«Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында 3 (базалық) деңгейлік курстан өткен сертификатталған мұғалімдердің кәсіби қызметіндегі сапалық өзгерістерді анықтау мақсатында 2012 жылдан бері сегіз мониторингтік зерттеу жүргізілді.
Жамбыл облысы бойынша сегізінші зерттеуге 193 мектептен 354 сертификатталған мұғалім, 368 мектеп басшылары мен орынбасарлары, 3540 оқушы, 1930 ата-ана қатысты.
Сауалнамаға қатысқан 354 мұғалім ішінде 36(10,2%) – қалалық, 316(89,2%) – аудандық, 2(0,6%) – облыстық білім басқармасына қарасты ұйымдардан.
Сауалнама нәтижелері сертификатталған мұғалімдер сабақ беретін облыс мектептерінің білім беру үдерісіндегі оң өзгерістердің деңгейін анықтауға, сонымен қатар «НЗМ» ДББҰ деңгейлік бағдарламасының идеясын тәжірибеге ендіруге кедергі болатын мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік береді.
Деңгейлік курстан өткен мұғалімдер санының көбеюіне байланысты оқу үдерісіне жаңа оқыту технологиялары белсенді ендіріле бастады. Мұғалімдерден алынған сауалнама көрсеткендей, облыстың сертификатталған мұғалімдері деңгейлік курстан өткеннен кейін оқу үдерісіне үлкен өзгерістер ендіріп жатыр. Мұғалімдердің педагогикалық қызметіндегі сапалық өзгерістер деңгейі оның жеке стилі мен оқыту әдістемесіне едәуір әсер етуде.
Сертификатталған мұғалімдердің сауалнамасынан педагогтердің оқу үдерісіне және сабақты жоспарлауға өзгерістер ендіргенін, мұғалімдердің 100% дұрыс жоспарлаудың оқыту нәтижесіне әсер ететінін көрсетті. 92,94% педагог Бағдарламаның барлық модульдерін сабақта табысты қолданады. Сертификатталған мұғалімдер оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолданады, 48% астам сертификатталған мұғалім оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін жоғары деңгейде қолданады. Оқушыларда коммуникативтік, әлеуметтік және ақпараттық құзіреттіліктерді қалыптастырудың жаңа амалдары өзін-өзі реттеу дағдылары мен оқу үдерісінің практикаға бағытталуына негізделген. Деңгейлік бағдарламалар орталығы жоспарға сәйкес курстан кейінгі іс-шараларды өткізіп отыр, сертификатталған педагогтер белсенді қатыстырылуда. ДБО тренерлері сертификатталған мұғалімдерге жиі, жоспарлы әрі жүйелі түрде әдістемелік көмек көрсетіп отырады.
Бағдарламаның модульдерін қолдануда педагогтерде кездесетін қиындықтар оқу үдерісінің материалдық-техникалық және әдістемелік қамтамасыз етілуімен байланысты. Критериалды бағалауды қолдану мәселесі бұрынғыша өзекті, сауалнамаға қатысқандардың 46,05% ғана критериалды бағалаудың амалдарын жоғары деңгейде меңгерген.
