Home » Ашық сабақтар » Даумшарова Жұлдыз Абдил-Ашимовна. Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік!

Даумшарова Жұлдыз Абдил-Ашимовна. Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік!

                           

 

Залдың іші мерекеге сай безендірілген. Мерекеге сай киінген балалар қолдарына жалауша ұстап, музыка ырғағымен залға билеп кіреді.
Мақсаты: Желтоқсан көтерілісінің сипатын насихаттай отырып, желтоқсан құрбандарын мәңгі есте сақтау;  жас ұрпақ бойына еліне, жеріне, ұлтына деген патриоттық сезімін қалыптастыру.
Жүргізуші: Құрметті қонақтар, сүйікті балалар! Егеменді еліміздің тәуелсіздік алғанына 26 жыл толды. Елу жылда ел жаңа демекші,өмір 26 жылда біраз өзгеріске ұщырады. Тәуелсіз еліміздің жастары үшін заман талабына сай өнерлі де, білімді болып өсу талабы туды. Тәуелсіз еліміз болашаққа айқын бағдар түзеп, өркениетті елдер қатарына жетуге аяқ басты. Болашақтың тірегі мына бүгінгі  бүлдіршіндер, яғни сендерсіңдер. Олай болса, сәби күлкісімен ана мейірімінің  сәні ешқашан бұзылмасын,- деген тілекпен «Күншуақ» тобының «Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік!»  атты мерекелік ертеңгілігіне қош келдіңіздер!

Елдің елдігі, ердің ерлігі, ол – Әнұран
Сезім биігі, төзім шыңы, ол – Әнұран
Әннің асылы, ұранның басымы, ол – Әнұран
Олай болса, балалар, Тәуелсіздігіміздің  26 жылдығына  арналған  мерекемізді еліміздің Гимнімен бастайық.

(Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік Гимні орындалады).

Жүргізуші:  Армандарды жақындатып тым алыс
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік — ел бақыты, ертеңі
О, халайық! Құтты болсын қуаныш
Он алтыншы желтоқсан
Тәуелсіздік алған күн
Ерекше боп мәңгілік
Ел жадында қалған күн,- деп енді балалардың мерекеге арнайы жаттаған тақпақтарын қабыл алыңыздар.
Біз тәуелсіз елдің түлегі болғанымызға шексіз қуанамыз. Біздің отанымызды әлем таныды. Осы сәтте Отан туралы еріксіз ойға берілесің. Отан – далаң, ауылың мен астанаң.
Отан әр жұмыр басты пенденің киелі мекені, жер басып жүрген әр тіршілік иесінің шексіз байлығы. Тәй-тәй басқан нәресте де, еңкейген қария да оның бір мүшесі.
Арман: Он алтыншы желтоқсан
Ел мерейі тасыған
Қазақ деген қалың жұрт
Бәрін кешті басынан
Құтты болсын тәуелсіздік мерекесі,
Мықты болсын елімнің керегесі.
Тату-тәтті боп халқымыз әрқашан,
Кетпесін туған жердің берекесі.
Алуа: Қайраттай қайсар ұлдардың
Жанымен келген еркіндік
Жазира мен Ләззаттың
Арымен келген еркіндік
Қасірет пен қайғының
Бәрімен келген еркіндік
Айғаным: Тәуелсіздік ел мұраты,
Жас ұрпақтың болашағы
Ұялатып берік сенім,
Бағымызға жол ашады.
Тәуелсіздік мақтанышым,
Бізге бақыт сыйлаған
Бейбіт күнде мен тынышпын,
Әрбір таңым нұр маған.
Томирис:
Отан деген берекелі отбасы,
Сүйер оны адамзаттың баршасы.
Мен бақытты бүлдіршінмін бүгінде,
Жоқ қой оған ешкімнің де таласы.
Бұның бәрі татулықтың арқасы.
Арсен:
Он алтыншы желтоқсан
Тәуелсіздік алған күн
Ерекше боп мәңгілік
Ел жадында қалған күн
Көк аспанда тулардың
Желбіреген күні — бұл,
Елім деген ұлдардың
Елжіреген күні — бұл.
 Қ. Рамазан:
Әр қазақтың есінде сақталады,
Желтоқсандық өрендер ақталады.
Ел намысын қорғаған сарбаздарым,
Ерліктерің мәңгілік сақталады.

