Home » Жас қалам » Соғыс жылдарындағы балалар

Соғыс жылдарындағы балалар

Соғыс – адам баласы үшін ең үрейлі, ең қорқынышты сөз.

Таң алдында, тәтті ұйқыда жатқан Отанымыздың шекарасынан ұрланып өткен жау оғымен адам баласының тарихында болмаған бір ғаламат соғыс басталды. Сол күні жау тәтті ұйқыңды ғана бұзған жоқ. Зұлым жау бейбіт өмірге бүлік әкелді. Қыз жігітімен, ана баласымен қоштасты. Қырда қойшы қойын тастады, қолындағы таяғын винтовкаға айырбастады. Ойда диханшы трактордан түсіп, танкіге отырды. Ол кезде бүкіл ел солдат болды. Сол жылдардың бозбала, бойжеткендері ақын болуды, инженер болуды, оқымысты болуды армандаған еді…
Ұлы Отан соғысы тарихының беттерін парақтаған адам жеңіс сағатын соқтыруға Қазақстанның қосқан үлесі телегей-теңіз екенін байқар еді. Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады… Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды… Ішінде ақын да, әншісі де бар еді.

       Отанын жаудан қорғау үшін көп ұлтты кеңес халқының ішінде қазақ халқы ерекше ерліктерімен, аңыздарымен жауға қарсы тұрды. Брест қорғаушыларының өшпес ерлігі мәңгі сақталмақ. Қазақстан жерінде жасақталған И.В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия Москваны қорғауда тарихта болып көрмеген теңдессіз ерліктің үлгісін танытты.

Панфиловшылардың ішінде шын мәнінде болаттай беріктік пен ер жүректілік көрсеткен, өз заманында-ақ аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы да бар еді. Қазақстандық жауынгерлер рейхстагқа шабуыл жасауға қатысты, оның шаңырағына Жеңіс туын алғашқы болып  қазақ халқының даңқты ұлы Рақымжан Қошқарбаев қадады.
Ұлы Отан соғысының шежіресіне Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың, Мәлік Ғабдуллиннің, Бауыржан Момышұлы мен  Талғат Бигельдиновтың  және көптеген жерлестеріміздің аттары алтын әріптермен  жазылды.

От кешіп, қан жұтқан сол бір жылдар барған сайын бізден алыстауда. Майдан мен тылдың аты аңызға айналған ерлері барған сайын азая түсуде. Бірақ олар жасаған Ұлы ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Зұлым жаумен шайқаста әке, аға, бауырларымыз қанын төгіп, қолымыз жеткен Жеңіс шапағы кейінгі ұрпақтарға жетпек. Келешек үшін, дүние жүзілік жаңа жойқын соғысқа жол бермеу үшін бұл туралы ұмытуға болмайды.

Жұмағұлова Ұлан

Жаңаөзен мектеп-лицейінің

11 «Ә» сынып оқушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.