Home » Білім және заң » Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және оның салдарын жою

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және оның салдарын жою

Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері кез-келген мемлекет үшін өзекті проблемалардың бірі. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы, адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген, заң мен әділдікке деген, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күресте ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 18 қараша 2015 жылы Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы қабылданып, заң арқылы жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі принциптерін анықтап, жемқорлыққа қарсы қатысты құқық бұзушылықтардың және оған байланысты жауапкершіліктің артылуының түрлері анықталды.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының  негізгі мақсаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауіп қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кiнәлiлердi жауапқа тарту арқылы мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын лауазымды және басқа да адамдардың, сондай-ақ оларға теңестiрiлген адамдардың тиiмдi қызметiн қамтамасыз етуге бағытталған және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiн негiзгi принциптерiн айқындап, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың түрлерiн, сондай-ақ жауаптылықтың пайда болу жағдайларын белгілейді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге, ашуға және тергеп-тексеруге бағытталған қызметті жүзеге асыратын жедел-тергеу бөлімшелері.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды, жолын кесуді, ашуды, тергеп-тексеруді және алдын алуды және оларды жасауға кінәлі адамдарды жауапқа тартуды өзі құзыреті шегінде прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, мемлекеттік кіріс, әскери полиция органдары, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асырады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес баршамыздың ортақ борышымыз болып табылады. Сол себепті әр адам, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы ақпараты бар болса өзі қызметкері болып табылатын мемлекеттік органның не ұйымның басшылығына не сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға хабар беруге міндетті.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Азаматтық қоғамның барлық институттарының күш-жігерін біріктіру, осы дерттің одан әрі ушық­пауы үшін оны тоқтатудың халық­аралық тәжірибесі мен барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.
Осындай аса қауіпті қоғамдық кеселдің алдын алып, жолын кесу үшін сыбайлас жемқорлық көріністеріне қолдан келгенінше тосқауыл қойып, еліміздің экономикасының қарыштап дамуы және халқымыздың әл-уақатының жақсара түсуі жолында аянбай еңбек ете беруіміз қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бір науқандық шара ретінде қарамай, үнемі қоғам болып күресуіміз қажет.

 

 


Н.Дайрабаев,
Сырдария аудандық
Әділет басқармасының басшысы,
Заңгерлер қоғамдық бірлестігінің мүшесі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.