Дамира:
Тәуелсіздік таңы атты,
Барлық әлем жаңарып.
Осы тұрған халқыма
Бейбітшілік орнады.
Жүргізуші: Қазіргі кезде сендер ашық аспан астында,  өмір сүріп жатырсыңдар.
Қазақ халқы еркіндікке жету үшін қаншама қиын – қыстау кезеңдерді бастан кешірді. Мыңдаған жылдық тарихы бар. Ал, 1986 жылғы оқиға халықтың есінде мәңгі сақталады.
16  желтоқсанда қазақ жастары Орталық алаңға шығып, Қазақстан тәуелсіздігін талап етті.
Бұл күн — Қазақстан тарихында тәуелсіз Қазақстан Республикасының туған күні деп алтын әріппен жазылды. Сондықтан да, желтоқсан бүкілхалықтық мереке.
— Балалар, біз осы тәуелсіздікке оңайлықпен қол жеткізген жоқпыз. Оның бір көрінісі желтоқсан оқиғасы.
Желтоқсан оқиғасында ерен ерлігімен көзге түскен Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова т.б аға-апаларымыздың  еңбектері ерен. Солардың бірі де, бірегейі – Қайрат Рысқұлбеков. Ол қыршын жасын қиды. Оған үлкен айып тағылды.
Қазір сіздердің назарларыңызға желтоқсан оқиғасында сол әділдік үшін күрескендердің бірі – Қайрат Рысқұлбеков, ендеше Қайрат жайындағы көріністен үзінді тамашалаңыздар.
Көрініс: Қайраттың үйі
(Сахнада Қайрат пен жеңгесі дастархан басында отырады. Үйге милиционер жігіт кіреді).
Милиция – Арнұр: Біз органнан келдік. Қайрат Рысқұлбеков деген азаматты тұтқындауға келдік. Прокурордың шешімі бар. Міне!
Жеңгесі — Алуа: Қайрат, бері кел.
Милиция — Арнұр: Тез жинал, бізбен бірге кетесің.
Жеңгесі – Алуа: Ойбай-ау бұларың не? Жұдырықтай баланың не жазығы бар еді? Әке-шешесіне не бетімізді айтамыз.
Милиция: Жеңеше, сабыр етіңіз! Бұл жігіт бір төбелеске қатысыпты.
Анық – қанығын тексерген соң қайтарып жібереміз. (Осы кезде Қайратты милиционер алып кетеді).
Айзере: Желтоқсанда шындық жырын
Шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Айналайын, айналайын жас өркені халқымның.
(Түрме іші, қолында қағазы бар Қайрат отыр. Қинала отырып «Түрме жыры» өлеңін оқып шығады). Содан кейін қатты шаршап, былай дейді:
«-Уһ, әбден шаршадым-ау, жүйке тамырым жұқарды ғой! Қайран бостандық!!!
Жігіттер-ай, айтып-айтпай не керек,
Жазған екен маңдайыма сорыма.
Біріншіден, мен сағындым анамды,
Екіншіден, бұл құдайға не қылдым?
Бостандықта еркін жүрген жан едім,
Енді, міне, абақтыға жабылдым.
Кезекші – Нұржан, Эмиль:  Рыскұлбеков тергеуге жүріңіз.
Тергеуші – Қадыржан: Айыпкер Рысқұлбеков, сен Мир мен Сәтбаев көшелерінде жасақшыларды көрдің бе?
Қайрат — Абзал: Егер ол көшеге бармасам оларды қайдан көремін?
Тергеуші – Қадыржан: Савицкийді сен өлтірдің бе?
Қайрат — Абзал: Жоқ, өлтірген жоқпын?
Тергеуші — Қадыржан: Сенің ұрып жатқаныңды біреу көріпті ғой.
Қайрат — Абзал: Олай болса, мені сол адаммен беттестір, бұл өтірік жала.
Тергеуші — Қадыржан: Ах, ты, декабрист несчастный. Я тебе покажу өтірікті! Жала дейді еще!  Рыскулбеков, сен, «Савицкийді өлтірдім» деп мойныңа ала сал, сонда сенің жазаң жеңілденеді. Егер,сен Савицкийді өлтіргеніңді мойындасаң, әкеңе тиіспейміз.
Әйтпесе әкеңді де
Қайрат — Абзал: Жолдас тергеуші, бұл жала ғой! Өлтірмеген адамды өлтірдім деп қалай мойындаймын, адам түгіл тышқанды да өлтіріп көрген емеспін.
Тергеуші — Қадыржан: Заключенный Рыскулбеков, сен ақымақ болма,
«Савецкийді өлтірдім» деп мойында. Бұл – бір. Сен әкеңнен 4 мың сом алып, мына менің алақаныма сал, бұл – екі. Түсіндің бе?Қайрат — Абзал: Жолдас тергеуші! Ауылда әзер күнін көріп отырған ата-анамды ақша деп қинағым келмейді және не үшін ақша төлеуім керек? Не үшін? Ешқандай қылмысым жоқ.
Қайрат:
Тоқта! Айтар сөзім бар.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең алыңдар.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
«Еркек тоқты – құрбандық»,
Атам десең атыңдар.
(Қайратты кісендеп алып кетеді.)
Жүргізуші: Балалар мұндағы суретте желтоқсан құрбандары. Осы аға, апаларымыздың арқасында егемен ел болып, көк туымыздың байрағы желбіреді. Ләззат, Ербол, Қайрат, Ербол апа – ағаларымызға 1 – минуттық үнсіздік жариялайық.
Жүргізуші:  Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата — бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті.1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, дербес, зайырлы мемлекет атанды.
Кенге толы қойнауы,
Төлге толы жайлауы
Ол – біздің Қазақстан!
Анамыздай тілеуі ақ,
Отан біздің біреу ақ
Ол – біздің Қазақстан!- деп балалардың көк туымыз көкте желбіресін деген тілектерімен «Алға, Қазақстан!» атты  биімізді тамашалаңыздар.
Би: «Алға, Қазақстан!


Жүргізуші:
Керемет. Жарайсыңдар, балалар! Рахмет
Тәуелсіздік — рухы күшті ғажап күн
Артта қалды бодан болған азап күн.
Елім, жерім, қазағым деп тебіренем,
Өйткені, мен — тәуелсізбін азатпын!- деп енді балалар қонақтарға тәуелсіздік туралы жаттаған тақпақтарымызды айтып берейік.
Линара:
Енді міне қазағымның таңы атты,
Нұрға бөлеп, жырға бөлеп алапты
Әр отбасы, әрбір қазақ, әр адам,
Тәуелсіздік сақтау үшін жауапты.
Бақтың құсы әр адамға қонып бір, —
О, тәңірім, бізді баққа жолықтыр.
Бүгін міне Тәуелсіздік, ағайын!
Әр қазақтың жүрегінде соғып тұр!
Кәусар:
Тәуелсіздік мәңгілік сақталсын,
Алдымызда барлық үміт ақталсын
Тату – тәтті бірлік болып қашанда
Бейбіт өмір бар халықпен жақталсын.
Тәуелсіздік—елдігімнің бастауы.
Тәуелсіздік—бақыты ғой елімнің
Тәуелсіздік шаттығы ғой жерімнің
Арманына жету үшін күрескені,
Тарихта шежіре боп қалған екен.
Ж Ералы:
Он алтыншы желтоқсан
Тәуелсіздік алған күн.
Мерекеге ел тосқан
Атамменен барғанмын.
Мерекеге шығады
Бүкіл халық, біліп қой.
Отандастар ұғады
Тәуелсіздік — ұлық той.
Айару:
Қазақстан менің Отаным,
Атыңды әнге қосамын.
Шарықтап өсіп, дами бер,
Біліміммен үлес қосамын.
Жадырап жарқын жүзіміз,
Жарқырап әрбір күніміз.
Ертеңінен елімнің ,
Үміт күткеннің біріміз.
Әліби:
Бабамның да арманы,
Осы еді ғой аңсаған
Тәуелсіздік таңдары
Бақ береді баршаға
Көк туымды қолыма
Бүгін берік ұстадым

Түсті бақыт жолыма

Менің Қазақстаным!

Нұржан:     Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің

Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің

Бүгінде бар әлемге даңқың жетті

Тәуелсіз Қазақстан – елім менің

Айшанұр: Қасиетті Қазақстан мекенім,

Ақиқаттың алтын бесігі екенсің.

Елім, жерім, Отаным – бақ — дәулетім,

Болашағым, өнер — білім, өркенім.

Бейбіт өмір тілеймін мен халқыма

Бас иемін ата баба рухына.

Нұрлыбек: Еңсесі биік Елорда,

Мәңгілік ел бол қашанда.

