Қазақтың сайын даласына «Ұлыстың ұлы күні» де келіп жетті. Алты айға жуық ақ көрпеге оранатын Арқада қардың көбесі сөгіле бастады. Ақ сақалын желбіретіп, демімен ақ қар мен аяз бүріккен қыс қария шапанының етегін жиып, жаңарудың жаршысы ару көктемге орнын босатып, терістікке беттегендей. Күн менен түн теңеліп, «ұзын сары» аяқталуға жақындады. Қала ішіндегі қара жолдың бетіне су иіріле бастады. Сөйтіп Сарыарқаның төсіндегі бас шаһарға наурыз келді. Асығып жеткен көктемге қуансақ та, отыз жыл мемлекетімізді басқарған Елбасының Ақордадан кетуі көңілге аздап сағыныш ұялатқандай. Президентіміз өкілеттілігін тоқтатқанымен оның жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне жасаған жақсылығы, еткен еңбегі мен еккен дәңегінің өлмейтіні хақ. Оған №45 «Самұрық» балабақшасының наурыз мейрамындағы сайысында куә болғандай болдық.
Меңгерушісі Шампетова Құбажай Шаріпбекқызы болып табылатын ұжымның «Наурызға» дайындығы өте жоғары деңгейде болды. Қазақтың бүрмелі көйлегі мен сәукелесін, камзолы мен кәжекейін, шапаны мен бөркін киген ата-аналар, тәрбиешілер және бүлдіршіндер өнер көрсеткен мереке — үш топтың арасындағы сайыс түрінде өтті. Топтарының атына сәйкес «Өнер», «Жібек жолы», «Қара жорға» ауылдары болып жарысқа түскен ата, әже, ана, әпке және тәрбиешілер ұлттық киімдерін киіп құрақ көрпелерге жүресінен қаз-қатар жайғасқан балдырған көрермендер мен қонақтарға өз өнерлерін паш етті.
Алдыменен бәйгеге түскен «Өнер» ауылының өкілдері саумалық айтып, ән шырқады. Би билеп, шашу шашты. Мерей атты бұрымды бүлдіршін атасымен бірге ағаш отырғызып бағбандықтың үлгісін көрсетті. Жетігеннің әуезді үніне ән қосқан Әйгерім қарындасымыз бен қара домбырамен жыр төккен Ерасыл бауырымыз, қаздың балапанындай тізілген балаларды ұлттық аспаптардың құдіретімен баурап «Қарлығаш», «Гүлдариға», «Сәулем-ай» шығармаларын орындады. Кәусәр, Нәби, Санжар, Аделя сынды балақайлар аналары мен тәрбиешілерінің қатысуымен Наурызек құсы жайлы қойылым көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Айару «Наурыз көктем» әнін анасы Шынармен қосыла шырқаса, балаларының тобында сайысқа түскен Диляра «Наурыз биін» әдемі билеп шықты.
Екінші болып өнер көрсеткен «Жібек жолы» ауылы да көсіле шауып сайыс көркін қыздырды. Әуелете ән шырқаған ағалар мен күмбірлете күй шерткен Ерлік Сапабеков пен Ұлжан Садықова бастаған аналар қауымы «Құрсақ шашу», «Есім қою» дәстүрлерінен тамаша сахналық көріністер жасады. Осы балабақшадан түлеп ұшқан Зарема атты жеткіншек скрипкада ойнап, Оспанхан Әубәкіров ағамыздың «Сүттің ұйқысы» әзіл өлеңін актерлік шеберлікпен мәнісіне келтіре оқып талайдың таңдайын қақтырды.
Сайысты қорытындылаған «Қара жорға» ауылы көрерменге көшпелі жұрттың «Көрісу» ғұрпын ұсынып, ауылдың алты ауызын шырқады.
«Бесікке салу» әдебін көрсеткен сексендегі әжеміз шөбересінің шашбауын көтере келген екен. Тал бесікті аластап, сәбидің иткөйлегін көрермен ішіндегі жас келіншекке ұсынған анамыз табан астында импровизация жасап, жиналған қауымның ықыласына бөленді. «Қойшы бала», «Ару қыз» билерін сахналаған Көркем Шолашева мың бұрала тербелгенде, хас шебердің сұлулығы мен сымбатына халық қайран қалды. Ал Кенен атамыздың «Бұлбұлын» аспандата әуелеткен Алуа Қалумбекова аспандағы аққу үніне ән қосқандай болды.
Мерекелік дода салт-дәстүрімізге байланысты сұрақ-жауап ойынымен жалғасып, сынаққа түскен топтар әділ-қазылар алқасын ұтымды жауаптарымен қанағаттандырды. Жарыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды «Өнер» ауылы, екінші орынды «Қара жорға» ауылы, үшінші орынды «Жібек жолы» ауылы иеленді.
Балаларды ұлттық өнердің нәрімен сусындатқан өнерпаздар мен үш топтың тәрбиешілері Күлзада Рахметова, Гүлнұр Құдайбергенова, Гүлзат Таурбаева және Гауһар Молдабекова, Құндыз Бақишева сынды әдіскерлер атсалысып, балабақша меңгерушісі Құбажай Шампетованың ұйымдастыруымен өткен іс-шара жиналған жұрттың көңілінен шықты.
«Ұлтқа қызмет ету білімнен емес мінезден» деп айтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов. Ендеше баланың бойына сарыауыз балапан кезінен бастап, ұлттық құндылықтарымызды сіңіре білсек, ұрпақ тәрбиесіндегі мақсатымызға жеткеніміз.
Өтебай Құрманғазы