Home » Балабақша » «САЛТАНАТТЫҢ» САРА ЖОЛЫ

«САЛТАНАТТЫҢ» САРА ЖОЛЫ

«Біліп айтқан сөзге құн жетпейді,
Тауып айтқан сөзге шын жетпейді.
Өзің білмесең, білгендерден үйрен,
Үйренгеннен ештеңең кетпейді», — депті Төле би бабамыз. «Салтанат» ұйымдастырған семинарға қатысушылардың үйренгені аз болмады.
Сөзіміз айқын болуы үшін әңгімемізді әріден бастайық.
Ағымдағы жылдың 27-наурызында Астана қаласы әкімдігінің №57 «Салтанат» балабақшасы МКҚК «Тапқырлық тапсырмаларды шешу теориясын оқу қызметінде қолдану әдістемесі» («Использование теории решения изобретательских задач при проведении организованной учебной деятельности») атты тақырыпта семинар-практикум өткізді.
Бүлдіршіндердің бақыт мекенін басқаратын Роза Мақсұтқызы Жалпетекова семинар шымылдығын аша отырып, оны өткізудің мақсат-міндетін, балабақша қызметкерлері мен өскелең ұрпаққа берер пайдасын тілге тиек ете келе, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының кластер бағыты бойынша педагогтармен іс-тәжірибе алмасуды мақсат еткен аталмыш шараға Астана қаласындағы бірнеше балабақша меңгерушілері мен «Хабар» агенттігі және «Білім айнасы» газеті тілшілері, сондай-ақ, ата-аналар қауымы мен бүлдіршіндер қатысты.
Аталмыш балабақшаның әдіскері Л.Ж. Аханова «Тапқырлық тапсырмаларды шешу теориясының негізі» атты тақырыпта слайд-презентация көрсетсе, педагог-психолог Ж.У. Ерденбекова «Психологиялық жаттығулар» деген тақырыптағы баяндамасымен таныстырып, келген қонақтар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап берді.
Тапқырлық тапсырмаларды шешу теориясының «Ертегінің мазмұнын өзгерту әдісі» бойынша тәрбиеші-педагог З.М. Иркитбаева керемет логикалық ойын ұйымдастырса, «Эмпатия әдісі» бойынша тәрбиеші-педагог С.К. Жахина интеллектуалдық ойын ұйымдастырып, көпшілік көңілінен шықты.
Ал «Миға шабуыл әдісі» бойынша ағылшын тілі мұғалімі Г.Қ. Танирбердиева әрбір заттың түр-түсі мен атауын үш тілде үйрету арқылы, санаулы уақытта ағылшын тілін санаға сіңірте алды.
Жаттығу барысында «Салтанат» балабақшасымен бірге жетекші және серіктес балабақшалар топ-топқа бөлініп, шағын зертхана жұмыстарын жасау арқылы бір сәт қиялдарына ерік беріп, ойдан ертегі құрастырып, өскелең ұрпақ түгілі ересектер зор ынтамен қызығатын дүние құрастырып шықты.
Бұл педагогтармен тәжірибелік жұмыстарында химия, биология, физика, математика, психология, тәнтану, география сынды ғылымдар қамтылды.
Аталмыш шағын зертхананы ұйымдастырып, оны көпшілік назарына ұсынып, әріптестерімен бөліскен балабақша тәрбиешілеріне жиналған қауым зор ризашылықтарын білдірді.
Шара барысында №89 «Қыз Жібек» балабақшасының меңгерушісі Сәуле Атаканова және келген қонақтар өздерінің алған әсерлерімен бөлісе келе, балабақша ұжымына толағай табыс, жемісті еңбек тіледі.
«Біз бақытты баламыз,
Әсем әнге саламыз!» –
деп әуелете ән салған балғындардың өнері мен қызғалдақтай қыздардың биі көпшіліктің көңілін тағы бір серпілтіп тастады.
Тәуелсіз елде алаңсыз балалықтың бал шырынын татып өсіп жатқан өскелең ұрпағымызға қарап, тәубе дестік.
Семинар-практикум соңы пікір алмасумен қорытындыланды.
Педагогтардың біліктілігі мен білімін арттырып, мектеп жасына дейінгі балалардың интеллектуалдық және шығармашылық дамуына мүмкіндік беретін айтулы шарадан түйгеніміз көп болды.
Бәрінен де «Салтанаттың» тәрбиешілерінің жан-жақтылығы тәнті етті. Әрі әнші, әрі биші, әрі бала жанының бағбаны бола білген сымдай тартылған сымбатты бақша қызметкерлерінің әмбебап өнері қатысушыларды қайран қалдырды.
Балалар үшін барын жасап жатқан «Салтанаттың» қадамына сәттіліктер тілейміз!

 Гүлжазира ЕРТАСОВА,
Білім айнасы газетінің Бас редакторы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Астана

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.