Home » Тұлға » СІЗ СИЯҚТЫ ТҰЛҒА БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

СІЗ СИЯҚТЫ ТҰЛҒА БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

Қазақ халқы қашан да тілге шешен, сөзге жүйрік болған. Қандай жағдай болмасын бір ауыз сөзбен-ақ жаудың бетін қайтарып, түйінді шешімін қоя білген. Сол себепті де болар, біздің байтақ, киелі жерімізден аузы дуалы билер мен көсемдер көптеп шыққан. Халықтың мұңын  мұндап, солардың қамы үшін түн ұйқысын төрт бөлген азаматтар да аз емес.

Әрбір адам баласы өмірде ұлы тұлғаларға еліктеп, сол тұлғалардың жасаған ісін, жүрген жолын қайталағысы келеді. «Армансыз адам, қанатсыз құспен тең» дейді. Сондықтан әрбір адам армандап, сол арманына біреуі жетіп, біреуі жетпей, тіпті біреулері одан да асып кетеді. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дегендей, менің де өзімнің еліктейтін ұлы тұлғам бар. Ол кісі – менің жерлесім, Қазақстан Республикасының бұрынғы Сенат төрағасы, 1992-1995 жылдар аралығындағы Жамбыл облысының әкімі – Байгелді Өмірбек.

Мектебіміздің «Тұғырдан түлеп ұшқан қырандар» тақтасында Байгелді Өмірбектің  суреті ілулі тұр. Кәсіби бағдар беру кабинетінде өтілген тәрбие сағатында Өмірбек Байгелдінің өмір жолымен таныстым. Тіпті бірде қызығушылықпен оның өмірі мен шығармашылығын, мақалаларын толықтай оқып шықтым.

Иә, өмірде қиындықсыз нан табу мүмкін  емес-ті. Ел ақсақалдары оның әділ және адал ел басқарғаны жайлы айтады. «Оқу-инемен құдық қазғандай» деген аталы сөздің мәнін ұлы тұлға толық дәлелдей білді. Ол бастапқыда 1962 жылы Алматы зооветеринарлық институтын, 1982 жылы «Қоғамдық ғылымдар академиясын» үздік тәмамдаған. Сыйлы азамат дайын асқа тік қасық болуды мүлдем білмейтін. Алғашқы нәпақасын Жамбыл облысындағы «Қызыл октябрь» деген жерде жұмысшы қызметін атқарып тапқан.

Байгелді Өмірбек – шыншыл, адамгершілігі мол, үлкенді үлкен деп, кішіні кіші деп құрметтеп, сыйлаған тұлға. Ол өзінің бір сұхбатында «Адам құқын қорғайтын адамдар ең алдымен өздері таза болуы керек» деген болатын. Яғни мұндағы айтар ойы адам құқығын қорғап, әділеттілік үшін аянбай жанын беретін жандардың өзі ешкімге қиянат жасамай, адал өмір сүруі керек. Тек адал жолды таңдап, сол жолға барын салу керек дейді. Ел тізгінін ұстаған азамат ретінде, өлкемізді басқарған тұлға ретінде, өз ісіне мығым, сыйлы азамат болған. Ол кісі жұмысқа деген белсенділігімен, саяси көрегенділігімен, қарапайымдылығымен, кез келген ортада сөз тауып айтатын тапқырлығымен қадірлі болған. Сол себептен мен ол кісіні үлгі тұтамын. Бұл айтқан нақыл сөзін мен өзімнің алдағы істейтін істеріме мақсат қылып қоямын. Сол кісіге ұқсап, ел басқарып, өзімнен кішілерге үлгі болатындай іс жасағым келеді.

XXI ғасыр ғылым мен техниканың дамыған заманы болғандықтан, өте ұшқыр идеялы жастар мен нағыз ұлтжанды азаматтарды талап етеді. Өмірде ең басты екі таңдаудан қателеспеу керек деген бар емес пе? Соның бірі – мамандық таңдау. Осы үлкен таңдау менің де алдыма келіп жетті. Таңдап отырған болашақ мамандығым – тілші. Дәл осы кісі секілді адами құндылықтарды бойыма сіңіре отырып, ел мақтанышы болуды мақсат тұтамын. Дегенмен, ұлы тұлға есімі журналистика саласымен тығыз байланыста болмаса да, өзінің өткір тілді, ел қамын ойлаған асыл азамат екеніне куәміз.

Елбасымыз айтқандай «Болашақ – білімді жастардың қолында». Демек келешегіміздің кемелдігі үшін атамұрамызды ардақтайтын Өмірбек Байгелді атамыз секілді азамат болып қалыптасуымыз қажет.

Әмина ШЫМБАЙ,

Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының 10 «Ә» сынып оқушысы,

Тараз қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.