Көктегі туым желбіреп,

Көк аспанда қыран құс

Самғай бер әлі биікте

Тыныштық бейбіт заман бол,

Тәуелсіз елім аман бол.

Нармина: 

Эмиль:
Жүргізуші: Иә, тәуелсіз еліміздің тұғыры биік болсын,- деп балалардың орындауларындағы «Қазақ елі» әнін қабыл алыңыздар.
Ән: «Қазақ елі»
Жүргізуші: 1991 жылы Қазақстан Республикасы 16 желтоқсанда өз тәуелсіздігін алды.  Қазақстан өз алдына тәуелсіз, дербес мемлекет атанды. Өз рәміздерін жариялап, Астана қаласы еліміздің бас қаласы атанды. Астанамызда зәулім ғимараттар бой көтерді.
Ойын: «Туған жерді гүлдендір»
Шарты: Астана қаласындағы ғимараттарды құрастырып, атын атайды.   Жүргізуші: Шалқы қазақ шалқитын заман келді.
Текке қанын төккен жоқ бабаларың,- демекші осы күнге жеткізген еркіндік таңы мәңгі жасасын. Олай болса,мың бұралған биші қыздарымыздың  «Шаңырақ»  биін қабыл алыңыздар!
Би: «Шаңырақ»
Жүргізуші:   Келесі кезекті тағы да балалардың тақпақтарына берейік.

Арнұр: Құтты болсын тәуелсіздік мерекесі,

Мықты болсын елімнің керегесі.

Татту-тәтті боп халқымыз әрқашан,

Кетпесін туған жердің берекесі.

Аиша: Аралаймын алаңды

Тәуелсіздік күні мен.

Батыр Қайрат ағамның

Суретіне үңілем.

Он алтыншы желтоқсан

Тәуелсіздік алған күн.

Мерекеге ел тосқан

Шырқатып ән салған күн.

Е Рамазан: Тәуелсіз біз елдеміз,

Қуанамыз күнде біз.

Ата-бабам қалдырған,

Қазақтың біз —

Батырымыз сенсеңіз!

О Ерали:  Тәуелсіздік еліміз

Мәңгі жасар жеріміз

Тәуелсіздік жасаған

Аға, Әпкелеріміз.

Алпамыс:Тәуелсіздік таңнан түскен ақ сәуле

Тәуелсіздік бақыт сенде бақ сенде

Қарқылдайды қариялар қашанда

Жарқылдайды жарық шашып жас кеуде

Інжу: Тәуелсіздік –

Менің байтақ Отаным.
Бір өзіңсің Мұхтар, Абай, Шоқаным
Тәуелсіздік – сәбиімнің күлкісі,
 Тәуелсіздік – ақ батасы атамның.

Нұрлан: Біз жас – ұлан отан өркені
Үміт артқан болашағы ертеңі
Тәуелсіз елдің даңқын көкке өрлетіп
Гүлге орап жайнатамыз өлкені
Жүргізуші: Ал, балалар, біздің президентіміз кім? Жарайсыңдар! Кеше ғана Тұңғыш Президент күні мерекесінде атап өттік. Ендеше, Елбасымызға да ақ тілегімізді білдіріп, әнімізді арнайық. «Нұр аға» әнін қабыл алыңыздар.
Ән: «Нұр аға»
Жүргізуші: Әрқашан күніміз жарқырап, аспанымыз ашық , заманымыз тыныш болсын, бейбіт күніміз жарқын болсын, тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем балаларының езуінен күлкі кетпей, әлем балаларының ұйқысы тыныш болсын. Тәуелсіз еліміздің көк байрағы көкте желбірей берсін!- деген тілекпен «Көк тудың желбірегені» әнін қабыл алыңыздар.
Ән: «Көк тудың желбірегені»
Жүргізуші: Құрметті ата – аналар, қонақтар! Бүгінгі тәуелсіздік мерекесіне орай өткізіліп отырған  ертеңгілігімізге келіп, көріп тамашалағандарыңызға көп-көп рахмет!
Тәуелсіздік күні мерекесі құтты болсын, тәуелсіз елдің ұрпағының еңсесі биік болсын. Келесі кездескенше, аман сау болыңыздар!

 

Даумшарова Жұлдыз Абдил-Ашимовна,
Алматы облысы, Еңбекші қазақ ауданы,
 Есік қаласы,
«Айжан» балабақшасының тәрбиешісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.