Мектеп басшылары сауалнамасын талдау барсында оң өзгерістер анықталды: басшылар даму жоспарларына сәйкес және әдістемелік бірлестік жұмыстары аясында сертификатталған мұғалімдер өткізетін коучингтерге, шебер-сыныптарға, семинарларға белсенді қатысады. Сауалнамаға қатысқан басшылардың 68% астамы Бағдарламаның тұжырымдамалық идеясын жоғары деңгейде меңгергенін айтқан. Мектеп басшылары Бағдарламаның 7 модулінің идеясын оқу үдерісіне ендіру бойынша жобаның координаторлары болып табылады, кәсіби қауымдастық қызметін басқарады, серіктес мектептермен байланыс орнатады, сертификатталған мұғалімдердің дамушы топтарының қызметін басқарады. Мектеп әкімшілігі сертификатталған мұғалімдердің сабақтарына жүйелі түрде қатысады және жаңаша оқыту амалдарына негізделген сабақтардың ұйымдастырылуында оң өзгерістер тұрақты деңгейде анықталған. Жауаптардың 56% оқушыларды зерттеушілік, креативті және шығармашылық сияқты белсенді қызметтерге қосу арқылы оқуға деген қызығушылықтарының артқаны көрсетілген. Кәсіби қолдау болғанымен, материалдық-техникалық жабдықталу мәселесінің бар екені айтылды. Кей мектептерде сертификатталған мұғалімдер санының аздығы Бағдарлама идеясын жүйелі ендіруге кедергі болып отыр, өйткені оқушыларда білім сапасын тұрақты түрде көтеру үшін және қажетті жаңа дағдыларды қалыптастыру үшін барлық сабақтар жаңаша оқытуға негізделген болуы тиіс.
Ата-аналардың жауаптары мектептегі жаңаша оқыту әдіс-тәсілдеріне, балалардың оқуға деген ынтасының артуына, олардың сабақта белсенділігіне, мұғалімдер мен сыныптастары арасында сенімді қарым-қатынас жасауына қанағаттанатынын көрсетті. Ата-аналардың пікірінше, сертификатталған мұғалімдердің сабақтарында оқушыларда оқуға деген қызығушылықтары, оқу нәтижесін жақсартуға деген ынтасы, қарым-қатынас мәдениеті қалыптасқан.
Оқушылардан алынған сауалнама оң нәтиже көрсетті, нақты айтқанда оқушылардың оқуға деген ынтасы мен қызығушылығының артуы. Оқушылар оқу іс-әрекеттерінің жақсарғанын, топта жұмыс істеуге икемделгенін, ақпаратты өз бетінше тауып, қолдана алуға үйренгенін, топтық және жеке жұмыс жасауға төселгенін, жаңа материалды меңгеруде сыныптастарына көмек көрсете алатынын көрсеткен. Өзін және өзара бағалай алу дағдыларына ие болған.
Мониторинг нәтижесі көрсеткендей, «жаңа» форматтағы мұғалімдердің оқу үдерісіне инновациялық технологияларды ендіруі жүйелі, жоспарлы әрі тиімді жүргізіледі. Мұғалімдер ынтымақтастықтың жұмысы жаңа деңгейіне көтерілген, олар өздерінің педагогикалық ұжымын ғана емес, желілік қауымдастық пен бірлескен іс-шаралар арқылы басқа да серіктес мектептерді қамтиды.
Зерттеу нәтижесінде оң өзгерістер анықталды:
— «НЗМ» ДББҰ тәжірибесін оқу үдерісіне табысты ендіру үшін мектептерде шығармашылық топтар мен сертификатталған мұғалімдердің кәсіби қауымдастықтары жұмыс жасайды;
— мектеп басшылығы сертификатталған мұғалімдерге қажетті кәсіби, ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді. Мектеп басшыларының біразы деңгейлік курстардан өткен және барлық педагогикалық ұжымды оқыту координаторы болып табылады;
— филиалдың Деңгейлік бағдарламалар орталығында сертификатталған мұғалімдермен курстан кейінгі жұмысы жүйелі, жоспарлы әрі үнемі жүргізіледі.
Сонымен қатар оқу процесіне келесі мәселелер әсер етеді:
- шалғай аудандардағы мектептердің материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі жеткіліксіз;
- аудандық (қалалық) әдіскерлер жүктемесінің көптігі мониторингтік зерттеулер мен курстан кейінгі мониторингті өткізуде қиындықтар тудырады;
- критериалды бағалау мәселелері бойынша әдістемелік қолдаудың қажеттілігі.
Ибраимова Гулжан Амангельдиевна
Жамбыл облысы, Тараз қаласы
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты
Мониторинг және талдау бөлімінің бастығы
Арынова Салтанат Аманжоловна
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты
Мониторинг және талдау бөлімінің бас маманы