Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бүгінгі жас ұрпаққа еліміздің тарихын терең білуге ұқтырады.Міне, осы ретте тұспа- тұс келіп отырған кемеңгер саясаткер, қазақтың би шешені, ұлы тұлға Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың туғанына 350 жылдық мерейтойы. Республика көлемінде бабамыздың мерейтойы кең көлемде аталып өткізіліп жатыр. Бабамыздың мекен еткен жері Қарқаралы – Егіндібұлақта болып өткен дүбірлі тойды көзімізбен көріп, керемет тамаша тойдың куәсі болдым. Бабамыз туралы көп мағлұматтар айтылды. Бабамыздың жүріп өткен ізін көрдім…
Дана бабамыздың ауыз толтырып айтарлық қадір- қасиеттері орасан көп.Соның ішінде оның заңгерлік даналығы, ғаламат дала дипломатиясының негізін салушы ғұлама ғалым болғандығы жайлы тереңірек айтылды.
Қазыбек би Келдібекұлы XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақтың атақты биі. Руы арғын ішіндегі Қаракесек. Тәуке хан қазақтың үш жүзін билеу үшін ұлы жүзге Төле биді, орта жүзге Қазыбек биді, кіші жүзге Әйтеке биді тағайындаған. Халық ауызында сақталған тарихи аңыздар мен кейбір деректерге қарағанда Қазыбек би «Тәуке заңдарының жинағын» немесе «Жеті жарғыны» жасауға ат салысқандардың бірі.Қазыбек би Тәуке, Сәмеке, Әбілмәнбет, Абылай хандардың тұсында мемлекет басқару ісіне белсене аралаасып, қазақ хандықтарының ішкі және сыртқы саясатына едәуір ықпал жасап отырды. Ол жоңғар басқыншыларына қарсы халық күресін XVIII ғасырдың 40-шы жылдарында Абылай жоңғарлардың қолына түскенде оны тұтқыннан босатып алуға Қазыбек би белсене араласты.
XVIII ғасырдың 60-шы жылдарында Цин империясы өз жағына тарту мақсатымен Қазыбек биге өз елшілерімен бірге қоса көптеген сыйлықтарда жіберген. Бірақ ол қытайлардың қол астына қарауға қарсылық білдірді. Абылайды Цин империясымен тығыз қарым-қатынас жасамауға шақырады.
Қазыбек би бабамыз орта жүздің биі, өз ұлысының көсемі ғана болып қойған жоқ. Қаздауысты Қазыбек әз Тәукенің тұсында да, Сәмеке хан кезінде де, Әбілмәнбет хан мен Абылай сұлтан заманында да әділет туын жоғары ұстады, Ата жауы жоңғарлармен арадағы, тіпті Ресей, Бұқар, Хиуа, тағы да басқа елдер арсындағы текетірестерді шешуге белсене араласты.
«Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз» – деп айтқан даналық сөздері халықтар арасындағы бірлік пен татулық дипломатиялық қызметіне ту болған.
Ұлтымыздың шынайы жан ретінде өз абыройын асқақтатып, жеріміздің тұтастығы мен бірлігіміздің беріктігі үшін қажырлы қайраткерлік танытқан тарихи тұлғалардың бірегейі Қаздауысты Қазыбек би Келдібекұлының ерекше қасиетті дара жолына бүгінгі ұрпақ баба рухына тағзым етіп, мәңгі бас иеді!
Сулейменова Бақшагүл Балтиновна,
Әлихан Бөкейхан атындағы №76 ЖББОМ
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі,
Қарағанды қаласы