Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Асхат Жұмабеков — «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығы номинанттары қатарына кірді. «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегі, «Үздік педагог – 2018» республикалық сайысының жеңімпазы бұл дәрежеге өзінің еңбекқорлығы мен білім саласында көрсеткен жоғары нәтижелерінің арқасында жетіп отыр.
«Әлем мұғалімі» сыйлығы — бұл ұстаздарға арналған Нобель сыйлығы. Елімізде алғаш рет бұл марапатты Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры және Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі ұйымдастырды. Әлемдік бұл байқауға Қазақстан алғаш рет қатысады. Отандық ұстаздардың байқауда бақ сынауына Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры төрайымы Әлия Назарбаева мен «Варка» қорының «Әлем мұғалімі» Халықаралық байқауын ұйымдастырушылары арасындағы еікжақты ынтымақтастық туралы меморандумның нәтижесінде қол жеткен.
«Әлем мұғалімі» ғаламдық сыйлығына үміткерлерді марапаттау рәсімі Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақстан» орталық концерт залында өтті. Еліміздегі сайыстың ақтық сынына республикамыздың әр өңірінен 11 мұғалім іріктеліп алынды. Енді олар үстіміздегі жылдың желтоқсан айында халықаралық сарапшылар кеңесінің іріктеу қорытындыларын білетін болады. Нәтижесінде 1 ғана мұғалім таңдалып алынып, әлемнің 50 елінен келетін үздік ұстаздармен сынға түсіп, Қазақстан намысын қорғайды. Асхат Жұмабеков өзіне берілген лайықты номинацияны шараны ұйымдастырушы қор төрайымы Әлия Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның қолынан алды.
— Мен бұл әлемдік байқауға қатысуға 2018 жылдың қазан айының соңынан бастап дайындала бастадым. Отандық білім саласының өзге елдерден еш кем емес екенін сенімді түрде айта аламын. Әлемдік сайыстың әр кезеңіне мұқият дайындалып, олардың тарапынан берілген әрбір тапсырманы тиянақты орындадым. Бұл істе өзім еңбек ететін мектеп ұжымы, оқушыларым атсалысты. Бұл сынға қатысу мен үшін педагогтік қызметімнің жаңа бір белесі деп білемін. «Болашақ» бағдарламасының түлегі ретінде біз өз Отанымыздың өркендеп, дамуына үлес қосуымыз керек. Маған осындай мүмкіндік тудырып отырған ұйымдастырушы қор мен еліміздің Білім және Ғылым министрлігіне алғысым шексіз. Мен өз жетістіктерімнің барлығы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ –да құрылған тиімді басқару мен қалыптасқан менеджменттің арқасында деп білемін. Осы сәтті пайдала отырып, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиноваға, мектебіміздің директоры Бағдан Қайыржановқа, әріптестеріме, оқушыларыма үлкен алғысымды айтқым келеді. Бұл жетңісімді соларға арнаймын, -дейді Асхат Жұмабекұлы.
Ғаламдық мұғалімдер сыйлығының ақтық финалы Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Дубай қаласында 2020 жылдың наурыз айында өтеді.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі