Home » Жаңалықтар » Суретшілер шеберлік сағатын өткізді

Суретшілер шеберлік сағатын өткізді

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Нұра ауылының О.Жандосов атындағы орта мектеп-интернатында аудан көлемінде технология-бейнелеу өнері пәндері мұғалімдерінің семинар кеңесі болып өтті.

 Іс-шараға аудан мұғалімдері мен оқушылар қатысты. Олар өнер галереясына саяхат жасап, өздерінің туындыларын галерея қорына сыйға тартты. Семинарға арнайы шақыртылған ҚР суретшілер одағының мүшесі, Абай атындағы педагогикалық университетінің профессоры — Жаманғараев Серғазы Құсайынұлы бейнелеу өнерінің қыр – сырынан мағұлмат бере отырып, ұстаздар мен оқушыларға шеберлік сағатын өткізді. Семинар барысында ҚР суретшілер одағының мүшесі, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті – Нурке Майра Садыққызы мен ҚР суретшілер одағының мүшесі, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы — Аденова Ляззат ұстаздармен сурет өнерінің құдіреті туралы әңгімелесіп, оқушылармен пікір алмасты.

«Бүгінгі іс-шара өзгешелігімен ерекшеленіп отыр, өйткені оқушылар ҚР еңбегі сіңірген өнер қайраткерлерімен кездесіп, өздерін мазалаған өнер төңірігіндегі сұрақтарына жауаптарын алды. Балалардың қуанышты жүздерін көріп, бізде марқайып қалдық. Келген қонақтарға алғысым шексіз» — дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Қайрат Әуекенов.

Оқушыларға білім беріп, мамандық таңдауда теңдессіз тағылымы мол іс-шара өткізіп отырған мектеп әкімшілігінің жоғары деңгейде әзірленгені байқалады.

Оқушылар шара соңында суретші ағаларының еңбектерімен танысып, естелік суретке түсті. Өз кезегінде оқыту мен тәрбие саласындағы аудандық көркем еңбек, бейнелеу өнері пәні мұғалімдері оқушыларына білім беруде қажетті әдістемелік көмектер алып, тәжірибе алмасты.

Айта кетейік, оқушылардың еңбегіне арналған өнер галереясының лентасын профессор, ҚР суретшілер одағының мүшесі — Серғазы Құсайынұлы кескен болатын.

Перизат ӘБДІЛ-ӘШІМ,
«Білім айнасы»,
Алмат қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.