Home » Жас қалам » Соғыс жылдарындағы балалар

Соғыс жылдарындағы балалар

Соғыс, соғыс. Қандай суық сөз бұл! Сол сұрапыл жылдарда қанша азамат жер құшты, қанша бала әкесінен, қанша ана баласынан, қаншама үй тірегінен айырылды. Ауылдан сән, өмірден мән кетіп, сұрықсыз бір дүниеге айналды.

Соғыс миллиондаған адамдардың өмірін қиып, жүздеген қала мен елді мекендерді тып-типыл етті. Сөйтіп соғыс әр үйге, әр отбасының өміріне жазылмас жараның ізін қалдырды. Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы халықтарының тарихындағы қасіретті бет қана емес, сонымен қатар ол халықтарымыздың теңдесі жоқ ерлігі мен қажыр-қайратының, бірлігінің дәлелі еді.

1941-жылы 22 — маусымда гитлерлік Германия КСРО — ға опасыздық пен шабуыл жасады. Сол күні кеңес үкіметі халықты Отан қорғауға шақырды. Майдан даласына қаншама қазақ азаматтары да, кәмелет жасқа жаңа келген балалар да белін бекем буып өз ұрпағының келешегі үшін аттанды…

Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады. Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті арыға бармай-ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ қазақ балаларының қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді.

Мен де соғыс ызғарына жаурап, жаны тозып, жүрегіне сағыныш сарғайған соғыс жылдарының баласының ұрпағымын. Атам Сағынғали әңгімелері менің есімде мәңгілікке орын тапты, ол кісінің осы бүгінгі Жеңіс күніне жете алмауы, соғыстың денсаулығына салған ақтаңдақтары.

Қазір біз болашағы жарқын, бағыты айқын тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі ұрпақ бұл азаттықтың қалай келгенін әрине біледі. Қазіргі таңда қаншама елдің бірлігінің бұзылған уақытында тату — тәтті ғұмыр кешіп жатқан біздер, шынымен де бақыттымыз. Бұл тәуелсіздік менің Отаныма берілген тәңірдің сыйы. Аналар да, балалар да жыламасын, даламыз жұтамасын. Ұланғайыр кең даламды соғыс өрті шарпымасын.

Сағынғалиева Әсем

Жаңаөзен мектеп-лицейінің

11 «Ә»-сынып оқушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.