Home » Білім және өнер » Сахна шеберлері – білім ордасында

Сахна шеберлері – білім ордасында

      Ақ Жайық жеріне Алматы төрінен М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры гастролдік сапармен келіп, өнерсүйер көрерменге өздерінің керемет қойылымдарын ұсынуда. Үлкен өнер ұжымының белді актерлары мектеп оқушыларымен де жүздесуге уақыт тауып, олардың ортасынан табылды.

Атап айтқанда, Елбасының «Руxани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған  «Театр – тылсым дүние» атты шараға М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлары, танымал сахна шеберлері: ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Бекжан Тұрыс, театр және кино әртісі Гүлшат Тұтова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Жастар одағы сыйлығының лауреаты Дулыға Ақмолда Дулыға Ақмолда М.Өтемісұлы атындағы облыстық сауықтыру мектеп-интернатының шәкірттерімен кездесіп, олардың түрлі сауалдарына жауап беріп, емен-жарқын әңгімелесті. 

Алдымен сөз алған білім ордасының басшысы Майра Есенғазиева қонақтарға ықылас-құрмет көрсетіп, бүгінде 251 бала тәрбиеленіп жатқан білім ошағынан көптеген дарынды жастардың өсіп-өніп, түрлі салада еңбек етіп жүргендерін айтты. Бұдан әрі мектептің талантты өрендері Пушкиннің «Е.Онегин» мюзиклінен үзінді және «Махамбет» қойылымын көрсетті. Осы кездесуді ұйымдастыруға ұйытқы болған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Динара Кенжебаева кешті жүргізіп, театр тарландары мен балалардың бір-бірін жатырқамай еркін әңгіме-дүкен құруына жол ашты.
Талантты өнер иелері оқушылар сахналаған қойылымға өте жоғары баға беріп, балалардың тіл тазалығына, ой тазалығына, жан тазалығына тәнті болғандарын жасырмады. Сонымен қатар сахна шебері Бекжан Тұрыс өнерге құштар ұл-қыздардың өтінішімен Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Сүрініп кетпе» деген әнді орындап берді. Ойлы дүниені қоңыр даусымен тыңдаушысына жеткізе білген актер бұл кеште өскелең ұрпаққа өзіндік болмысымен ерекше әсер қалдырғаны байқалды. Жалпы мектеп оқушылары қазақ театрының қара шаңырағында қызмет етіп, әр рөлімен көрермен жүрегіне жол таба білген өнер иелерінің айтарына құлақ түрді. Бұл тағылымды кездесу олардың есінде ұзақ сақталары ақиқат.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы»,
БҚО, Орал қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.