әдепкі адымынан-ақ Сүйінбайдың әділдік, шындық, бірлік, адал еңбек жолын таңдағанын көреміз. Сонымен қатар Сүйінбайдың Тезек төремен, Қатағанмен айтыстары туралы да аңыз-әңгімелер көп. Сүйінбай Аронұлы – қазақтың ХІХ ғасырдағы көрнекті ақындарының бірі, айтыс өнерінің ірі өкілі. Елдігіміздің аса маңызды нышаны – тұңғыш теңгемізде Сүйекең бейнесінің болғаны халықтың қадірменді ақынына деген зор сүйіспеншілігін танытса керек.

ІІІ. 4. Ой толғау. Мәтін бойынша білімдерін бекіту: «Кім білімпаз?» 1. «Сүйінбай – айтыс өнерінің алтын діңгегі» деп бағалаған жазушы. 2. Сүйінбайдың ең алғашқы өлеңі қалай аталады? 3. Сүйінбай неше жасында елге ақын ретінде танылды? 4. Сүйінбай ең алғаш рет немен айтысқа түсті? 5. “Менің пірім – Сүйінбай” деп Сүйінбайдың ақындығына тәнті болған кім екенін табыңыз. 6. Сүйінбай шығармашылығында қомақты орын алатын қандай өлеңдер? ІІІ. 5. Шығармашылық жұмыс

а\«Жақсы мен жаман адамдар қасиеттері» өлеңін оқып, талдау жасату:

1.авторы

2.Тақырыбы:

3.Жанры

4.Идеясы:

  1. Өлеңнің құылысы бойынша:

а\ шумақтары:

б\тармақтары:

в\ буындары:

6.Өлеңнің негізгі түйіні, тәрбиелік мәні:

б\ салыстыру жұмысы «жаман», «жақсы» қасиеттерін жазғызу.

Жаман қасиеттер:

Жақсы қасиеттер:

в\«Жақсы мен жаман туралы қандай мақалдар білесіңдер

Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен.

Адам туа жаман болмайды, жүре жаман болады.

Екі жаман ауыл болмас ,Ауыл болса қауым болмас.

Екі жақсы қосылса, айырылысуға қиыспайды, екі жаман қосылса, кең дүниеге сиыспайды.

Атасы жақсы, көргенін айтады, атасы жаман бергенін айтады.

д\қазір ХІХ ғасыр адамдар бойынан қандай қасиеттер басым деп ойлайсыздар

в\«Бір айналым сөйлесу» әдісі ,студенттер өтілген тақырып бойынша өз ойларын бір сөйлеммен жеткізеді.

    ІV. Сабақты бекіту:

ІV.1 Дұрыс, бұрыс кестесін толтыру.

жазылымДұрысбұрыс
1С. Аронұлы зар заман ақындарының бірі.
2«С. Аронұлы айтыс өнерінің алтын діңгегі»- деді М.Жұмабаев
3Алғашқы өлеңі «Түс»
4С.Аронұлының шығармасы: О,Ақтан жас, Ақтан жас!
5Сүйінбай батасын алған – М.Әуезов

 

4.2 «Балық қаңқасы» әдісімен, ойларын топтастыру.

1.Өткен тақырып бойынша нешінші ғасыр әдебиетімен таныстық?

2.Ресей патшалығы қазақ жерінде қандай саясат жүргізді?

3.Қазақ халқына не көрсетті?

4.1822 жылы қандай бұйрық шығарды?

5.Халық несіз қалды?

6.Қазақ жерінде қандай басқару жүйесін құрды?

7.Кімдер басқарды?

8.Озбырлыққа, қанаушылыққа шыдамай қазақ жерінде қандай көтеріліс ұйымдастырылды?

  1. Қанаушылықты, зомбылықты жою, азаттыққа жетуді аңсаған зар заман ақындары кімдер?

10.ХІХ ғасыр ақындары мен батырларының аңсаған армандары орындалды ма, қазір еліміз қандай мемлекет?

Ү. Үйге тапсырма: Сүйінбай Аронұлының шығармашылығынан өздеріңнің таңдаған өлеңін жатқа айтуға дайындалып келіңіздер. Эссе “Сүйінбай – қазақ халқының мақтанышы”

ҮІ. Бағалау

ҮІІ. Рефлексия.

Не білетінмін? Не білдім? Не білгім келеді?

Бүгінгі сабақ ұнаса смайл белгісін қойыңыздар.

          Жакешева Бибігүл Қабдоллақызы

Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы

Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.